Бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясын ұйымдастыру бойынша арнайы жиын өткізді. Онда қала аумағында тазалық шараларын тиімді ұйымдастырудың тетіктері қарастырылып, өзекті мәселелер пысықталды.
Республикалық экологиялық акциясын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді. Акция аясындағы атаулы 5 аптада тұрғындар, қоғам белсенділері, ұйымдар, кәсіпорындар өздеріне тиесілі аумақтарды, аулаларды тазартады. «Киелі мекен» шарасы аясында тарих және мәдениет ескерткіштерінің аумағына абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, «Жасыл аймақ» аптасында ағаш көшеттері отырғызылады. Ал «Өнегелі ұрпақ» аптасы ардагерлердің аулалары мен қарттар үйлерінің аумақтарын тазалаумен ерекшеленсе, «Мөлдір бұлақ» шарасы шеңберінде су айдындарының жағалауы қоқыстан тазартылады.
Қала әкімі жауаптыларға белсенді азаматтармен тығыз жұмыс жүргізіп, жергілікті халықты сенбіліктерге тартуда нақты тапсырмалар берді. Бұл бағыттағы шаралардың тұрғындар жауапкершілігін арттырып, қала тазалығын жақсартуда маңызы зор.
Тілге тиек етейік, бүгінгі таңда мегаполисте 8 саябақ, 39 гүлзар бар. Шымкент қаласының жайлы ортаны дамыту басқармасының мамандарының айтуынша, 30 жыл ішінде экология саласында көп жұмыс атқарылды. Статистикаға сәйкес, еуропа елдерінде әр адамға 24 шаршы метр жасыл желек келеді. Шымкентте әзірге 5-6 шаршы метр. Жан басына шаққандағы жалпы стандарт бойынша жасыл желектер кемінде 10 шаршы метр болуы керек. Қала әкімдігі қызметкерлерінің жоспарлары бойынша, қаланы көгалдандыруға және абаттандыруға байланысты әзірленген арнайы бағдарламаға сәйкес, 2025 жылға қарай қосымша 23 гүлзар, 4 саябақ салынады!
Биылғы көктемде Шымкентте сәндік және жеміс ағаштарының 120 мыңнан астам көшеттерін және орман алқаптарында тағы 20 ағаш отырғызу жоспарлануда.