Түркістан облысы: Кентау қаласында мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы аясында 15,1 шақырымды құрайтын 21 көшеге асфальт төсеу жұмыстары жүргізілді

Бұл жөнінде бүгін Түркістан өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Кентау қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы хақында сөз қозғаған шаһар басшысы Жандос Тасов айтты.

 «Биыл инфрақұрылыммен қамту бойынша Шұғыла мөлтекауданында газ, сыртқы су, электр желелілері, автомобиль жолдары, құрылысы аяқталып, 377 жеке тұрғын үй сапалы инфрақұрылым жүйелерімен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, Қарнақ ауылы, Дүйім Тума, Қанайұлы, Маклик учаскелерінде электр желілерінің құрылысы жүргізіліп, 488 жеке тұрғын үй инфрақұрылым жүйелерімен қамтылды» — дейді шаһар басшысы.

Енді инфрақұрылым мәселесіне нақтырақ тоқталсақ. Алдымен — ауыз су бойынша. Кентау қаласы мен оған қарасты ауылдарда абонент саны — 26000. Жалпы ауыз судың тұтыну көлемі – 32000 текше метр/тәулігіне. Жалпы ауыз су құбыры — 1235,6 шақырым. Ауыз су көзі Мырғалымсай кен орны, Біресек-Хантағы және Байылдыр су тоғаны болып табылады.

Кентау қаласының Ащысай ауылын 24 сағаттық ауыз сумен қамтамасыз етуге 76 миллион теңгеге су құбыры тартылды. Нәтижесінде Кентау қаласы мен оған қарасты ауылдар 100% ауыз сумен қамтылып отыр.

Сонымен қатар, қала мен оған қарасты ауылдарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында тозығы жеткен нысандарды жөндеу, күтіп ұстау жұмыстарына 1,2 миллиард теңгеге сметалық құжаттамалар әзірленіп, бюджеттік өтінімдер 2024 жылға ұсынылған.

Келесі — кәріз жүйесі. Кентау қаласының су бұру жүйесінің құрылысы 1955-1960 жылдары жүргізіліп, пайдалануға берілген. Қала көлемінде барлығы 124,215 шақырым кәріз жүйесі — қолданыста. Оның ішінде ескі кәріз желісінің ұзындығы — 97,7 шақырым. Ал жаңа мөлтекаудандардағы кәріз желісінің ұзындығы — 26,515 шақырым. Кәріз су сорғы станциясының өнімділігі — 14,5 мың текше метр/тәулігіне. Қала тұрғындарының 78,1%-ы кәріз жүйесімен қамтылған.

Қала тұрғындарын толық қамту және кәріз су сорғы станциясының өнімділігін арттыру мақсатында «Кентау қаласындағы кәріз су тазарту станциясы мен су тазарту құрылымдарының құрылысы» жұмыс жобасының техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп, жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде.

«Жоба бойынша 140 гектар жер теліміне жаңа кәріз су тазарту станциясы орнатылады. Бұл өз кезегінде қала тұрғындарын кәріз жүйесімен қамтуды ұлғайтады» — дейді Жандос Тасов.

Үшіншісі — табиғи газбен қамту бойынша. Кентау қаласын табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында 3 кезеңге бөлініп, құрылыс жұмыстары 2018-2019 жылдары жүргізілген. І және ІІІ кезең нысандары толық табиғи газбен қамтамасыз етіліп, 14500 абоненттің бүгінгі таңға 7520 абоненті (41,7%) табиғи газ жүйесіне қосылды. ІІ кезең нысанында 3500 абонент бар. Қазіргі таңда нысанның құрылыс монтаждау жұмыстары аяқталып, «КазТрансГазАймақ» АҚ-мен бірлесіп қосу жүргізілуде. Ағымдағы жылдың соңына дейін қала тұрғындарының 52%-ын табиғи газға қосу жоспарлануда. Байылдыр және Қарнақ ауылындарына дейін жеткізуші газ құбырының құрылысына 63,1 миллион теңге қаралып, құрылыс жұмыстар жүргізілуде.

Ал электр желісімен қамту бойынша айтсақ, Кентау қаласы мен оған қарасты елді мекендер толық орталықтандырылған электр желісімен қамтамасыз етілген. Анықтама үшін тарқата айта өтейік, қала аумағында абонент саны — 26000, тұтыну мөлшері — 18-21мВ/сағ. 165,29 шақырым 10/6кВ электр желілері, 381,38 шақырым 0,4кВ әуе электр желілері, 2 дана  220кВ жоғары кернеулі қосалқы станция, 10 дана 110/35/6кВ қосалқы станция, 346 дана 10/6/04кВ трансформатор бар.

«Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің инвестициялық бағдарламасына сәйкес, қала көлемінде әр түрлі кернеуліктегі 12 дана трансформаторды ауыстыру және 15,3 шақырым желіні қайта құру жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар, қала әкімдігінің теңгеріміндегі трансформаторлық қосалқы станциялар мен электр желілерін ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Нысан 2024 жылға өтпелі.

Енді жылумен қамтамасыз ету туралы. 2023-2024 жылдары жылу беру маусымына дайындық барысына тоқталсақ, Кентау қаласында жылыту маусымы 1 қарашадан басталды. Бекітілген кестеге сәйкес бюджеттік мекемелер мен тұрғын үйлерге берілуде. Дәлірегі, 2023-2024 жылдардағы жылу беру маусымында №5 жылу энерго орталығынан 75 бюджеттік мекемеге, 2140 жеке секторлы тұрғын үйге, 346 көп қабатты тұрғын үйге, білім беру саласы бойынша 42 мекемеге (24 мектеп, 15 балабақша, 3 мектептен тыс мекеме), мәдениет саласы бойынша 20 мекемеге, дене шынықтыру және спорт саласы бойынша 13 мекемеге, жұмыспен қамту саласы бойынша 1 мекемеге, денсаулық сақтау саласы бойынша 13 мекемеге жылу беріліп отыр екен. Сонымен қоса, жоғарыда аталған мекемелер толығымен жылыту маусымына дайын.

Осы орайда шаһар басшысы2023-2024 жылдары жылыту маусымына дайындық бойынша атқарылған  жұмыстарды да тілге тиек етті.

«Кентау қаласында орналасқан №5 ЖЭО-ның тозу көрсеткіші 85%-ды құрап, қызыл аймаққа енген болатын. Осыған байланысты Президенттің және облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, №5 ЖЭО-дағы 8 қазандықты жөндеу жұмыстары жүргізу басталған. Оның ішінде 4 қазандыққа (№5, 6, 7, 12) ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, іске қосылды. Бұл қаланы жылумен қамтамасыз етуге қуаты толық жеткілікті. 4 қазандықты қайта құру жұмыс кестесіне сәйкес жүргізілуде. Сметалық құны 13,7 миллиард теңгені құрайды. Бөлінген қаржы – 3 миллиард теңге. Нысан 2024 жылға өтпелі. Қалаға сапалы жылу беру мақсатында 4,4 миллиард теңгеге тозығы жеткен 6,6 шақырым магистралдық жылу жүйелерін және 4 кері сорғы станцияларын қайта құру жұмыстары басталды. 2023 жылға бөлінгені – 3,9 миллиард теңгеге 4,7 шақырым магистралдық жылу құбырлары ауыстырылды. Нысан 2024 жылға өтпелі» — дейді Жандос Тасов.

Ал алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарға келсек, 2024 жылы 14,5 шақырым магистралды жылу құбыры және 81 шақырым ішкі орамдық жылу құбырларын қайта құру жұмыстарын атқару жоспарланып отыр екен.

Кентау қаласының әкімі абаттандыру жайын да айналып өтпеді. 2023 жылы қала бюджетінен 110,0 миллион теңгеге 4 аулаға «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында ойын және спорт алаңшалары орнатылатынын естіп-білдік. Жалпы, Кентау қаласында 56 көп қабатты тұрғын үй ауласы бар. 33 көпқабатты тұрғын үй ауласына асфальт төсеу, балалар ойын алаңшасын орнату және абаттантыру мақсатында жобалау-сметалық құжаттамалар әзірленіп, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынған. Аталған жұмыстардың сметалық құны — 4,8 миллиард теңгеге республикалық бюджеттен қаржыландыруға бюджеттік өтінім ұсынылған екен.

Бұдан бөлек қала көшелерін жарықтандыруды 100%-ға жеткізу мақсатында 2023 жылы сметалық құжаттама әзірленіп, 48,0 миллион теңгеге 26 көшеге 300 дана жарық шам орнату қарастырылған. Нысан 2024 жылға өтпелі.

5 аулаға 58 миллион теңгеге орташа жөндеу жумыстары жүргізіліпті, нақтырағы, асфальбетон төселген.

Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов тұрғын үй саласы бойынша да мол мағлұматпен бөлісті. Атап айтсақ, Кентау қаласы бойынша 383 көпқабатты тұрғын үйдің ішінде 2014-2021 жылдар аралығында 211 үй (5,8 миллиард теңге) күрделі жөндеуден өткен. 2023 жылы 55 көпқабатты тұрғын үйге 1,6 миллиард теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жалпы, осы жылдар аралығында 7,5 миллиард теңге бөлініпті.

Кентау қаласының Алтынсарин көшесіндегі №11 көпқабатты тұрғын үйге сейсмикалық нығайтуга 108,0 миллион теңге қаржы қаралып, жөндеу жұмыстары атқарылуда.

Сондай-ақ, 2017 жылдан 2022 жылға дейінгі аралықта қала аумағында 6 көпқабатты тұрғын үй апатты болып танылып, 47 отбасы тұрғын үй кезегіне тіркелген. Аталған мәселені шешу мақсатында 451,2 миллион теңге қаралып, 47 пәтер коммуналдық меншікке сатып алынып, пәтерлер үлестіріліп беріліп, мәселе толығымен шешімін тапқан.   

Сонымен қатар, қазан айында облыстық бюджетті нақтылау барысында қосымша 46 пәтер сатып алуға 443,6 миллион теңге қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде жыл қорытындысына орай 93 отбасы баспаналы болады.

Қосымша 5 қабатты 60 пәтерлі тұрғын үйінің құрылысы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында басталды. Құрылыс 2024 жылға өтпелі.

Мұнан соң шаһар басшысы жолдың жайын қаузады. «Кентау қаласында 374 шақырым жол болса, оның 70%-ы — қанағаттанарлық жағдайда. 688,0 миллион теңгеге 28 көшенің жолдары жөнделді. Оның ішінде «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында ұзындығы 11,5 шақырымды құрайтын 7 көше жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы аясында 15,1 шақырымды құрайтын 21 көшеге асфальт төсеу жұмыстары жүргізілді. Атқарылатын жұмыстардың нәтижесінде жалпы жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 80%- ға жетті» — дейді Жандос Тасов.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin