Түркістан облысы: Ордабасы ауданындағы жылыжай иелері жыл басынан бері 12 700 тонна өнім жинап, 100 тонна қиярды Ресейге экспорттады

Бүгін Ордабасы ауданының орталығы – Темірлан ауылында ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің «Алтын күз — 2023» мерекесі салтанатты түрде аталып өтті. Ерте көктемнен қара күзге дейін дала төсінде тер төгіп еңбек еткен жергілікті диқан қауымның мерекесіне орай шаруалар мен диқандар, аталған салада жүрген кәсіп иелері азық-түлік өнімдерінің жәрмеңкесінде өз өнімдерін ұсынса, асыл тұқымды мал басының, агросекторға қажетті жаңа техникалардың көрмесі ұйымдастырылды.

Күзгі жиым-терім науқанының қорытынды көрсеткіші айқындалатын молшылық мерекесіне аудан әкімі Азат Оралбаев, аудандық мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков, ауыл шаруашылығы саласының ардагерлері, жергілікті мемлекеттік мекеме басшылары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, журналистер қауымы қатысты.

Аудан басшысы мерекеге орай ұйымдастырылған көрмені аралап, азық-түлік өнімдерінің өнімділігі жөнінде шаруалармен пікірлесті. Әсіресе, агро сектордағы, мал шаруашылығы саласындағы тың, жаңа жобалардың жұмысына сәттілік тіледі.

Бірлік пен татулық мекені — Ордабасы өндіріс саласымен қатар ауыл шаруашылығы да қарқынды дамып келе жатқан аграрлы аудан. Ауданның ауылшаруашылығы саласындағы кез келген жетістік бұл шаруалардың, диқандардың адал әрі тынымсыз еңбегінің және мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулардың арқасы деуге болады.

«Алтын күз — 2023» мерекесіне орай ұйымдастырылған шарада аудан әкімі Азат Әбдіғалиұлы барша ауыл шаруашылығы саласының еңбек адамдарын мерейлі мерекесімен құттықтап, ауданның осы саладағы жетістіктеріне тоқталып өтті.

«Барша аудан тұрғындарын берекенің бастауы саналған «Алтын күз» мерекесімен құттықтаймын. Несібесін еткен еңбегінен күткен ордабасылықтар үшін ағымдағы жыл жемісті болып, мол өнімділікке қол жеткіздік. Ауыл шаруашылығы саласындағы негізгі көрсеткіштерге тоқталып өтер болсам, өткен 9 айдың көрсеткішіне сәйкес ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 55,9 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 3,2 миллиард теңгеге артып отыр. Ауыл шаруашылығындағы негізгі капиталға салынған инвестициялар 6,1 миллиард теңгеге жетті. Диқандарымыз ағымдағы жылы 71 544 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастырып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2 001 гектарға ұлғайды», — деді аудан әкімі мерекелік құттықтауында.

Салтанатты жиында аудан әкімі Азат Әбдіғалиұлы жыл бойы адал еңбегімен өз саласында жетістікке жеткен, мол өнім алып, ауылдастарға үлгі болған үздік шаруа қожалықтарын, ауыл окуг әкімдіктерін, үздік ауыл шаруашылық мамандарын марапаттады.

Айта кетерлігі, ауданымызда егістік жерлерді тиімді пайдалану мақсатында 1 алқаптан жылына 2-3 рет өнім алу жобасы қолға алынуда. Биыл аудан аумағындағы 409 гектар жерге 141 шаруа қожалығы өнімдерін егіп, нәтижесінде бірінші дақылдан 9 854,5 тонна, екінші өнімнен 6 698,2 тонна өнім жиналды.

Сондай-ақ, жыл басынан бері 12,3 гектар жерге жылыжай құрылысы жүргізіліп, аудандағы жалпы жылыжайдың көлемі 105,9 гектарды құрап, 12 700 тонна өнім жиналып, 100 тонна қияр Ресей мемлекетіне экспортталған.

Мемлекет басшысының қолдауымен жүзеге асып жатқан ауыл халқының әлеуетін арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасының Ордабасы ауданындағы көрсеткіші жақсы деп айтуға болады.

Ауданда жоба аясында скрининг жұмыстары жүргізіліп, «Ауыл аманаты» пилоттық жобасының І-ші кезеңіне Бадам және Шұбар ауылдық округтері, ал ІІ-ші кезеңіне Қараспан және Бөржар ауылдық округтері енгізілді. Жобаны іске асыратын 4 ауылдық округтен 8 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды.

Шаруаларды толғандырған мәселенің бірі — ағын суды тиімді пайдалану бойынша ауданда биыл 1 031 гектар егістік алқапқа жаңбырлатып суғару әдісі ендірілсе, заманауи, әмбебап 115 бірлік техника сатып алынды.

Жиын соңы аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының қойған концерттік бағдарламасына ұласты.

Салтанатты жиында ауыл шаруашылық саласындағы жетістіктермен қатар Орталық алаңда қазақы үйлер тігіліп, ұлттық спорт түрінен ойындар көрсетілді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin