Түркістан облысында биыл 29 елді мекен ауыз сумен қамтылады

Түркістан облысында 807 елді мекеннің 737-сі ауыз сумен қамтамасыз етілген. Республикалық көрсеткішке сәйкес, өңірдің қалалары 100 пайыз, елді мекендер 97,3 пайызға ауыз сумен қамтылған. Биыл ауыз сумен қамту бойынша 63 жобаны жүзеге асыруға бюджеттен 15,7 миллиард теңге бөлінген. Оның ішінде, 34 нысан ағымдағы жылы пайдалануға берілсе, қалған 29 елді нысан 2025 жылға өтпелі.

Жыл қорытындысымен 29 елді мекендегі 15 мыңға жуық халық ауыз сумен қамтамасыз етіледі.

Түркістан облысында елді мекендерді ауыз сумен қамту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Аталған мәселе облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде кезекті рет талқыланды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды тұрғындарды ауыз сумен қамтудың маңыздылығына тоқталып, құрылысы созбалаңға салынған нысандар бойынша аудан, қала әкімдерімен жауапты басқарма басшысына нақты тапсырма берді. Жұмысты дұрыс атқармаған мердігерлердің мәселесін заң аясында қарауды тапсырды.

– Мемлекет басшысы 2025 жылдың қорытындысымен өңіріміздегі елді мекендерді 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз ету міндетін жүктеді. Ауыз су – ең маңызды және бірінші мәселе. Сондықтан әрбір жобаның барысына жауапкершілікпен қарау керек. Сондай-ақ нысандардың құрылысына жауапты тапсырыс берушілер мен мердігерлердің жұмысын қадағалау керек. Әрбір су нысаны сапалы, әрі уақтылы тапсырылуы тиіс. Ауыз сумен қамту бойынша жаңа тәсілдер, гидрогеологиялық ізденістер, жан-жақты зерттеулер жүргізу қажет. Тапсырысты уақтылы орындамай, ауыз суды кешіктірген мердігерлермен заң аясында жұмыс жүргізіңіздер. Бұл мәселе қатаң бақылауда тұр, – деді Дархан Сатыбалды.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбековтың айтуынша, 41 елді мекенді ауыз сумен қамту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Бұл елді мекендерді 100% ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында, «Түркістан облысы бойынша ауыз сумен қамтамасыз етудің 2023-2025 жылдарға арналған іс-шара жоспары» бекітілді.

Жоспарға сәйкес, 2024 жылы 50 елді мекен 24 сағат ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Қалған 133 елді мекенді 2025-2027 жылдары аралығында тәулік бойы ауыз сумен қамту жоспарлануда.

Аудандардағы индустриалды аймақтарда бірқатар жобалар жүзеге асырылып жатыр

Түркістан өңірінде соңғы бір айдың ішінде Қазығұрт, Сауран, Сарыағаш және Келес ауданында 570 гектарға қосымша 4 индустриалды аймақ құрылды. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде айтылды. Жиын барысында индустриалды аймақтарды жобалармен толықтыру жайы талқыланды. Өңір басшысы жауаптыларға бұл бағыттағы күшейтуді тапсырды.

– Кәсіпкерлік жағынан және су мәселесі бойынша ауда, қала әкімдері де есебін дайындасын. Өз аумақтарыңыздағы индустриалды аймақтың инфрақұрылым мәселесін де бірлесе отырып, оңтайлы шешу қажет. Жан-жақты ізденіп, өңірдің дамуы үшін ерекше жобаларды жүйелі түрде жүзеге асырыңыздар, – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.

Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметов жиын барысында баяндама жасап, атқарылған жұмыстарға тоқталды. Сонымен қатар инфрақұрылымдық алаңдарды дамыту бойынша бірқатар ұсыныс жолдады. «Жалпы, индустриалды аймақтардың инфрақұрылымына бюджеттен жұмсалған қаржы 10 есе инвестиция тартуға мүмкіндік береді» — дейді басқарма басшысы. Сондай-ақ аудан және қала әкімдіктерімен бірге индустриалды аймақтарда сенбілік жұмыстары ұйымдастырылып тұратынын жеткізді.

Жаңа индустриалды аймақтар өңірдің дамуына оң серпін береді. Соның бірі Келес ауданы, Ақтөбе ауылдық округінен, Жетісай бағытындағы жолдың бойынан 300 гектар жерге «Келес» индустриалды аймағы құрылды. Инфрақұрылым нүктелерін есепке ала отырып, аудан әкімдігі жер телемін де ұсынған. Ал Түркістан индустриалды аймағынан соғылған 2 браунфилдте бүгінгі таңда жиһаз өндіру цехі және шұлық бұйымдарын өндіру цехі жұмыс жасап отыр.

Өңірде өндірістік парк бойынша 39 өндірістік ғимаратты құру жоспарланған. 1-кезең бойынша 10 ғимарат құрылысы аяқталып, инвестиция сомасына 10 жоба іске асырылуда. Ал 2-кезең бойынша 12 өндірістік ғимараттың құрылыс жұмыстары басталды. Өндіріс орындарында орналасатын инвестициялық жобалар пулы жасақталып, меморандумдарға қол қойылды. 3-кезең бойынша 17 өндірістік ғимараттың құрылыс жұмыстары да басталған. Кейбірі кәсіпкерлердің есебінен де соғылуда. Сауран ауданында Қарашық, Шорнақ, Иассы ауылдық округтерінде жалпы көлемі 70 мың шаршы метр болатын 49 өндірістік ғимарат салу жұмыстары басталды. Жобалардың басым көпшілігі жиһаз өндіру саласында.

Индустриалды аймақтармен қатар, жобаларды «TURAN» арнайы экономикалық аймағына тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Олардың қатарында, шетелдік компанияның текстиль кластері, Полимерлі құбырлар, Тау кен металлургия кешеніне арналған құрылғылар зауыттар бар.

Айта кетейік, бүгінде облыс көлемінде 594 гектардан тұратын 10 индустриалды аймақ бар. Онда 125,6 миллиард теңгені құрайтын 87 жоба жүзеге асырылуда. Жобалардың басым бөлігі құрылыс материалдарын өндіру, жеңіл және жиһаз өнеркәсібі саласында жұмылдырылған.

Түркістан облысының әкімі кезекті рет жеке қабылдау өткізді

Түркістан өңірінде тұрғындар тарапынан түскен өтініштер кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Бүгін облыс әкімі Дархан Сатыбалды кезекті рет жеке қабылдау өткізіп, азаматтардың өтініш-тірліктерін тыңдады. Өңір басшысы халықтың өтініштерін мұқият тыңдап, барлық мәселе тек заң талаптары аясында шешілетінін атап өтті. Тұрғындар талабына қатысты жан-жақты жұмыс жүргізілетінін жеткізді.

Қабылдауға келген азаматтардың бәріне заңды-құқықтық тұрғыдан, мәселелерінің шешілуіне бағыт-бағдар берілді. Олардың кейбірі өз сұрақтарына қатысты түсіндірме жауап алып, көтерген мәселелердің шешу жолдарын білді.

Еркін форматта өткен қабылдауда азаматтардың барлығы бұл жолы жеке мәселелерін көтерді. Баспана мәселесін көтеріп келгендер болды. Әлеуметтік көмек сұрағандар бар. Кәсіп ашуға қолдау сұрады. Енді бірі жұмысқа орналастыру жайлы айтып келді. Баспанасының апатты жағдайда болуына байланысты берілген үйін кеңейтуге көмек сұрағандар болды. Тағы бір тұрғын кәсіпкерлер тарапынан берілген үйін ауыстырып беруді өтінді.

Қабылдауға құқық қорғау органдары мен тиісті басқарма басшылары, жауапты мамандар қатысып, туындаған мәселенің оңтайлы шешуіне атсалысты.

Аймақ басшысы жеке қабылдауға келген азаматтардың мәселесін сала мамандарымен бірге қарап, заң аясында әрекет ету туралы нақты тапсырмалар берді. Сұрақтар жан-жақты қаралып, заңдылығына қарай шешіледі.

Облыс әкімінің қабылдауына egov.kz порталы, е-otinish бірыңғай базасы және әкімдікке келіп жазбаша өтініш тастау арқылы жазылған тұрғындар мәселесі бойынша тиісті тапсырмалар берілді.

Айта кетейік, облыс әкімінің жеке қабылдауына жазылуды Түркістан облысы әкімі аппаратының өтініштерді қарауды бақылау бөлімі жүргізеді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin