Түркістан облысы: Сайрам ауданында 11 миллиард теңгеге 9 жоба іске қосылды

Ауданда жыл басынан жалпы соммасы 11 миллиард теңгеге 9 жоба іске қосылды. Нәтижесінде 279 жұмыс орны құрылды.

Атап айтсақ, күнбағыс майын шығаратын цех, газоблок және темірбетон зауыты, алкогольсіз сусындар шығаратын зауыт, сондай-ақ жылыжай құрылысы.

Іске қосылған жобалардың ішінде «Туран Агро ет-сүт» өндірістік кооперативі бар. Бұл сүт өнімдерін өндіретін кәсіпорынның құны 450 миллион теңгені құрайды. Онда 20 жұмыс орны ашылады.

Бұдан басқа Қайнарбұлақ ауыл округіндегі «Gen Group Kazakhstan» компаниясы 5,3 гектар жерге банан өсіруге арналған жылыжай кешенін салды. Аталған кәсіпорынның Қазақстанда баламасы жоқ. Яғни бұндай кәсіпкерлік нысан тек Сайрам ауданында бар. Жылыжай жылына 1000 тонна банан өндіруге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, «Meat magnat» ЖШС-і 2 мың ірі қара малға арналған бордақылау алаңын салып жатыр, құны — 800 миллион теңге. 10 адам жұмыспен қамтылады деп жоспарланып отыр.

Жыл соңына дейін құны 2,6 миллиард теңгеге 5 жоба іске қосылса, қалған 5 жобаны іске асыру 2024 жылға жоспарланған. Бұл жұмыстар әлі жалғасын табатын болады.

Жалпы, Сайрам ауданы кәсіпкерлікті өркендетуге ерекше мән беріп келеді. Мысалы, Манкентте заңсыз орналасқан кәсіпкерлік нысандар ретке келтірілді. Нақтырақ айтсақ, аудан әкімі Арман Сәбитов Манкент елді мекеніндегі Айнабұлақ көшесі бойындағы шлакоблок өндіретін кәсіпкерлік нысандарды ретке келтіруді тапсырған болатын. Бұл ретте аудан әкімінің орынбасары Мадияр Оразалиев, ауылдық округ әкімі Абдиғани Сайтмуратов, жергілікті учаскелік полиция қызметкерлері, құрылыс, сәулет және қала құрылысы және жер қатынастары бөлімдерінің мамандары  шлакоблок өндіретін 21 кәсіпкерлік нысанды анықтады.

Аралау барысында заңсыз жұмыс істеп жатқан шлакоблок өндіретін 4 орынның иелеріне айыппұлдар салынып, жұмысы тоқтатылды және құжаттарын рәсімдеп, заңдастыруға нұсқама берілді.

Ашық алаңда жұмыс істеп 8 кәсіпорынның иелеріне шлакоблок өндіру алаңшаларын қоршауға алып жұмыс істеуге ескертулер берілді. Кәсіпкерлердің әрбірімен жеке-жеке түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, заңды түрде жұмыс жасаудың маңызды екендігі жеткізілді.

Алдағы уақытта заңсыз жұмыс жасап жатқан кәсіпкерлік нысандарды анықтап, заңдастыру бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізу өз жалғасын табатын болады.

Жалпы, бүгінгі таңда ауданда құрылыс қарқынды жүріп жатыр десек те, аудан аумағында құрылыс заңдылықтарын бұзып салынған кәсіпкерлік нысандар бірталай болып тұр.

Аудан әкімі Арман Сәбитовтың тапсырмасына сәйкес Қарабұлақ ауылдық округ аумағында қызыл сызық нормаларын бұзып жүргізілген 17 құрылыс нысаны анықталған. Оның ішінде 10 объект сүрілген. Ал қалған 7 нысанның 4-еуі айдың соңына дейін алынады.

Айта кетейік, аудан әкімінің орынбасары Мадияр Оразалиев, ТҮКШ жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Б.Бейсембаев, құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Б.Моминжанов және ауылдық округі әкімі К.Абдилахатов Қарабұлақ ауылы орталық Т.Рүстемов көшесі бойындағы қызыл сызықта орналасқан кәсіпкерлік нысандарын аралап, нысан иелеріне қызыл сызықта орналасқан нысандар бұзылуға жататындығы туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізген болатын.

Бұдан басқа аудан әкімі Арман Сәбитов Қарабұлақ ауылдық округі тұрғындарымен кездесуі кезінде халық орталық көше бойындағы «гүл егілген абаттандыру нысандары» алып тастауды өтінген болатын. Бүгінгі таңда «гүл егілген абаттандыру нысандары» толығымен алынып, тұрғындардың өтініші орындалды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin