Түркістан облысы: Келес ауданында жүзім егуге ынталы кәсіпкер аудан басшысынан жер телімін сұрады

Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылады. Қабылдауға жазылған азаматтардың дені жер мәселесін көтеріп келсе, жұмысқа орналасу және кәсіпкерлікпен айналысуға ниетті азаматтар да өз өтінішін жеткізді. Аудан басшысы Жәнібек Есенұлы жер мәселесі заң шеңберінде терең зерделеніп шешілетінін айтты.

— Жер мәселесі — өте күрделі процесс. Бұл жұмысты атүсті қарауға жол берілмейді. Өткен кезеңдерде жол берілген қателіктер бойынша түзету жұмыстары жүргізіледі. Ол үшін тиісті мамандар мәселенің басына барып, өздеріңізбен бірлесе қарайды. Өз кезегінде тұрғындар мен шаруалар да құжаттандыру жұмыстарына бейжай қарамай, заң нормаларына сәйкес жұмыс атқару талап етіледі, — деді аудан басшысы.

Қабылдауға жазылған тұрғындардың қатарында жұмысқа кіргізуді сұранған азаматтар да болды. Ол бойынша аудандық Мансап орталығы бойынша бос жұмыс орындарының тізбесі ұсынылып, көкейіндегі жұмысты табуға сүйемелдеу жұмыстары жүргізіледі.

Сонымен қатар жүзім егемін деген кәсіпкер жер телімін сұрады. Аудан басшысы заң талаптары негізінде кәсіпкердің сұранысы қанағаттандырылатынын жеткізді.

Жер демекші, Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы мақсатына беріліп, игерілмей жатқан жер учаскелерін мемлекетке қайтару туралы тапсырмасына сәйкес, Келес ауданында 12 008,97 гектар жер учаскесі ауданның арнайы жер қорына енгізілді. Сонымен қатар, тұрғындардың жеке ауладағы ауыл шаруашылығы жануарларын жаю үшін халықтың жайылымдық алқаптарға деген мұқтажын қанағаттандыру мақсатында 4 370,70 гектар және 1 880,0 гектар жер учаскелері мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару жөніндегі аудан әкімдігінің қаулылары қабылданып, аудандық маслихаттың тұрақты комиссиясында қаралды.

Нәтижесінде жер пайдаланушылар өз еріктерімен 883 гектар жайылым жер учаскелерінен бас тартып, ауданның арнайы жер қорына қайтарылды. Басқа жер учаскелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр. Бұл туралы аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Абай Молданов мәлімдеді.

— Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 43-1-ші бабының 20-шы тармағына сәйкес ауыл шаруашылығы жерлерін бұрыннан жалға алған жер пайдаланушылар мен конкурс арқылы жеңімпаз атанған жер пайдаланушылардың жерді пайдалану жөнінде қабылдаған міндеттемелерін орындауына, жалға алудың алғашқы бес жылында жыл сайын және суармалы ауыл шаруашылығы алқаптарында – әр үш жыл сайын, суарылмайтын ауыл шаруашылығы алқаптарында әр бес жыл сайын мониторинг жүргізілуі тиіс. Осы мәселе бойынша аудан әкімінің өкімімен жұмысшы топ құрылып, ауылшаруашылығы жер учаскелеріне мониторинг жұмыстары жүргізілуде, — деді Абай Молданов.

Айта кетейік, Келес ауданының жалпы жер көлемі 345 129 гектар болса, оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер 234 731 гектарды құрайды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin