Түркістан облысы: Төлеби ауданында жаңадан демалыс аймағы ашылды

Төлеби ауданында тағы бір демалыс аймағы іске қосылды. Жеке кәсіпкер Сәкен Сәрсенов жеке қаражаты есебінен «Алтын балық» демалыс орнының құрылысын аяқтап, пайдалануға ұсынды.

Киелітас ауылдық округінде орналасқан құны 350 миллион теңгені құрайтын демалыс орнында 4 коттедж, 10 сәкі бар. Аумағы 1,6 гектарды алып жатыр. Кәсіпкер бұған қоса, балық шаруашылығын дамытып, 0.5 гектар аумақта 10 тоннадан астам сазан балығын өсіруде. Демалыс орнының ашылу салтанатына аудан ардагерлері, ел ағалары, ауыл халқы қатысып, лентасын қиды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауында туризмнің, әсіресе, эко және этнотуризмнің дамуына экономиканың маңызды саласы ретінде ерекше көңіл бөлуді тапсырған болатын. Экотуризм саласын дамыту бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда.

Айта кетейік, Төлеби ауданында туризм саласында 140 нысан қызмет көрсетеді. Былтыр 2,9 миллиард теңге инвестиция тартылып, 8 жоба жүзеге асып, 42 жұмыс орны ашылған. 2024 жылы инвестиция көлемін 1,8 миллиард теңгеге жеткізу жоспарлануда. Құны 220 миллион теңгені құрайтын 2 жоба іске қосылып, 10 тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Олар: Біркөлік демалыс аймағынан ашылатын демалыс орны (жеке кәсіпкер «Рысбаев», құны — 120 миллион теңге) және Біркөлік шатқалынан ашылатын қонақ үй құрылысы (ЖК «С.Сақибаев» өз қаражаты есебінен, құны — 100 миллион теңге).

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin