Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров бастаған арнайы делегация Түркия Республикасына іссапармен барды. Конья қаласының Қаратай ауданында болып, бауырлас қала ретінде меморандумға қол қойылды. Онда бірлескен жобаларды жүзеге асыру бойынша келіссөздер жүргізді. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, шет елден инвестиция тарту, өндіріс орындарын құру және жаңа технологиялар бойынша алдағы уақытта тәжірибе алмасады.
Делегация Конья қаласының Қаратай ауданында сауда және өнеркәсіп, іскерлік бизнес өкілдерімен кездесіп, Түркістан облысының инвестициялық әлеуеті, түркі мемлекеттері ұйымы арасындағы сауда-экономикалық байланысты нығайту үшін құрылған «Turan» арнайы экономикалық аймағының мүмкіндіктері таныстырылды.
Экономикалық аймақтарда жұмыс істейтін кәсіпорындармен қатар, делегация бірқатар өндіріс орындарының технологияларымен танысты. Алдағы уақытта меморандум негізінде екіжақты байланыстарды нығайтып, қант өнімдерін өндіру, ауыл шаруашылығы, жиһаз жасау және текстиль өндіру бағытында әріптестік орнату негізінде кездесулер өтеді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.