Бүгін Астанада Өзбекстан Республикасының Президенті Шавхат Мирзиеевтің Қазақстанға ресми іссапары аясында Қазақстан-Өзбекстан елдері арасында бизнес форумы өтіп жатыр. Көршілес елдің әлеуетті кәсіпкерлерімен тікелей байланыстар орнатылуда. Екіжақты келісімдер жасалып, сауда байланысын жандандыру мәселелері талқыланып жатыр. Форумға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров қатысып, баяндама жасады.
– Түркістан облысы — республикамызда Өзбекстанмен шекаралас орналасқан, экономикасы қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі. Инвестициялық және туристік потенциалы өте жоғары. Өзбекстан мен Түркістан облысы арасында сауда қатынасы жақсы дамыған. Өткен жылы тауар айналымы 422 миллион АҚШ долларын құрады. Оның ішінде экспорт көлемі 253 миллион АҚШ доллары, импорт 169 миллион АҚШ доллары деңгейінде қалыптасты. Екі ел ынтымақтастығы аясында Түркістан облысы Ташкент, Хорезм, Ферғана, Жизақ, Сырдария және Самарканд облыстарымен меморандумдарға қол қойылғанын атап өткім келеді. Түркістан облысы құрылғаннан бастап экономикаға жалпы 4,3 триллион теңге инвестиция тартылып, 200-ден астам жоба іске қосылды. Қосымша 1,7 триллион теңгеге 8 818 жаңа жұмыс орны ашылатын ТОП-20 ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда. Екі елдің туризм саласын дамытуға барлық мүмкіндігі бар. Екі жақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін жоғарыда аталған алаңшаларда агроөнеркәсіптік кешені, тоқыма және жібек кластері, тамақ және машина өндірісі, қайта өңдеу өнеркәсібі, сондай-ақ жаңартылған энергия көздері және туризм салалары бойынша бірлескен жобаларды іске асыруға шақырамын, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Облыста сауда, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, құрылыС және тағы басқа салада Өзбекстан капиталының қатысуымен 40-қа жуық компания жұмыс істейді. Бірнеше маңызды жобалар іске асырылуда. Атап айтқанда «Global Textile» ЖШС Мақтаарал ауданында тоқыма кластерін құру, «Meat Magnat» АӨК Сайрам ауданында бордақылау алаңын салу, «Qazaq Zhibek» қауымдастығы Жібек кластерін құру. Қазіргі таңда облыс аумағында 297 000 түп тұт ағашының көшеттері егілді. Жобаларды іске асыру өз кезегінде облыс экономикасына 65 млн АҚШ доллары тікелей шетелдік инвестиция тартып, 2 050 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Түркістан облысында стратегиялық және экономикалық тұрғыдан аса маңызды, екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланысты дамытуға мүмкіндік беретін – «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы» құрылуда. Түркістан қаласы аумағында 30 гектар алқапта шағын өнеркәсіптік парк салынуда. Парктің ерекшелігі кәсіпкерлерге дайын өндірістік ғимараттар ұсынылады. Бүгінгі таңда жобаның І кезеңі аяқталып, 14 ғимарат іске қосылды. Қосымша ІІ және ІІІ кезеңдерінің құрылысы басталды. Бұдан бөлек аумағы 2 субаймақтан тұратын «TURAN» арнайы экономикалық аймағы құрылды. Бұл аймақта қатысушыларға салықтан босату, кедендік жеңілдіктер және инфрақұрылымы бар жер телімдерін қоса алғанда, ерекше құқықтық режим ұсынады.
Форум барысында Түркістан өңірінің атынан облыс әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров пен «Узтекстильпром» қауымдастығының төрағасы Мирмухсин Сұлтанов өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұдан бөлек «ҚАЗАҚ ЖІБЕК» қауымдастығыӨзбекстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі жанындағы Жібек және жүн өнеркәсібін дамыту комитеті Жібек кластерін дамыту жобасын бірлесіп жүзеге асыру бойынша 2024-2029 жылдарға инвестициялық келісімшарт жасасты. Ал «Юпитер-М» ЖШС мен «Самарқанд ирригация жүйесі» ЖШС арасында дәнді дақылдарды өсіруге арналған суды үнемдейтін (жаңбырлататын) технологиялар мен суспензияларды енгізу бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Айта кетейік, ҚР Сауда және интеграция министрлігінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан бизнес форумның мақсаты — сауда-экономикалық серіктестікті нығайту, қазақстандық кәсіпорындар мен әлеуетті сатып алушылар арасында тікелей байланыс орнату және сауда қатынастарын жандандыру, екіжақты кездесулер өткізу.
Қазақстан мен Өзбекстан өзара сауда айналымын 10 миллиард долларға жеткізуді көздейді
Бұл туралы Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғарин 7 тамызда Астанада өткен «Қазақстан – Өзбекстан» бизнес форумын ашу барысында мәлімдеді.
«Өзбекстан — 2023 жылдың қорытындысы бойынша 7-ші орында тұрған Қазақстанның ірі сауда серіктесінің бірі. Қазақстанның Орталық Азия елдерімен жалпы сауда айналымының 57%-дан астамы Өзбекстанға тиесілі. Соңғы 5 жылда екіжақты тауар айналымы 29%-ға өсіп, 2022 жылы $5 млрд көлеміне жетті. Бізге саудадағы мәселелерді жүйелі шешу және сауда айналымының жаңа өсу нүктелерін табу қажет, осылайша мемлекеттеріміздің басшылары қойған мақсат – орта мерзімді кезеңде 10 миллиард долларға қол жеткізуге талпынуымыз керек», — деді Серік Жұманғарин.
Өзбекстан Премьер-министрінің орынбасары Джамшид Ходжаев мұндай іс-шаралар екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға қуатты серпін беретінін атап өтті. Ол Қазақстан Өзбекстанның негізгі экономикалық серіктестерінің бірі екенін атап өтті.
«Әлемдік қауымдастық біздің өңірлерге біртұтас нарық призмасы арқылы қарайды. Сіздерді ірі жаһандық брендтерді тиімді тарту үшін күш-жігерімізді біріктіруге шақырамын», — деді ол.Екі ел арасында өнеркәсіптік кооперация белсенді түрде дамып келеді, бұл 3,1 миллиард доллар сомасына 69 жоба, 14,7 мыңнан астам жұмыс орнын құруды көздейді. Қазірдің өзінде 217 миллион доллар сомасына 12 бірлескен жоба сәтті жүзеге асырылды, бұл тұрмыстық техника, жүк және жеңіл автокөліктер, тракторлар өндірісі. Белсенді фазада 178 миллион доллардан астам сомаға үш инвестициялық жобаны іске асыру жүргізілуде. Олардың қатарында Тараз қаласындағы қуаты 500 мың тонна болат өнімін шығаратын электр металлургиялық зауыт пен Шымкент қаласында инфузиялық ерітінділерді өндіру бар.
Өзбекстан Қазақстанға жеміс-көкөніс өнімдерінің негізгі жеткізушісі саналады. Әлеуметтік маңызы бар агроөнеркәсіптік өнімдерді Өзбекстаннан жеткізуді дамыту үшін тез бұзылатын тауарларды тасымалдау кезінде «UZKAZTRADE» бірлескен кәсіпорнына қозғалыс басымдығын беру мүмкіндігі қарастырылатын болады.
«Қазақстан – Өзбекстан» бизнес форумына екі елдің ұлттық компанияларының, іскер топтары мен мемлекеттік органдарының 450-ден астам өкілі қатысып жатыр.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.