Түркістан облысы: Отырар ауданындағы халықпен кездесуде ауыл тұрғындары каналдарды тазалау, тоспаларды жөндеу мәселелерін қозғады

Отырар ауданында бұқаралық спортты дамыту мақсатындағы жүйелі жұмыстар жалғасын тауып келеді. Қарақоңырлық тұрғындардың көптен бері көкейінде жүрген мәселелердің бірі ауыл жастарының бос уақытын тиімді пайдалану үшін жабық спорт залын салу болатын. Ән падишасы Шәмші Қалдаяқовтың жерлестерінің бұл мәселесі шешімін табатын күн де алыс емес. Ағымдағы жылы облыстық бюджет қаражаты есебінен Ш.Қалдаяқов ауылында шағын футболға арналған жабық спорт залының құрылысы аяқталады деп күтілуде.

Орайы келгенде еске салайық, бүгінгі таңда Отырар ауданында 3 спорт мектебі және 1 Отырар спорт клубы жұмыс істеп тұр. Жалпы спорт мектептерінде 19 спорт түрінен 227 үйірмеде 2887 балаға 116 жаттықтырушы жұмыс атқарады.

2023 жылдың есепті мерзімінде бұқаралық спортты дамыту мақсатында аудан аумағында спорттың 19 түрінен 170 республикалық, облыстық және аудандық деңгейдегі іс-шаралар өткізіліп, оған 22 085 адам қатысты. Ауданда дене шынықтыру және спортпен шұғылданатын барлық жастағы тұрғындар саны тұрақты 21 900 адамға жетіп, бұл аудандағы жалпы халықтың 42,4 %-ын құрап отыр.

Белбеу күресінен Астана қаласында өткен әлем чемпионатында Тұрмаханбет Қалмұхан әлемнің 2 дүркін чемпионы, Грузия мемлекетінің Тбилиси қаласында өткен Унифайт жекпе–жек спорт түлерінен Әлем чемпионатында Аңламас Ислам классика және лайт түрлерінен 2 дүркін әлем чемпионы, Самбо күресінен Атырау қаласында өткен Азия кубогында Бәтен Мұхаметжан қола жүлдегер атанды.

Қарақоңыр ауыл округінің тұрғындарымен өткен кездесу жиынында аудан әкімінің міндетін атқарушы Жансұлтан Әділжанұлы Сейтжанов аудан көлемінде өткен жылы атқарылған жұмыстарды баяндай келе, алда тұрған міндеттер мен атқарылатын жұмыстарды атап өтті.

2024 жылы Шәмші ауылындағы — Қайнар, Қостүйін елді мекеніндегі — Әшірбеков, Ержанов, Бестораңғыл елді мекеніндегі — Д.Шырынбеков, Арыс елді мекеніндегі У.Ілиясов көшелеріне жергілікті бюджет қаражаты есебінен ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілсе, «Ауыл — ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында ауыл округіне қарасты Әділет, А.Паржанов, А.Мақатов және Көктем көшелері орта жөндеу жұмыстарынан өтеді.

Көше демекші, 2023 жылы «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында
518,4 миллион теңгеге 19,6 шақырымды құрайтын 10 ішкі көше және жергілікті бюджет қаржысы есебінен 417,9 миллион теңгеге 24,3 шақырымды құрайтын 17 көше орта жөндеуден өткізілген екен.

Облыстық маңызы бар КХ-190 «Түркістан-Шәуілдір-Төрткөл» автокөлік жолының 32-101 шақырым аралығына (70 шақырым) күрделі жөндеу жұмыстары 4 кезеңге бөлініп атқарылу үстінде.

Анықтама үшін айта кетейік: аудан көлеміндегі жалпы автокөлік жолдарының ұзындығы 863,25 шақырымды құрайды. Оның ішінде 587,83 шақырым жол — қанағаттанарлық жағдайда (68 %).

Атап айтсақ:

— облыстық маңыздағы жолдар — 325,9 шақырым, қанағаттанарлық жағдайдағысы — 192,28 шақырым (59%);

— аудандық маңыздағы жолдар — 109,65 шақырым, қанағаттанарлық жағдайдағысы — 90,15 шақырым (82,22%);

— ішкі көшелер — 427,7 шақырым, қанағаттанарлық жағдайдағысы — 305,4 шақырым (71,4%). Оның ішінде:

— асфальт көше — 305,4 шақырым;

— тас көше — 55,6 шақырым;

—    топырақ көше — 66,7 шақырым.

Кездесуде ауыл тұрғындары каналдарды тазалау, көшелер мен тоспаларды жөндеу, жарықтандыру секілді кезегін күткен өзге де мәселелерді қозғап, бұл сауалдарға тиісті мамандар тарапынан тұщымды жауаптар қайтарылды.

Каналдарды тазалау дегеннен шығады, Отырар ауданында су шаруашылығы нысандарының техникалық жай-күйін жақсарту арқылы су тұтынушыларға тұрақты ағын су жеткізу мақсатында 2024 жылға бірқатар каналдар бойынша жөндеу жұмыстары жоспарланып, жүзеге асырылып жатыр. Атын атап, түсін түстеп айтсақ.

  • Д.Алтынбеков каналын механикалық тазалау – 9,0 шақырым, орындалып қойды;
  • Ақкөл каналына бас тоспа орнату – 1 дана;
  • Көкмардан каналын механикалық тазалау – 13,8 шақырым, орындалып қойды;
  • Қызылту насос станциясын ағымдағы жөндеу – 50 текшеметр тонна/бетон, жұмыс жүріп жатыр;
  • Су сорғы құрылғыларын жөндеу – 15 комплект, қажетті қосалқы бөлшектер алынып, өз күшімізбен жөнделеді;
  • Сулы каналын механикалық тазалау – 4 шақырым;
  • Беларық каналын механикалық тазалау – 3 шақырым, орындалып қойды;
  • Сумағар каналын механикалық тазалау – 6 шақырым, орындалып қойды;
  • Қонай каналын механикалық тазалау – 2 шақырым.

Осы ретте Еуропалық қайта құру және даму банкі арқылы іске асырылып жатқан жобалар хақында да мәлімет бере кетсек. Алғашқысы — «Шәуілдір үстеме каналының» 2-кезең жобасы. 2024 жылғы 10 қаңтардан бастап Еуропалық қайта құру және даму банкі ЕСЕРР порталында мердігер мекемені анықтау үшін конкурс жарияланды. Мердігер мекемені анықтау рәсімделген уақытқа сәйкес анықталады. Қазіргі таңда құжаттарының техникалық ерекшеліктерге сәйкестігін анықтау бойынша жұмыстар жүргізілу үстінде. Екіншісі,  Шәуілдір суармалы алқабының мелиоративті жағдайын жақсарту бойынша атқарылып жатқан шаруалар. Тапсырыс беруші «Қазсушар» РМК бұйрығына сәйкес, орындалған және қалдық жұмыстарға кешенді тексеру жүргізіліп, нысанның құрылысы аяқталмаған ретінде қабылдауға тексеру актісі әзірленді. «Қазсушар» РМК тарапынан құрылыс жұмыстарын қайта бастау 2024 жылдың 3-тоқсанына жоспарланып отыр.

Ал жарықтандырудың жайына келсек, Отырар ауданындағы 38 елді мекен (100,0%) орталықтандырылған электр желісіне қосылған. 2023 жылы 6 елді мекендегі 9 көшені (Көксарайдан — Аққұм ауылы бағыты 2 шақырым, Көксарай елді мекеніндегі — Сеңгірбеков көшесі, Аққөл елді мекеніндегі — Азаматов көшесі, Сарыкөл елді мекеніндегі — Ш.Қалдаяқов көшесі, Арыс елді мекеніндегі — Ағыбаев көшесі, Шәуілдір ауылындағы — Төлбасиев, Құлбатыров, М.Әуезов көшелері, Шытты ауылындағы — М.Сәрсенбаев көшесі) жарықтандыру жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілген.

«Түркістан облысы Отырар ауданының Қарғалы ауылдық округіндегі трансформатор қуаттылығы 2500 кВА электр қосалқы станциясы құрылысы» нысанына жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптама қорытындысы алынды. Сметалық құны – 328,6 миллион теңге.

Айтпақшы, Отырар ауданында абаттандыру және көріктендіру жұмыстары қарқынды жүруде. Мәселен, 2023 жылы 5 елді мекенде балалар ойын алаңшасы салынып, 4 нысан пайдалануға берілді (Ескі Шілік, Ш.Қалдаяқов, Ақтөбе, Аққұм елді мекендері. Қоғам елді мекеніндегі нысан 2024 жылға өтпелі. Сметалық құны — 126,4 миллион теңге).

6 елді мекенде спорт-ойын алаңшалары абаттандырылды (Талапты, Шәуілдір, Жаңа Шілік, Арыс, Көлқұдық, Маяқұм елді мекендері, сметалық құны — 163,7 миллион теңге) .

Ауданға қарасты 8 елді мекеннің 10 көшесіне аяқ жол төселді (Ескі Шілік, Көксарай, Отырар, Ақкөл, Көлқұдық, Шәуілдір, Қарғалы, Маяқұм елді мекендері. Сметалық құны — 188,6 миллион теңге).

Шілік және Ш.Қалдаяқов ауылдарының кіре беріс көше бойы абаттандырылып, пайдалануға берілді.

Одан бөлек, Шәуілдір-Темір автокөлік жолының ортасын көгалдандыру, Шәуілдір-Темір елді мекендерін сәулеттік жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде. Аталған нысандар 2024 жылға өтпелі.

Кездесуден соң ауыл тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдаған Жансұлтан Әділжанұлы заң аясында нақты жауап беріп, тиісті сала басшыларына міндеттер жүктейтінін жеткізді.

Сонымен қатар бүгін аудан әкімінің міндетін атқарушы Жансұлтан Әділжанұлы Сейтжанов Шілік, Ақтөбе ауыл округтерінің тұрғындарымен де кездесу жиынын өткізді.

Ол өз баяндамасында 2024 жылы «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында ұзындығы 13,7 шақырым болатын 16 ішкі көшеге орта жөндеу жұмыстары жоспарланып отырғанын жеткізді. Бұдан бөлек ағымдағы жылы жергілікті бюджет қаражаты есебінен 48,5 шақырым автомобиль жолдарына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 15 елді мекендегі көшелер ретке келтірілмек. Соның ішінде Ақтөбе ауыл округіне қарасты Ақтөбе елді мекеніндегі «Шілік-Ақтөбе» автожолына, Шілік ауыл округі, Жаңа Шілік елді мекеніндегі №1, №2 көшелеріне ағымдағы жөндеу және С.Сейфуллин, Ескі Шілік елді мекеніндегі №3 көшесіне орта жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп күтілуде.

Кездесу барысында Жансұлтан Әділжанұлы ауыл тұрғындары тарапынан қойылған сұрақтарға тұщымды жауап еріп, жиында көтерілген кейбір өзекті мәселелерді өз бақылауына алатынын айтып, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

Кездесу соңында ауыл қариялары аудан әкімінің міндетін атқарушы Жансұлтан Сейтжановтың есебін оң бағалап, ақ баталарын берді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin