Түркістан қаласы: «Түркістан» индустриалды аймағында шоғырланған өнеркәсіптік нысандары сапалы электр энергиясымен қамтамасыз ететін 110 киловольттық «Солтүстік» қосалқы станциясы ашылды

Түркістан қаласында 110/35/10 киловольттық «Солтүстік» қосалқы станциясы пайдалануға тапсырылды. Ашылу рәсіміне Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды арнайы қатысып, көпшілікті қуанышты сәтпен құттықтады. Жобаның маңыздылығын айтып, электр қуатының тапшылығын жою бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы биылғы Жолдауында электр қуатының қолжетімді болуы халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін атап өтті. Жалпы, елімізде электр қуатының тапшылығы сезіліп отырғаны жасырын емес. Облыс аумағында ауқымды өндіріс орындарын ашуда электр энергиясы тапшылығының өз кедергісі бар. Енді біз оны шешу үшін маңызды жобаларды жүзеге асырудамыз. Сонымен қатар облыста жоғары кернеулі қосалқы станциялардың құрылысы жүргізілуде. Бүгін біз 110 киловольттық «Солтүстік» қосалқы станцияның ашылу рәсіміне қатысып отырмыз. Осы станция арқылы «Түркістан» индустриалды аймағында шоғырланған өнеркәсіптік нысандары сапалы электр энергиясымен қамтылады. Жобаны іске асыруда отандық өндірушілердің материалдары мен жабдықтары қолданылды. Сонымен қатар облыстағы индустриалды аймақтарға қолайлы жағдай жасау мақсатында Үкіметке электр энергия бағасын төмендету бойынша ұсыныс енгіздік. Нәтижесінде ұсыныс қолдау тауып, бүгінгі таңда тариф бағасы 47 теңгеден 25 теңгеге түсті. Бұл – өндірісті дамытуға серпін береді. Аталған қосалқы станцияларды іске қосу арқылы энергия тапшылығынан құтылуға жол ашылады. Баршаңызды осы қуанышты сәтпен құттықтаймын! Өндірісіміз өркендеп, өңіріміз дами берсін! – деді Дархан Сатыбалды.

«Солтүстік» қосалқы станциясының құрылысы Түркістан облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық басқармасының тапсырысымен қолға алынды. Құрылыс жұмыстарын 2022 жылы «Карэлектроспецстрой» ЖШС бастаған. Құрылыс кезеңіне 40 жаңа жұмыс орны құрылса, пайдалану кезеңіне 5 жұмыс орны құрылмақ. 110 кВ электр желілерінің ұзындығы – 35,0 шақырым. Жобаның жалпы құны – 6,4 миллиард теңге. Жобаны іске асыруда «КТЗ» Кентау, «Asia Trafo» ЖШС және басқа да отандық өнім өндірушілердің материалдары қолданылды. Станция жабық типте салынған. Жобаға сәйкес қуаттылығы 2 дана 25 МВА трансформатор қондырғысын, 35 шақырымды құрайтын жоғары кернеулі 110 кВ электр желісі, 2 дана элегазды оқшаулауы бар толық тарату құрылғысы (КРУЭ), 2 дана доға сөндіргіш реактор, 10-35 кВ ток өткізгіш, 2х400 кВА өз қажеттіліктерінің трансформаторы қаралған.

Бұл қосалқы станция Түркістан индустриалды және еркін экономикалық аймағында шоғырланған өнеркәсіптік нысандарын сапалы электр энергиясымен қамтамасыз етпек.

Айта кетейік, Түркістан облысында энергия тапшылығын шешу үшін маңызды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, Сайрам ауданында 1000 МВт бу-газ станциясының құрылысы жүргізілуде, Түлкібас ауданында 320 МВт және Кентау қаласында 240 МВт газ турбина станциялары, Сауран ауданында 300 МВт күн электр станцияларының жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленуде. Одан бөлек, облыста жоғары кернеулі 110 киловольттық қосалқы станциялардың құрылысы басталған. Атап айтқанда, Төлеби ауданында «Алатау», Жетісай ауданында «Жетісай» қосалқы станцияларының құрылысы қарқынды. Бұл станциялар толық іске қосылғанда, жаңа өнеркәсіп көздерін ашуға қажетті электр энергиямен қамтылады.

Сонымен қатар Түркістан қаласы аумағында 110/10 киловольттық «Сауран», «Нұртас» қосалқы станцияларының құрылысына жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленуде. Құрылыс жұмыстары 2025-2026 жылдары аралығында іске асады деп жоспарлануда.

Атап өтерлігі, Түркістан қаласында өндіріс орындарын ашу мен инвестиция тарту жұмыстарына басымдық берілген. Нәтижесінде инвесторлар үшін Түркістан қаласында бизнес климат қалыптасуда. Бұл мақсатта облыс көлемінде 594 гектарды құрайтын 10 индустриалды аймақ және «Turan» арнайы экономикалық арнайы экономикалық аймағы бар. Бұл аймақтарда инвестиция құны 190 миллиард теңге болатын 95 кәсіпорын өз жобаларын жүзеге асыруда. Оларды инфрақұрылыммен толық қамту жұмыстарына күш салынған.

Тоғыз жолдың торабында орналасқан Түркістан шаһарының инвестициялық және сауда-экономикалық мүмкіндігі зор. Түнеугүні облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов салаға жауапты басшылардың басын қосып, осы саладағы өзекті мәселелерді талқылап, тиісті тапсырмалар берді. Бизнесті мемлекеттің қолдауы аясында бюджеттен қаржысы қаралып, 18 нысан бойынша жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, Сауран ауданы, Шаға ауылындағы өндірістік парктің электрмен жабдықтау және газ тарту нысандарының құрылысы аяқталды. Түркістан қаласында 310 гектар индустриалды аймақ аумағын кеңейту және инфрақұрылым тарту жұмыстары да аяқталуға жақын. Онда газ, су, кәріз құбырлары тартылып, 25000 метр жарық желілері жүзгізіледі. Өндірістік паркке 100 миллиард теңгеге жуық инвестиция тарту көзделген. Маңызды жоба толық іске қосылған соң, екі мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылатын болады.
Бүгінде Мақтаарал, Шардара, Созақ, Қазығұрт, Кентау, Түлкібас, Бәйдібек және Ордабасы индустриалды аймақтарында инфрақұрылым жүйелерінің құрылыс жұмыстары жүргізілген. Шағын өндірістік парк құрылысы жүзеге асырылуда. Өндірістік парк аумағында өндірістік ғимараттар салынуда, 14 ғимарат іске қосылды. Облыста индустриалды және өндірістік аймақтарды кеңейту, газбен, сумен, электрмен, инфрақұрылыммен қамту және жаңа инвесторлар тарту жұмыстары жалғасады.

Өндірістік паркті құру мақсаты – әртүрлі көлемдегі өндірістік компанияларды тарту арқылы (оларға қажетті тиімді, инновациялық өндірістік қуаттар мен заманауи форматтағы қойма үй-жайлар) олардың өзара әрекеттесуі негізінде үйлесімді өндірістік орта құру. Бұл ретте, өндірістік парктерді құру шикізаттық емес секторды дамыта отырып, өндірістің инновациялық дамуына мүмкіндік береді. Ең бастысы, тұрақты жұмыс орындары ашылады.

Жалпы, Түркістан өңірінде соңғы үш айдың ішінде Қазығұрт, Сауран, Сарыағаш және Келес ауданында 570 гектарға қосымша 4 индустриалды аймақ құрылды. Енді индустриалды аймақтарды жобалармен толықтыру жайы басты назарда тұр. Өңір басшысы жауаптыларға бұл бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырды. 

«Кәсіпкерлік жағынан және су мәселесі бойынша ауда, қала әкімдері де есебін дайындасын. Өз аумақтарыңыздағы индустриалды аймақтың инфрақұрылым мәселесін де бірлесе отырып, оңтайлы шешу қажет. Жан-жақты ізденіп, өңірдің дамуы үшін ерекше жобаларды жүйелі түрде жүзеге асырыңыздар», – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.

Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметов жиын барысында баяндама жасап, атқарылған жұмыстарға тоқталды. Сонымен қатар инфрақұрылымдық алаңдарды дамыту бойынша бірқатар ұсыныс жолдады. Жалпы индустриалды аймақтардың инфрақұрылымына бюджеттен жұмсалған қаржы 10 есе инвестиция тартуға мүмкіндік береді дейді басқарма басшысы. Сондай-ақ аудан және қала әкімдіктерімен бірге индустриалды аймақтарда сенбілік жұмыстары ұйымдастырылып тұратынын жеткізді. 

Жаңа индустриалды аймақтар өңірдің дамуына оң серпін береді. Соның бірі Келес ауданы, Ақтөбе ауылдық округінен, Жетісай бағытындағы жолдың бойынан 300 гектар жерге «Келес» индустриалды аймағы құрылды. Инфрақұрылым нүктелерін есепке ала отырып, аудан әкімдігі жер телемін де ұсынған. Ал Түркістан индустриалды аймағынан соғылған 2 браунфилдте бүгінгі таңда жиһаз өндіру цехы және шұлық бұйымдарын өндіру цеы жұмыс істеп отыр. Мұнда жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылған. 

Өңірде өндірістік парк бойынша 39 өндірістік ғимаратты құру жоспарланған. 1-кезең бойынша 10 ғимарат құрылысы аяқталып, инвестиция сомасына 10 жоба іске асырылып жатыр. Ал 2-кезең бойынша 12 өндірістік ғимараттың құрылыс жұмыстары басталды. Өндіріс орындарында орналасатын инвестициялық жобалар пулы жасақталып, меморандумдарға қол қойылды. 3-кезең бойынша 17 өндірістік ғимараттың құрылыс жұмыстары да басталған. Кейбірі кәсіпкерлердің есебінен де соғылып жатыр. Сауран ауданында Қарашық, Шорнақ, Иассы ауылдық округтерінде жалпы көлемі 70 мың шаршы метр болатын 49 өндірістік ғимарат салу жұмыстары басталды. Жобалардың басым көпшілігі жиһаз өндіру саласында. Мұнда да жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті тұрғындар тұрақты жұмысқа орналасатын болады.

Индустриалды аймақтармен қатар, жобаларды «TURAN» арнайы экономикалық аймағына тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Олардың қатарында, шетелдік компанияның текстиль кластері, Полимерлі құбырлар, Тау-кен металлургия кешеніне арналған құрылғылар зауыттары бар.

Айта кетейік, бүгінде облыс көлемінде 594 гектардан тұратын 10 индустриалды аймақ бар. Онда құны 125,6 млрд теңге болатын 87 жоба жүзеге асырылып жатыр. Жобалардың басым бөлігі құрылыс материалдарын өндіру, жеңіл және жиһаз өнеркәсібі саласында жұмылдырылған. Ал жаңадан құрылған жұмыс орындарында, сол маңдағы жергілікті тұрғындар еңбек етіп жатыр.

Түркістан қаласының бас жоспары бойынша қаланың даму сатылары белгіленген болатын. Бірінші кезең 2020 жылы басталып, 2025 жылы аяқталады деп жоспарланған. Екінші кезеңі – 2035 жылы, үшінші кезеңі – 2050 жылы аяқталады деп күтілуде.
Түркістан қаласында 2023-2025 жылдары 169 жаңа жұмыс орнын құрайтын 4 жобаны іске асыру жоспарлануда. Жобалар темірбетон бұйымдары, темір және ағаштан есік жасау, асфальтты бетон өндіруге бағытталуда. Жоба құны 3 миллиард теңгені құрайды.
Рухани астананың халықаралық «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» жолының бойында орналасуы, қалыптасқан әуе және темір жол қатынастарының болуы өнеркәсіпті өркендетуге мол мүмкіндік береді. Осы ерекшеліктер ескеріліп, облыс орталығында Арнайы экономикалық аймақ құрылып, инфрақұрылым жүйелері тартылған болатын.
Қазіргі таңда Түркістан индустриалды аймағында 1330 жұмыс орнын құрайтын 27 жоба орналасқан. Жалпы құны – 13,01 миллиард теңге. Оның ішінде жалпы сомасы 8,564 миллиард теңгені құрайтын 19 жоба іске қосу актісін алған. Айта кетейік, 2022 жылы жоспарлы көрсеткіштің орындалуы бойынша өңдеу өнеркәсібі саласында 54 жұмыс орнын құрайтын 3 жоба іске қосылды.

Қазіргі таңда өнеркәсіп саласындағы инвестициялық жобаларды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін қолданыстағы индустриалды аймақ 350 гектарға дейін ұлғайтылып, инфрақұрылымы жасақталуда. Инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысында қажетті қаражатқа қол жеткізуге «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында да сүйемелдеу жұмыстары ұйымдастырылған.
Бүгінде облыс орталығында өнеркәсіпті дамыту бойынша инвесторлар тарту шаралары қарқын алған. Инвесторларға қызмет көрсетуші компаниялар «Бизнеске арналған үкімет» орталығында «Бір терезе» қағидатымен шоғырландырылған. Түркістан қаласы әкімдігі тарапынан көрсетілетін қызметтер «Халықтық кеңсе» мен «109» орталығы арқылы ұйымдастырылып, жүйеленген. Бүгінгі таңда шахарға шет елдерден инвестиция тарту жұмыстар жоғарғы деңгейде деп айтуға болады. Түркістан облысына инвестиция тарту арқылы қаламызда да ірі кәсіпорындар мен зауыттар соғылуда. Түркістанда жаңа өндірістік кәсіпорындарды ашу үшін арнайы экономикалық және индустриалды аймақтар құрылған. «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағының барлық қосалқы аймақтарының аумағында 340 миллиард теңгеге 64 жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде Әкімшілік іскерлік орталығының аумағында 313 миллиард теңгеге 50 жоба және Тарихи орталық қосалқы аймағында 22,6 миллиард теңгеге 9 жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалар шеңберінде 4,5 мыңнан астам жұмыс орны ашылды.
Индустриалды аймақта 18 инвестициялық жоба іске асырылған. Қазіргі уақытта қосымша 10 жобаның іске асырылуы пысықталуда. Бұл жобалар іске асырылған жағдайда тартылған инвестициялардың көлемі 16 миллиард теңгеге жетеді, 1,3 мыңнан астам жұмыс орындары құрылады.

Экономиканың басты көрсеткіші жалпы өңірлік өнім көлемі 5 жылда 2 есе өсіп, 3,5 триллион теңгеге жетті. Өнеркәсіп өнім көлемі 2 есеге артып, 867 миллиард теңгені құрады. 2018-2022 жылдар аралығында Индустрияландыру картасы аясында өңірде жалпы құны 56 миллиард теңгеге 43 жоба іске асырылып, 2834 жаңа жұмыс орны құрылды. «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясы Созақ ауданында күкірт қышқылын өндіретін зауыт салуды жоспарлауда. Жобаның инвестициялық құны 100 миллиард теңгені құрайды, 250 жаңа жұмыс орнын ашуға мүкіндік береді. Жалпы өңірдің өзіндік кірістерді көбейтуіміз қажет. Осыған орай, облыстың өнеркәсіптік әлеуетін дамытуға мүмкіндік беретін бірнеше маңызды ірі жобаны іске асыруды жоспарлап отырмыз. Инвестиция тарту, кәсіпорындар ашуға басымдық беріледі. Айта кететін, кездесуде облыс әкіміне тұрғындар түрлі ұсыныстары мен пікірлерін айтты, өтініштерін жеткізді. Атап айтқанда, сапалы электрмен қамту, жол салу, мектеп салу, көгалдандыру, су мәселеісі және өзге де түйткілдер тарқатылды. Сонымен бірге жеке қабылдауда да өзекті мәселелер көтерілді. Әрбір сұраққа жауап беріліп, мәселелер хаттамаға енгізілді.
Айта кететін, Нұрбол Әбдісаттарұлы қала тұрғындарымен жиі кездесіп, халықтың мұн-мұқтаждығын тыңдап отырады. Түркістан қаласы әкімдігі тарапынан көрсетілетін қызметтер «Халықтық кеңсе» мен «109» орталығы арқылы ұйымдастырылып, жүйеленген және осы қызметтер арқылы халықтың түйткілді сұрақтарына жауап табылып отырады. Сонымен қатар, биыл Түркістан қаласында жалпы көлемі 400 мың шаршы метрден асатын 6 мыңға жуық пәтер пайдалануға беру жоспарлануда. Бүгінде бюджет есебінен 66 үйдің құрылысы жүргізілуде, оның 59 үй жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Ал жеке инвестиция есебінен 46 үйдің құрылысы жүргізілуде. Одан бөлек, Түркістан қаласын одан әрі дамыту мақсатында жаңадан салынатын 800 пәтерлі, 5 қабатты 20 тұрғын үйдің құрылысы облигация есебінен (кредиттік тұрғын үй) басталып, нәтижесінде халық игілігіне 220 мың теңгеден ипотекаға беріледі. Қазіргі таңда Түркістан қаласының тұрғын үй кезегінде 15864 азамат тұрғын үйге мұқтаж ретінде тіркеліп тұр. 2022 жылдың қорытындысымен 3155 пәтерді құрайтын 49 үй пайдалануға берілді. Оның ішінде ипотекамен 2683 пәтер, көп балалы отбасыларға 544 пәтер, әлсіз топтағы азаматтарға 244 пәтер тапсырылды. Қала аумағында мектептердің мәселесін шешу мақсатында 7 мектептің құрылысын 2023-2025 жылдар аралығында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы арқылы жүзеге асыру жоспарланған. Оның үшеуінің құрылысы басталып кетті. Өткен жылы тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтік нысандарға (мектеп, балабақша және т.б.) баратын және соларға қосалқы жатқан, жалпы 42 шақырымды 43 көшеге аяқжол құрылысын жүргізу жоспарланған болатын. Қазіргі таңда оның 16,7 шақырым құрайтын 22 көшесінде құрылыс аяқталды. Сонымен қатар, қала аумағындағы топырақ жолдардың санын азайта отырып, тас төселген көшелердің санымен сапасын арттыру мақсатында қала аумағындағы 6 секторда ақпан айынан бастап тас төсеу жұмыстары басталған. Қазіргі таңда 56 шақырымды құрайтын 65 көшеге тас төселген. 2023 жылы орташа жөндеу жұмыстары 65,7 шақырымды құрайтын 48 көшеде жүргізіліп, нәтижесінде жақсы жағдайдағы жолдар үлесі 47,2 пайызға жетеді.

Жалпы, 2025 жылға дейін қала тұрғындарының саны 250 мыңға дейін, 2035 жылға қарай 350 мың адамға дейін жетеді. 2050 жылы 500 мың болады. 200 мыңға жуық тұрғыны бар Түркістанның даму мүмкіндіктері ауқымды. Қала аумағында өндірістік, коммуналдық және инфрақұрылым қызметін қамтамасыз ететін нысандарды орналастыратын аймақтар белгіленіп, бекітілген. Бұл өз кезегінде Түркістанның инвесторлар үшін тартымдылығын арттыра түседі.

Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы экономиканы әртараптандырып, оның бәсекеге қабілеттілігінің арттыру арқылы Қазақстанның индустриялық елдер қатарына қосылуына ықпал етеді. Аталмыш бағдарлама ел экономикасын шикізатқа тәуелділіктен арылта отырып, өндірістің дамуына, экспорттың артуына жол ашып, ел экономикасының қарқынды дамуын қамтамасыз етуі тиіс.

Түркістан қаласында кәсіпкерлікті дамытуға қолдау күшейтіле түсті

Таяуда Түркістанда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бақылау-қадағалау органдарының бизнес-қауымдастық алдында «Бірыңғай есеп беру күні» іс-шарасы өткізілді. Оған облыс әкімдігі, прокуратура, Экономикалық тергеп тексеру, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органдарының басшылық құрамы мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы, мемлекеттік органдар және қаржылық ұйым басшылары, 100-ден аса бизнес өкілдері қатысты. Маңызды жиында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров кәсіпкерлікті дамыту өңірдегі басым бағыттардың бірі екеніне тоқталды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан халқына арналған Жолдауында кәсіпкерлікті қолдау, кедергілерді жою жөнінде тапсырма берді. Бүгінгі кездесудің негізгі мақсаты – билік пен бизнестің арасында сындарлы диалогты арттыру. Бизнес өкілдерімен бірге өңірдегі бизнес-климатты және инвестициялық ахуалды талқылау. Шағын және орта бизнес – ел экономикасының негізгі драйвері. Түркістан – кәсіпкерлікке бейімделген, бизнес өкілдері көп шоғырланған өңір. Бүгінгі таңда 210 мыңға жуық шағын және орта бизнес қызмет етеді, саны бойынша Астана және Алматы қалаларынан кейін 3-орында тұр. Облыс әкімдігі бизнес-климатты жақсарту бойынша бірқатар жүйелі қолдауларды іске асыруда. Облысымызда жыл басынан 4 индустриалды аймақ құрылып, олардың саны 13-ке жетті. 9 индустриалды аймақ инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген, жаңа индустриалды аймақтарға инфрақұрылым жүргізу үшін құжаттамалар рәсімделуде. Сондай-ақ өнеркәсіптік алаңы 594 гектардан тұратын «Тұран» арнайы экономикалық аймағы бар. Экономикалық аймақта жұмыс істеймін деген кәсіпкерлер табыс, кеден, жер және мүлік салықтарынан босатылады. Бұл аймақтардан бөлек, «Өндірістік парк» жобасы жүзеге асуда. Кәсіпкерлер үшін дайын өндірістік ғимарттар жеңілдетілген шарттармен ұсынылады. Сауран ауданы Шаға ауылында 30 гектар жерге 39 өндірістік ғимараттың құрылыс жұмыстары басталып, 10 ғимараттың құрылыс жұмыстары аяқталды. Тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйелерін шығару, жиһаз цехы, тоңазытқыштар өндіру, есік жасау кәсіпорындары өз жұмыстарын бастағанын атап өткен жөн», — деді облыс әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров.

Түркістан облыстық прокуратурасының Қоғамдық мүддені қорғау басқармасының басшысы Болат Жұмағалиев кәсіпкерлікті қорғау – прокуратураның қадағалау қызметінің басым бағыты екендігін атап өтіп, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу жөнінде атқарылған жұмыстарды баяндады.

Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметов бизнесті және инвестицияны қолдау бойынша атқарылған жұмыстарды саралап, инвестициялық мүмкіндіктер туралы кеңінен айтып берсе, Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Зухра Амирова да кәсіпкерлікті қолдау жөнінде атқарылған жұмыстарға тоқталды.

Сонымен қатар Полиция департаменті, Мемлекеттік кірістер департаменті, Облыстық санитариялық-эпидемиялогиялық бақылау департаменті, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдері бизнесті қолдау және қорғау жөнінде баяндамалар жасап, өзекті мәселелерді ортаға салды.

Басқосуда бизнес өкілдері өз өтініштері мен ұсыныстарын айтып, қордаланған мәселелерді шешу бойынша облыс әкімдігі мен құқық қорғау органдарымен бірлескен хаттама түзілді.

Бизнес демекші, Түркістан өңірін туристік бағытта жандандыру үшін арнайы жол картасы әзірленді. Онда негізгі 6 тарау қарастырылған. Атап айтқанда, туристік нысандардағы инфрақұрылымды жетілдіру, қызмет көрсету сапасын арттыру, маркетинг жұмыстарын күшейту, «Open Turkistan» мен аудан, қала әкімдіктерінің жұмысын жандандыру мәселелері қамтылған. Бүгін осы және өзге де жобалар облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжілісте таныстырылды. Өңір басшысы туристік әлеуетті арттыру бағытындағы жұмысты күшейтуді тапсырды.

– Нақты іске көшетін кез келді. Туризмді дамыту бағытындағы жұмысты жүйелеңіздер. Жол картасындағы әрбір тапсырма орындалуы тиіс. Түркістанды қолөнершілер орталығына айналдыру жолдарын қарастырылсын. Бұл – нақты тапсырма. Гастротуризм, этнотуризм және өзге де тармақтары бойынша жұмысты назарға алып, нақты ұсыныс беріңіздер, – деді Дархан Сатыбалды.

Жиында Түркістан облысының туризм басқармасының басшысы Нұрдәулет Медеуов баяндама жасады. Оның айтуынша, аталған жол картасын орындау нәтижесінде 2025 жылдың қорытындысымен ішкі туристердің санын 25%-ға, шетелдік туристердің санын 2,5 есеге, туризм саласындағы қызмет көлемін 30%-ға жеткізу күтілуде. Өңірдегі танымал туристік орындар мен нысандар жүйеленіп, дамиды. Осыған байланысты, әлеуеті жоғары 10 туристік нысан таңдалып алынған. Туристік нысандардың ақпаратын жаңарту және әдістемесін дайындаудан бөлек, гид-экскурсовод қызметінің сапасын арттыру қаралып отыр. Туристік қызмет көрсетушілер (такси, электрокар, шырақшы) үшін бірыңғай қызмет көрсету қағидасы әзірленіп, туристік субъектілердің қызмет көрсету сапасы көтеріледі. Әзірленген біркелкі брендке сәйкес түрлі бұқаралық ақпарат құралдарында жарнама, туристік операторлар мен агенттіктермен жұмыс, нысандардың 3Д фотоларын интернет порталдарына орналастыру жоспарлануда. Туристік өнімдер санын арттыру және күшейту, сондай-ақ ұзақ мерзімді жобаларды жүзеге асыру көзделген. Жол картасында орталық қызметін монетизациялауға басымдылық беріледі. Тарихи нысандарды күтіп ұстау да басты назарда. Туристерге қазақтың ұлттық тағамдары мен ою-өрнектері, қолөнер бұйымдары ұсынылады.

Биыл, жалпы туризм саласы бойынша облыс аумағында жалпы соммасы 37 туристік инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Өткен жылы облыстың туризм саласына 53,5 миллиард теңге инвестиция тартылды. Медиа алаңдар мен әлеуметтік желілерде Түркістан облысының туристік әлеуеті жайлы ақпараттар мен жан-жақты материалдар таратылуда. Түркістанға келетін халықаралық әуе рейстерінің санын арттыру мақсатында Венгрияның «Wizz Air» авиакомпаниясымен бірлескен жұмыс нәтижесінде іске қосылған «Түркістан – Әбу-Даби (БАӘ)» әуе бағыты бойынша рейстердің саны артады.

Айта кетейік, Түркістан облысы тарихи және мәдени мұраға бай және ашық аспан астындағы өзіндік мұражай болып саналады. Облыс аумағында 1780 тарих және мәдениет ескерткіші бар. Сондай-ақ облыста 229 орналастыру орны (қонақ үйлер, хостелдер, демалыс аймақтары, балалар лагерлері) және 75 санаториялық-курорттық ұйым жұмыс істейді. Бұдан бөлек облыс аумағында 4 ерекше қорғалатын табиғи объект орналасқан. Олар – ЮНЕСКО биосфералық объектілерінің тізіліміне енгізілген «Ақсу-Жабағылы» және «Қаратау» қорықтары, сондай-ақ «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркі және «Сырдария-Түркістан» өңірлік табиғи паркі.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin