Түркістан облысының экономикасына 8 айда 596,3 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылып отыр

Түркістан облысына инвестиция тартып, көшін ілгерілету бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс орындарын ашу һәм өндіріс орындарын көбейту аса маңызды екенін айтып, нақты тапсырмалар берген болатын.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметтеріне сүйенсек, осы бағытта биыл Түркістан облысында жүйелі жұмыс жүруде. Қазіргі таңда жылдың алғашқы 8 айының қорытындысына сәйкес өңірге тартылған инвестициялар көлемі 596,3 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 125,6%-ға өскен.

Инвестицияның өсу қарқынын қамтамасыз ету мақсатында 2024-2027 жылдары жүзеге асырылатын 145 инвестициялық жобалардың пулы қалыптастырылған. Жобалардың жалпы құны – 2,5 триллион теңге. Олардың есебінен 20 мыңнан аса жұмыс орны ашылмақ.

2024 жылы жалпы құны 142,4 миллиард теңгені құрайтын 2 233 жаңа жұмыс орнын ашумен 59 инвестцииялық жобаны іске асыру көзделген. Бүгінде жалпы құны 76 миллиард теңгеге 866 жұмыс орны құрылып, 25 инвестициялық жоба іске қосылып үлгерді.

Жұмыс орны демекші, биыл облыс бойынша «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында 118,9 мың жұмыс орнын ашу жоспарланса, 47,6 мың жасты жұмыспен қамту көзделген екен. 2024 жылдың 1 қыркүйегіндегі дерек бойынша нақты 78,8 мың жұмыс орны ашылып, оның ішінде 40,7 мың жас жұмыспен қамтылыпты (51,6%). Оның ішінде «Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында нақты 27 614 жас жұмыспен қамту шараларына жолданған. Тарқата айтсақ, 10 829 адам тұрақты, 11 752 адам уақытша жұмыс орындарымен қамтылып отыр.

Субсидияланған уақытша жұмыс орындарына жолданғандар ішінде 1644 адам «Алғашқы жұмыс орны» жобасына, 4238 адам «Жастар практикасы» жобасына, 4514 адам қоғамдық жұмыстарға, 1356 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жолданған. Бұдан бөлек кәсіпкерлікті қолдау бағытында «Бастау Бизнес» жобасы аясында 2841 жас кәсіпкерлік негіздері бойынша оқыған. Жаңа бизнес-идеялары үшін өз ісін бастауға ниетті 748 жасқа грант берілген. Сонымен қатар «enbek.kz» платформасында сұранысқа ие дағдыларды қолдану бойынша мамандықтарда 1444 жас білім алып, сертификатқа ие болған.

Бұдан өзге Жалпыұлттық пул аясында 2024-2027 жылдар аралығында жалпы құны 1,5 триллион теңгеге 8 114 жұмыс орнын ашатын 23 инвестициялық жобаның пулы қалыптастырылып, Ұлттық цифрлық платформаға енгізілді.

Орайы келгенде айта өтейік, бүгін сегіз мемлекеттің Төтенше және Өкілетті Елшілері мен дипломаттары Түркістанға келді. Мәртебелі меймандармен кездескен Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өңірдің инвестициялық әлеуетін таныстырды. Мемлекеттік қолдау шараларынан хабардар етті. Түркістанның тарихымен, даму жоспарымен таныстырып, өңірге түрлі сала бойынша инвестиция тартуға шақырды.

Дипломатиялық корпустың 8 шет мемлекеттің елшілері мен дипломаттары: Палестина, Алжир, Солтүстік Македония, Кувейт, Ирак мемлекеттерімен Әзірбайжан республикасының Төтенше және Өкілетті Елшілері, Қазақстандағы Ауғанстан Ислам Әмірлігінің істерінде сенім өкілі, Қазақстандағы Катар мемлекетінің Елшілігінің хатшысы Түркістан төрінде бас қосты.

Аталған елдермен сауда-экономикалық қарым-қатынасты нығайту мәселесі талқыланып, кездесу барысында әр түрлі салаларда ынтымақтастықтың ықтимал мүмкіндіктері, инвестиция тарту, тәжірибе алмасу және өзара қарым-қатынасты дамыту жайлы келіссөздер жүргізілді.

Шетелдік қонақтар өңірдегі Арнайы экономикалық және Индустриалды аймақтардың жұмыстарымен танысты. Облыс орталығындағы киелі жерлерге зиярат етіп, Түркістанның рухани және туристік орындарын аралап, тарихымызбен танысты. Сондай-ақ өңірдегі «Саутс-Ойл» компаниясының жобаларының іске асыру барысын талқылады.

Қалай десек те, Түркістан облысының 2024 жылдың қаңтар-тамыз айындағы әлеуметтік-экономикалық дамуында өсім бар. Облыста 648,1 миллиард теңгеге өнеркәсіп өнімі өндірілді, нақты көлем индексі 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 106,6 % құрады.

Өңірде өндірілген өнеркәсіп өнім көлемінің 45% үлесін құрайтын тау-кен өндіру саласында өндірілген өнім көлемі 291,9 миллиард теңгеге жетті. Өңдеу өнеркәсібі өнімінің нақты көлем индексі – 111,6 %-ға, өнім көлемі 301,5 миллиард теңгеге жетіп отыр. Индустрияландыру картасы аясында өңірде өнеркәсіп әлеуетін көтеруге мүмкіндік беретін 13 жоба жоспарланған. Оның ішінде 7 жоба іске қосылды.

Биылғы 7 айда өңірде 11 571,4 мың жолаушы тасымалданды, бұл 2023 жылғы маусыммен салыстырғанда 106,6%-ды құрады. Көлік және қоймалау қызметі 260,4 миллиард теңгені құрады. Байланыс қызметтерінің көлемі 5,6 миллиард теңгеге жетті.

2024 жылғы 1 тамыздағы көрсеткіш бойынша Түркістан облысының жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 210 мыңға жуықтады. Облыс экономикасын дамытуға 499,3 миллиард теңге инвестиция бағытталып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 128,9%-ды құрады.

2024 жылғы қаңтар-шілдеде құрылыс жұмыстарының көлемі 198,5 миллиард теңгені немесе өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 119%-ды көрсетті. Пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы алаңы 460,9 мың шаршы метрді құрап отыр.

Биылғы 1 тамыздағы дерек бойынша облыстың кіріс көздері арқылы бюджетке нақты 143,6 миллиард теңге түсім түскен екен. Орындалуы – 105,4%.

Өңірде халық саны 2 150,8 мың адамды құрап, 2023 жылғы 1 маусыммен салыстырғанда 1,6 мың адамға немесе 1%-ға өскен.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin