Түркістан облысында венгриялық инвесторлар құрама жем зауытын салуды жоспарлап отыр

Венгриялық «UBM GROUP» компаниясы Түркістан облысында құрама жем зауытын салу бойынша өткен айда Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдымен кездесіп, арнайы келіссөз жүргізген еді. Нәтижесінде Мажарстанның Алматы қаласындағы Бас консулдығындағы коммерциялық атташе Ковач Иштван Тибор және «UBM GROUP» компаниясының бас директорының кеңесшісі Доктор Золтан Питер Винм аудандарды аралап, зауыт салуға қолайлы өңірлерді қарастырды.

Түркістан облысы аумағында қуаттылығы жылына 100 мың тоннаға жуық, құны 10 миллион еуро болатын заманауи үлгідегі құрама жем зауытын салу жоспарлануда. Бұл ауыл шаруашылығының дамуына серпін береді, жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтіліп отыр.

Инвесторларға «Turkistan Invest» ЖШС басқарма басшысының орынбасары Руслан Лесбеков Қазығұрт және Ордабасы аудандарындағы индустриалды аймақтарды және ет өндірісімен айналысатын «Qaiyp Ata» ЖШС-ын таныстырып, ол өңірдегі инвестициялық мүмкіндіктерді атап өтті.

Айта кетейік, 1996 жылы құрылған «UBM Group» компаниялар желісі – Венгриядағы жетекші жем өндіруші. Жылына 450 мың тонна өнім шығарады. 4 құрама жем зауыты бар, Венгриядағы өсімдік шаруашылығы өнімдерінің ең ірі трейдерлерінің бірі. Астық, майлы дақылдар саудасының айналымы – жылына 1,5 миллион тонна. Өнімдерін 15 елге экспорттайды.

Осы тұста атап өтерлігі, өңірдегі индустриялық аймақтардың барлығында отандық һәм шетелдік инвесторлар үшін барынша қолайлы жағдай жасалған. Мәселен, «Turan» арнайы экономикалық аймағын инженерлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында құрылыс жұмыстары қарқынды атқарылып жатыр.

Қазіргі таңда өрт сөндіру депосы, газ жүйелері, интернет желісінің жұмыстары толығымен аяқталған. Сонымен қатар, 1,3 шақырым жолға асфальт жабындысы төселінді. Жол құрылысы биыл қазан айында пайдалануға беру жоспарланған. Темір жол құрылыс жұмыстары да жүргізіліп, 2,1 шақырымға релістер орнатылды. Су құбырының 8,5 шақырымы тартылып, кәріз жүйесінің 3 шақырымына құбыр тартылды. Аталған нысандардың құрылыс жұмыстары желтоқсан айында толығымен аяқталып, пайдалануға беріледі.

«Turan» арнайы экономикалық аймақтағы инженерлік инфрақұрылымдардың құрылыс жұмыстарын сапалы орындалуы, облыстық құрылыс басқармасының мамандары тарапынан қатаң бақылауға алынған. Құрылысқа жауапты мердігер компаниялар – «СТ Сервис» ЖШС, «Баянды Құрылыс» ЖШС, «Pana Qurylys Group» ЖШС. Келесі жылы электрмен жабдықтау жұмыстарын тапсыру жоспарланған. Құрылыс жұмыстары аяқталған соң, аймаққа 50-ге жуық кәсіпорын орналасып, мыңға жуық адамды жұмыспен қамтамасыз етеді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin