Түркістан облысы: Шардара ауданында балық шаруашылығы қарқынды дамып келеді

Шардара ауданында мемлекеттік бағдарламалар аясында балық шаруашылығы қарқынды түрде дамып келеді.

Аудан тұрғыны Жасұлан Тұрсынбаев жыл басында балық шаруашылығын бастау мақсатында «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының Шардара ауданындағы филалына барып, «Ауыл аманаты» бағдарламасы туралы түсіндірме жұмыстарымен танысқан.

Сонан соң жас кәсіпкер тізімде көрсетілген барлық құжаттарды жинақтап, «Ырыс» микроқаржы ұйымы арқылы өтінім білдіріп, 8 550 000 теңге көлемінде жеңілдетілген 2,5% несиеге қол жеткізді. Ол аталған қаржының 2 800 000 теңгесін 10 000 бас шабаққа, қалған 5 750 000 теңгеге өз қаржысынан 7 510 000 теңге қосып, жалпы сомасы 13 260 000 теңгеге 25 500 келі жем сатып алған. Бүгінде баптап отырған балық түрлері сазан (карп), толстолоб пен ақ амур экожүйе үшін жіберілген. Қазіргі таңда ауданда балық өсіру жұмыстары біршама қарқындаған.

Кәсіп демекші, бүгін аудан әкімі Арман Қарсыбаев тұрғындарға жеке қабылдау өткізді. Қабылдауға жауапты аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары мен қала, ауыл әкімдері қатысты. Тұрғындар тарапынан тұрғын үй кезегінің мәселесі, денсаулығына байланысты жәрдем беру мәселесі, атаулы әлеуметтік көмек алу, кезекпен тұрғын үй алу, жұмыспен қамту, мүмкіндігі шектеулі жандарға қосымша жәрдем беру, тұрғын үйге газ кіргізу, көпқабатты үйлерге газ жүргізу мәселесі, ойын алаңшасын жөндеу, кәріз, Қастеев көшесін асфальттау, интернет мәселесі, ауыз су, кезекпен тұрғын үй алу мәселесі, тұрғын үй кезегіне тұру, жайылымдық жер алу, жеке тұрғын үй учаскесінің мәселесі, индустриялды аймаққа кәсіптік нысан салу, Әсемай мөлтекауданынан оқушыларды тасмалдау мәселесі, көшеге жарық қою және өзге де әлеуметтік мәселелер айтылды.

Аудан басшысы тұрғындар тарапынан көтерілген сауалдарға заңды жауап беріп, тиісті мекемелерге туындаған мәселелерді анықтап, шешу жолдарын талқылап, оңтайлы жағын қарастыруды тапсырды.

Сондай-ақ кәсіп ашу мәселесі Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаев 2023 жылғы IV—ші тоқсанда атқарылған жұмыстар бойынша есеп беру кездесуінде де тілге тиек етілді. Мәселен, аудан әкімі кездесуді Достық, Ақшеңгелді, Сүткент, Қызылқұм және Көксу ауылдық округтерінде өткізді. Кездесу барысында әр ауылдық округ бойынша тұрғындар тарапынан мәселелер айтылып, сауалдар қойылды. Аудан әкімі әр ауылда көтерілген сұрақтар мен ұсыныстарды зерделеп, сол бойынша жоспарлар құрып жұмыс жүргізетінін жеткізді.

Атап айтқанда, Достық ауылындағы ауыз су; Ақшеңгелді ауылында жекеменшік канал мәселесі; Қызылқұм ауылынан мәдениет үйі мен жайылымдық жер мәселелері көтерілді; Сүткент ауылынан ПУИД бағдарламасымен каналдарды бетондау, ауылды абаттандыру, жаңадан әкімдік ғимаратынан салу, егістік жер; Көксу ауылынан мақта мәселесі, ауыз су босату кестесін реттеу, ағын су төлемақысы, 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие арқылы кәсіп жасау, салынған нысандардың сапасын бақылау, жеңілдетілген дизель отын, бірқатар ағын су қашыртқыларын тазалату, көгалдандыру және басқа да мәселелер көтерілді.

«Өздеріңізге мәлім, жақында ғана аудан әкімінің сайлауы болып, енді жұмысты бастап жатырмын. Сондықтан өздеріңізбен жүзбе-жүз жолығып, тұрғындармен еркін пікір алмасып, маңызды мәселелерді талқылаудамын. Себебі ауылдардағы проблемаларды жергілікті тұрғындар, яғни сіздер жақсы білесіздер. Алдағы уақытта ауылдық округтерді абаттандыру, жарықтандыру, жол салу, жаңа инфрақұрылым тарту, егістік алқапқа жағдай жасау жұмыстары жүзеге асады. Біз үшін әр тұрғынның мәселесі маңызды. Сондықтан әрқайсысыңыздың мәселеңізді тыңдап, оны шешу бойынша тиісті жұмыстар атқарамыз» — деді Арман Романұлы.

Аудан әкімі әр елді мекендегі проблемалық мәселелерді саралап, шешу жолдары мен мерзімдері бойынша қосымша түсіндірді. Сонымен қатар, жеке қабылдауға жазылған тұрғындарды да қабылдап, мәселесін тыңдады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin