Түркістан облысы: Сайрам ауданының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер жыл басынан 103,2 миллиард теңгенің өнімін өндірді

Бүгін Сайрам ауданында Қ.Жандарбеков атындағы мәдениет үйінде дәстүрлі «Алтын күз-2023» ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің мерекесі атап өтілді. Аталған шара Мәртөбе алаңындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесімен бастау алды. Онда әр ауыл округтерінен шаруалар мен диқандар, аталған салада жүрген кәсіп иелері жұртшылыққа өз өнімдерін ұсынды. Сондай-ақ асыл тұқымды төрт түлік өсірушілердің көрмесі де ұйымдастырылды.

Іс-шараға қатысқан аудан әкімі Арман Сәбитов ауданның ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік саласында елеулі үлес қосқан сайрамдықтарды құттықтап, марапаттады.

— Бүгін ауданымызда ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің дәстүрлі «Алтын күз — 2023» мерекесі атап өтілуде. Атаулы мерекеге ағымдағы жылы аудан еңбеккерлері үлкен жетістіктермен жетіп отыр. Ауыл шаруашылығы саласында жыл басынан 103,2 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, облыстағы өнім көлемінің 12,8%-ын құрап, бірінші орынға табан тіредік. Шаруалардың еңбекқорлығының арқасында өнім көлемі өткен жылдың 9 айымен салыстырғанда 8,1 миллиард теңгеге артқан. Құрметті ауыл шаруашылығы еңбеккерлері!

Ағымдағы жылғы ауыл шаруашылығы саласының жетістіктеріне осы мерекеге қатысып отырған аудан еңбеккерлерінің үлесі зор деп есептеймін. Сіздердің көп жылдық еңбек, тәжірибелеріңіздің болашақ ұрпақтарды еңбекке баулудағы рөлі орасан және алдағы уақытта Сіздердің қолдауларыңызбен толағай жетістіктерге жететіндігімізге сеніміміз мол» — деді аудан басшысы.

Бұл күні ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік саласының дамуына елеулі үлес қосып отырған, сапалы өнім өндіру, өнім көлемі, қайта өңдеу, жобаны іске асыру жағынан жоғары көрсеткіштерге жеткен үздік ауылдық округтері, сондай-ақ озат атанған шаруалар, кәсіпкерлер, сала мамандары марапатқа ие болды.

Айта кетсек, ауданның ауыл шаруашылығы саласындағы кез келген жетістік бұл — шаруалардың, диқандардың адал әрі тынымсыз еңбегінің және мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулардың арқасы.

Мерекелік шара концерттік бағдарламаға ұласып, өнерпаздар ән-билерімен көпшілікті өздеріне тәнті етті.

Еске салайық, бүгінгі таңда бірлік пен татулық мекені саналатын Сайрам ауданында 235 мыңнан астам халық тұрып жатыр, 11 ауылдық округ, 42 елді мекен бар. Бұл дегеніңіз облыс халқының 11%-н құрайды. 2023 жылдың 9 айында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында тұрақты серпін сақталып, барлық көрсеткіштер жоспарға сәйкес орындалды, жыл қорытындысына орай да орындалуы күтілуде. Басты көрсеткіш — жалпы өңірлік өнім көлемі ағымдағы жылдың 9 айында 185 миллиард теңгеге жетіп, өсім 103,3%-ды құрады. Жалпы өнімнің ішінде 56%-ы ауыл шаруашылығы саласына тиесілі болса, 18,3%-ы — өнеркәсіп саласына, 18,5%-ы — сауда саласының үлесінде. Биыл жалпы өнімді 255 миллиард теңгеге және 5,8%-ық өсімге қол жеткізу жоспарланып отыр (2022 жылы — 241 миллиард теңге).

Өнеркәсіп саласында жыл басынан 33,9 миллиард теңгенің өнімі өндірілген, оның ішінде 27,6 миллиард теңгесі өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Өнеркәсіпте өндірілген өнім көлемі 3 жылда 1,7 есеге артып, бүгінде облыстың өнеркәсіп өнім көлемі бойынша аудан — үшінші орында. Ағымдағы жылдың 9 айында ауданға 38,9 миллиард теңге инвестиция тартылып, былтырғы 9 айымен салыстырғанда өсім 18,3%-ды құрап, 6,0 миллиард теңгеге артты. Тартылған инвестицияның 89%-ы жеке инвестиция болса, соңғы үш жылда бұл көрсеткіш 2 есеге артты. 2023-2024 жылдарға ауданда 75 миллиард теңгеге 19 инвестициялық жоба іске асып, 886 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Оның 12-сі — өңдеу бағытындағы іске асатын жобалар. Жыл басынан 11 миллиард теңгеге 9 жоба іске қосылып, 279 жұмыс орны ашылды (күнбағыс майын шығаратын цех, газоблок және темірбетон зауыты, алкогольсіз сусындар шығаратын зауыт, жылыжай құрылысы). Іске қосылған жобалардың ішінде «Gen Group Kazakhstan» компаниясы Қайнарбұлақ ауыл округінде 5,3 гектар жерге банан өсіруге арналған жылыжай кешенін салды. Аталған кәсіпорынның Қазақстанда баламасы жоқ. Яғни бұндай кәсіпкерлік нысан тек Сайрам ауданында бар. Жылыжай жылына 1000 тонна банан өндіруге мүмкіндік береді.  Жыл соңына дейін құны 2,6 миллиард теңгеге 5 жоба іске қосылса, қалған 5 жобаны іске асыру 2024 жылға жоспарлануда.

Оның ішінде, ірі жобалар: «Туран Агро ет-сүт» өндірістік кооперативі сүт өнімдерін өндіреді, құны — 450 миллион теңге, 20 жұмыс орны ашылады. «Meat magnat» ЖШС-сі 2 мың ірі қара малға арналған бордақылау алаңын салып жатыр, құны -800 миллион теңге,  10 адам жұмыспен қамтылады. «Samid Master» ЖШС-сі ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін зауыт құрылысы, жобаның құны — 650,0 миллион теңге, 20 адам жұмыспен қамтылады. Нәтижесінде 50 адам жұмыспен қамтылатын болады.

Сонымен қатар, «Агроөнеркәсіптік индустриялды аймағын құру үшін жер учаскесін резервте қалдыру туралы» аудан әкімдігінің қаулысы қабылданып, тұжырымдама жобасы (концепция) әзірленуде. Алдағы уақытта осы жер учаскесіне инфрақұрылым жүйелерін жүргізу мәселесі шешіледі. Индустриялды аумағында инвестициялық жобаларды орналастыру үшін тізімдері анықталуда. Іске асқан жобалар ауданның өндірістік әлеуетін арттыру және шағын кәсіпкерліктің дамуына септігін тигізері сөзсіз. Өздеріңізге белгілі, Сайрам – шағын және орта кәсіпкерлігі дамыған аудан. Кәсіпкерліктің басым бөлігі ауыл шаруашылығы бағытында болса, одан бөлек сауда және қызмет көрсету салаларын қамтиды. Бүгінде жұмыс істеп тұрған шағын кәсіпкерлік субъектілерінің саны былтырғы жылмен салыстырғанда 25,4%-ға артып, 21 701 бірлікті құрады. Оның 53%-ы — жеке кәсіпкерлер. Олар аудан экономикасының дамуына өлшеусіз үлес қосып келеді.

Жыл басынан шағын кәсіпкерлік субъектілерімен 68,2 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, қызметтер көрсетілген. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасымен 26 кәсіпкерге 1,4 миллиард теңге көлемінде қолдау көрсетілген. Ағымдағы жылдың 10-17 қазан айының аралығында ауданнан 5 кәсіпорын басшылары Қытай еліне өз кәсіптерін ұлғайту, қажетті құрал-жабдықтарды алу және тәжірбие алмасу мақсатында барып қайтты. «ART Boilers»  ЖШС-і басшылары Қытай еліндегі жылу қазандықтары бойынша Шанхай қаласының «Shanghai Boiler Works Co.,Ltd» ірі компаниясымен келісім жасады, Гуандонь қаласындағы ірі жылыту  қазандықтарымен (20 тонналық пармен жылыту) айналысатын «SNDWAY NEXHOLOGY CO.,LTD» компаниясына 17 тонна пар шығаратын қазандықтар алуға және бірлесіп мамандарымен тәжірибие алмасу жұмыстарын жүргізуге меморандумға тұрды. «Ет Агро Манкент» ӨК-і (құны 330,0 миллион теңге) және «Тұран агро Ет-сүт» АШӨК (құны 321,0 миллион теңге) мал бордақылау кешені, мал сою алаңы, етті терең өңдейтін цех құрылысы және қанды өңдеу кәсіпорындары құрылысын жүргізуге «ZHONG BANG HAO TONG» компаниясымен құрал-жабдықтарды сатып алуға ынтымақтастық туралы келісімге тұрды.

ЖК «Убаев Жахангир» «Ауыл шаруашылығы жануарларын сою кезінде қалған қосалқы өнімдерін қайта өңдеу» жобасын жүзеге асыру мақсатында «Zhucheng Xinshengyuan Machinery Co., Ltd.» компаниясымен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Жоба құны — 260,0 миллион теңге. «Kuzov-Karabulak» ЖШС-гі кәсіпорынды кеңейтуге құрал-жабдықтар алу үшін «LIANGSHAN LUHENG TRAILER PARTS CO.,LTD» компаниясымен келісімге келіп, жылына 500,0 миллион теңге шамасында автобөлшектер алуды жоспарлап отыр.

Сайрам — ауыл шаруашылығы өркендеген ең іргелі аграрлы аудандардың бірі. Ауыл шаруашылығы саласында жыл басынан 103,2 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, облыстағы өнім көлемінің 12,8%-ын құрап, бірінші орында. Шаруалардың еңбекқорлығының арқасында өнім көлемі былтырғы жылдың 9 айымен салыстырғанда 8,1 миллиард теңгеге артқан.  Биыл 9 айда егін шаруашылығында 43,7 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, 52,8 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді (18,0 мың гектар күздік бидай, 4,9 мың гектар арпа, 7,7 мың гектар майлы дақылдар, 11,9 мың гектар мал азықтық дақылдар, 5,9 мың гектар көкөніс, 3,9 мың гектар картоп егілген). Бүгінгі таңда күздік бидай толығымен жиналды.

Жылыжай шаруашылығын дамыту бойынша биыл 17,2 гектар жылыжай іске қосылып, жоспар 101,8%-ға орындалды (жоспар — 16,9 гектар). Нәтижесінде барлық жылыжайлар көлемі 75,7 гектарға жетті. 56 агроқұрылымда қосымша 101,8 гектарға тамшылатып суғару әдісі ендіріліп, тапсырма 101,8%-ға артығымен орындалды (жоспар — 100 гектар). Нәтижесінде тамшылатып суғару әдісі енгізілген жалпы жер көлемі 630,8 гектарға жетті. Ауданда мал шаруашылығы жақсы дамыған, ауыл шаруашылығы өнімінің 59,2 миллиард теңгесі немесе 57%-ы мал шаруашылығында өндірілген, өсім 18,9%-ды құрап отыр. Барлық шаруашылықтарда мал басы көбейген, ет өндірісі — 8,2%-ға, сүт 2,7%-ға артты. Ауданда 1042 мал бордақылау орындарында бір мезгілде 42 мың бас мал бордақылауға мүмкіндігі бар. Өздеріңізге белгілі аудандағы мал бордақылау алаңдарының жұмысы сынға алынған болатын.

11 мал сою орнының санитарлық талаптары сақталмағаны анықталған, 3-еуі жабылған, қалған 8 мал сою алаңдарын заман талабына сай ретке келтіру бойынша жұмыстар жүргізілді. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес санитарлық нормаларды сақтау мақсатында Қарабұлақ ауылында жеке кәсіпкер есебінен Беккари шұқыры дайындалып, қан төгу орны жұмыс істеп тұр. Облыс әкімі шілде айында аудан кәсіпкерлерімен кездесіп мал қалдықтарын терең өңдейтін зауыттарды салу бойынша аудан кәсіпкерлерінің бірнеше ірі жобаларымен танысқан болатын.  

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin