Түркістан облысы: Сауран ауданында жылына 2000-ға жуық жұмсақ жиһаз шығаратын цех ашылды

Сауран ауданына қарасты Оранғай ауылдық округінде жылына 2000-ға жуық жұмсақ жиһаз өнімдерін шығаратын «СОФТ ХАУС» цехының ашылу рәсімі өтті. Шараға аудан әкімі Мақсат Таңғатаров, кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Сұлтанғали Шакиров, Оранғай ауылдық округінің әкімі Берік Қуандық, ауыл ақсақалдары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Жеке кәсіпкер Шавкатжан Искаков өз қаражаты есебінен осы кәсіпті бастаған. Бүгінде өндіріс орнын кеңейтіп, ашылып отырған цехтың аумағы 1,0 гектарды құрайды. Жобаның жалпы құны — 500 миллион теңге, заманауи технологиялармен жабдықталған цех жылына 2000-ға жуық жұмсақ жиһаз өнімдерін шығаруға қауқарлы.

Бүгінде 15 азаматты тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Жұмысшылардың жалақысы — 150-200 мың теңге көлемінде. «СОФТ ХАУС» жиһазының өнімдері бүгінде сұранысқа ие. Қазіргі таңда Қазақстанның барлық аймақтарымен қатар көршілес Қырғызстан еліне өткізіледі. Жиһаз жасаушы өндірістің әлеуеті зор. Негізгі арнайы жабдықтарды Қытай, Ресей, Түркия елдерінен алдыртады. Осылайша отандық тауарлар ішкі нарықта сұранысқа ие болып, өзінің өнім көлемін айтарлықтай арттырып отыр.

“Жиһаз өндіру саласы қарқынды дамып, кәсіппен айналысамын деген азаматтарға мемлекет тарапынан әрдайым қолдау көрсетіліп келеді. Отандық нарықта бәсекеге қабілеттілік өсуде. Жылдан-жылға елімізде тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Бұл жиһазға деген қажеттілікті арттырады. Осылайша біздің өнімдер сұранысқа ие болып, өз кәсібіміздің кеңеюіне жол ашылуда”, — дейді өндіріс орнының басшысы Шавкатжан Мамиржанұлы.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin