Түркістан облысы: Сауран ауданында 2030 жылға дейін 151 инвестициялық жоба жүзеге аспақ

Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың айтуынша, ауданның даму жоспарында ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және туризм басым бағытқа ие. Ауданда жиһаз өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру ісі жақсы дамыған. 2030 жылға дейін құны 174,6 миллиард теңгені құрайтын 151 жобаны іске асыру жоспарланып отыр.

Түркістан облысында барлық аудан, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде жоспар жасалып, ол облыс әкімі мен басқарма басшыларының алдында арнайы талқылаудан өтіп, бекітілген болатын.

Ауыл шаруашылығы бойынша 52 жоба (жоба құны – 107 миллиард теңге, 390 жұмыс орны), өнеркәсіп саласында 85 жоба (жоба құны 53,1 миллиард теңге, 2 427 жұмыс орны), туризм саласында 14 жоба (жоба құны 14,5 миллиард теңге, 250 жұмыс орны) жүзеге асады. Жалпы, 3 067 жаңа жұмыс орны ашылады. Нәтижесінде жалпы өңірлік өнім көлемі 321,5 миллиард теңгеге жетіп, 2,4 есе артады деп күтіліп отыр. Сонымен бірге өндірістік аймақтарды кеңейту, тоқыма өнеркәсібі, жиһаз жасау, пластмасса өнімдерін өндіру жобалары жүзеге асады. Су үнемдеу технологияларына 17,6 миллиард теңге инвестиция тартылады. 14 жобаны жүзеге асыру көзделген. Мал, құс, балық, егін және мақта шаруашылығы да дами түседі.

Туризм саласында 14 жоба енгізілсе, оның 4-еуі биыл ашылмақ. Емдік-сауықтыру және демалыс аймақтары салынады. Аудандағы тарихи орындардың туристік әлеуетін көтеру бағытында да жұмыстар жүргізілмек.

Салыстырмалы түрде алғанда, Сауран ауданында 2024 жылдың үшінші тоқсандығында 42,2 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылып, 21 жоба іске қосылған. Оның 12-і өңдеу өнеркәсібі бағытында болса, 9 жоба әлеуметтік салаға бағытталған. Бұл жайында Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлімдегені есімізде.

«Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, аудан көлемінде 2030 жылға дейін жалпы құны 209,3 миллиард теңгені құрайтын 254 инвестициялық жобаны іске асырып, 4 162 жаңа жұмыс орнын құру көзделуде. Ауыл шаруашылық саласына инвестициялық құны 116,1 миллиард теңге құрайтын 68 ірі жобаны іске асыру жоспарланған. Ал, өнеркәсіп саласында 53,1 миллиард теңгені құрайтын, 85 жобаны іске асыру көзделіп отыр. Сонымен қатар, 2024 жылдың 9 айында ауданның жалпы өңірлік өнімі 78,7 миллиард теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 100,6%-ға артқан. Өңірлік өнімнің 75%-ы — ауыл шаруашылығы, 11,6%-ы — өнеркәсіп, 10,3%-ы — құрылыс және 3,1%-ы сауда саласының үлесінде» – деді аудан басшысы.

Сондай-ақ, Мақсат Асылбекұлы аудан көлемінде өндірістік алаңдар құрылатынын жеткізді. 2024-2026 жылдары ауданға қарасты Шаға, Қарашық, Иассы, Шорнақ және Үшқайық ауыл округтерінен, ал 2026 жылдан бастап қалған 7 ауылдық округте өндірістік алаңдар құрылмақ. Олардың қатарында 13 жиһаз жасау цехы, 19 құрылысқа қажетті материалдар өндіретін цех, 2 тамақ өнімдеріне қажетті материалдар, 1 қолөнер бұйымдарын өндіретін және 1 тігін цехы бар.

Сонымен қатар, ауданда азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 3 қабатты 24 пәтерлі жалпы саны 16 тұрғын үйдің құрылысы жоспарланған. Жыл соңына дейін 48 пәтерлі 2 тұрғын үй пайдалануға беріледі. Коммуналдық сала бойынша, жыл басынан бері ауданда 10 елді мекенге табиғи газ тартылып, газбен қамту үлесі 43,3%-ды құраған. Биыл Оранғай, Қарашық, Жүйнек ауылдық округтеріне магистральды газ құбырын салуға республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. 2024 жылы «Ауыл — Ел бесігі» жобасы аясында 31 ішкі көшеге, яғни 39,4 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жұмыстар аяқталған уақытта елді мекен жолдарының жақсы және қанағатты жағдайы 70%-ға жетпек.

Иә, Сауран ауданында шағын кәсіпорындар саны артып келеді. Ол үшін жергілікті әкімдік тарапынан кәсіпкерлерге қолдау көрсетіліп жатыр. Өнеркәсіптік аймақтарды салу және дамыту бағытында басымдық берілуде. Ауданда 2024-2026 жылдар аралығында өндірістік аймақтар құрылмақ. Нақтырақ айтқанда, І кезеңде Шаға, Қарашық, Иассы, Шорнақ және Үшқайық ауыл округтерінен, ІІ кезеңде 2026 жылдан бастап қалған 7 ауыл округінде өндірістік алаңдар салу жұмыстары қолға алынды.

Қазіргі уақытта Шаға ауылдық округінде орналасқан «Өндірістік парк» жобасының құрылысы қарқынды жүргізілуде. 30 гектар жерге 29 жобаны іске асыру жоспарланған. Бүгінде парк аумағында 10 браунфилдтің құрылысы аяқталды. Индустриалды аймақ құру үшін қосымша 70 гектар жер бөлініп, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша құжаттандыру жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар, Қарашық ауылынан шағын өндірістік алаңын құру үшін 10 гектар жер бөлініп, 21 кәсіпкермен меморандум түзілді. Атап айтқанда, жиһаз жасайтын 9 цех, құрылысқа қажетті материалдар өндіретін 10 цех, 1 тігін цехы және 1 қолөнер бұйымдарын өндіретін цех ашылмақ. Қазіргі уақытта кәсіпкерлер цех құрылыстарын бастап кетті. Өндіріс алаңына қажетті электр желісі тартылып, жолға тас төсеу жұмыстары жүргізілді.

Еңбекші Дихан ауылынан «Иассы» өндірістік алаңына 9 гектар жер учаскесі бөлініп, 18 жобаны іске асыру жоспарлануда. Бүгінгі таңда 9 кәсіпкермен меморандум түзіліп, 2 кәсіпкер құрылыс жұмыстарын бастады. Мұнда жиһаз жасайтын, құрылысқа және тамақ өнімдеріне қажетті материалдар өндіретін цехтар ашылады.

Одан бөлек, Шорнақ ауылынан 8 гектар жерге өндірістік алаң құрылып, 1 гектар аумаққа жиһаз жасау цехының құрылысы басталды. Бұл аймақта 10 браунфилд салынады. Жобаны жүзеге асыру 2024-2030 жылдар аралығына жоспарланған.

Аудандағы Теке ауылынан «Үшқайық» өндірістік алаңы жобасының құрылысын жүргізуге 18 гектар жер бөлінді. Мұнда 2025-2030 жылдар аралығында 37 жобаны іске асыру жоспарлануда. Қазіргі таңда өндіріс алаңында құрылысқа қажетті материалдар өндіретін, сүт өңдейтін және тігін цехтарын салу үшін меморандум түзілді. Өндірістік алаңына басқа да жобаларды орналастыру үшін инвесторлармен келіссөздер жүргізу жұмыстары жалғасады.

Жалпы, жиһаз өндірісі кәдімгідей жолға қойылған Сауран ауданында Ресейдің сапалы есіктерінен кем емес ішкі есіктер шығарылуда. Кәсіпкер ағайындылар Азизбек пен Бахадир Абдужалиловтар өндіріс цехын осы жылы іске қосқан. Аталмыш цехта 60 маман жұмыс істейді. Бүгінде облыс және ауданның тұрғын үйлері мен ғимараттарға заманауи түрлі үлгідегі және әртүрлі көлемдегі есіктер сатылуда. Заманауи құрылғылармен жабдықталған цех өнімі сапалы, бағасы да қолжетімді.

Есіктің қиюын келістіріп, әдемі дүние етіп шығару тек шын шебердің қолынан келеді. «Қимылдағанның қыр асатынын» жақсы білетін Азизбек пен Бахадир кәсіптің осы түрін қолға алып, жетістікке жетуде. Кәсіпкерлер алдағы уақытта есіктердің түрлерін көбейтіп, цех әлеуетін арттырып, көрші облыс пен қалалардан тапсырыстарды қабылдауды жоспарлап отыр.

Мақта шаруашылығын дамыту бойынша маңызды жобалар жүзеге асады

Сауран ауданында мақта шаруашылығын дамытуға да күш салынуда. Жоғары сапалы шитті мақтаны өсіріп, оны өңдеуге ден қойылған. Өңірде мақта-тоқыма кластерін құру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл мақсатта шитті мақтаны сатудан бөлек, мақта талшығын терең қайта өңдеуге басымдық беріледі.

Сауран ауданына табан тіреген жұмыс сапарының бірінде Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды «Golden Cotton» мақта қабылдау және қайта өңдеу зауытында болды. Осыдан 2 жыл бұрын ашылған зауыт 4 гектар аумата орналасқан. Жоба құны – 789,0 миллион теңге. Мұнда жылына 12 мың тонна мақта өңдейді. Жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылған. Өндірілген өнімді Ресей, Беларусь және Қытай елдеріне сатуға шығарады. Былтыр 8 мың тонна мақта өнімін қабылдап, қайта өндеген. Су үнемдеу технологиясының көмегімен келер жылы 1 мың гектар жерге жоғары сотты мақта тұқымын егіп, өнім сапасын арттырмақ.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалды сондай-ақ саурандық жас кәсіпкермен кездесті. Істен шыққан ескі қондырғыны сатып алып, жөндеген Саидбек Жаппаров мақтаны қайта өңдеу цехын іске қосқан. Жылына 600 тонна мақтаны қайта өңдеп, өндірілген өнімді Қытай мен Түркияға сатады. Сондай-ақ көкөніс сақтайтын қойма ашып қойған. Облыс әкімі жас кәсіпкерге сәттілік тілеп, кәсібін кеңейтуін құптады.

Түркістан облысында жыл сайын облыста 100 мың гектарға мақта дақылы егіліп, 300 мың тоннадан астам өнім жиналады. Облыста егістікті әртараптандыруда өнімділікті жаңа технологиялар есебінен ұлғайтуға басымдылық берілуде.

Атап өтерлігі, Түркістан облысы елімізде мақта өсіретін жалғыз өңір саналады. Мақта шаруашылықтарында 25 мың агроқұрылымда 70 мыңға жуық шаруа еңбек етеді. Облыста жыл сайын 100 мың гектарға мақта дақылы егіліп, 300 мың тоннадан астам өнім жиналуда.

Мақта саласындағы негізгі түйіткілді мәселе баға тұрақсыздығы екенін де несін жасырайық?! Себебі елімізде бәсекеге қабілетті тоқыма және тігін өнеркәсібі дамымағандықтан, шитті мақтаны сату бағасы экспорт нарығына тәуелді болып отыр. Елімізде мақта талшығын терең өңдеу бойынша тек 3 кәсіпорын бар, олардың үлесінде мақта талшығының қайта өңделген көлемі 18%-дан аспайды.

Осыған орай облыста 2023 жылы «Мақта шаруашылығын дамытудың және мақта-тоқыма кластерін қолдаудың 2027 жылға дейінгі өңірлік жол картасы» бекітілді. Оған сәйкес 4 бағыта, егістікті әртараптандыру, тұқыммен қамтамасыз ету, жаңа технологияларды енгізу, мақта кластерін құру бойынша ауқымды жұмыс жүргізіледі.

Жол картасына сәйкес, 2027 жылға дейін 9 мақта кластерін құру көзделіп отыр. Нәтижесінде мақта бағасына алдағы жылдары тәуелділік жойылатын болады. Осы мақсатта 2023 жылы Мақтаарал ауданында “Cotton Мақта” ЖШС мақта өңдеу зауыты жобасы жүзеге асырылды. Жобаның құны — 3 миллиард теңге, жылдық қуаттылығы — 60,0 мың тонна мақта талшығын шығару. Зауытта 80 адам жұмыспен қамтамасыз етілген.

Өткен жылы мақта өңдеу зауыты 40,0 мың тонна шитті мақтаны қабылдады. Зауытты заманауи қытайлық технологиямен жарақтандырудың нәтижесінде, күніне 600-650 тонна шитті мақтаны өңдеуге мүмкіндік берді.

Бұдан бөлек, облыста бүгінгі күнге іргелес жатқан Қытай Халық Республикасы және Өзбекстан мемлекетінің инвесторларының қатысуымен 223,5 миллиард теңгені құрайтын 2 инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Мақтаарал ауданында «Global Textile Solution» ЖШС-нің құны 21 миллиард теңге құрайтын «Мақта-тоқыма кешені және логистикалық хаб құру» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жоба негізінде 2000 жаңа жұмыс орындары ашылады. Жобаның қуаттылығы – 160 мың тонна. Жоба 2026-2027 жылдары толық циклде іске қосылады.

Сондай-ақ Жетісай ауданында құны 7,6 миллиард теңгені құрайтын жылына 7500 тонна иірілген жіп фабрикасын салу бойынша «TST JETISAY TEXTILE» ЖШС-нің жобасы жүзеге асуда. Кәсіпорында 200 жаңа жұмыс орны құрылады.

Ауылдық мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізілді

Биыл Түркістан облысында «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасымен 6 мәдениет үйіне күрделі жөндеу жүргізілуде. Оның ішінде Мақтаарал, Шардара, Сайрам мен Сауран аудандарында бір, Жетісай ауданында 2 мәдени нысан бар.

1976 жылы салынған мәдениет нысанына күні бүгінге дейін жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Аудандық мәдениет үйіне қарасты ғимараттың күрделі жөндеу жұмыстары былтыр басталып, биыл қыркүйек айында пайдалануға берілді. Халық саны 22 мыңнан асатын ауылдағы 380 орындық мәдениет үйінің жанынан құрылған «Достық» этнофольклорлық ансамблі жұмыс істейді. 1700 шаршы метрді құрайтын ғимарат екі қабатты. Жалпы аумағы — 7400 шаршы метр. Жоба құны – 408,7 миллион теңге.

Жалпы Сауран ауданында 11 клуб, 4 мәдениет үйі бар. Аудан тұрғындарын мәдениет нысандарымен қамтамасыз ету мақсатында кезең-кезеңімен тиісті жұмыстар атқарылып келеді. Келесі жылы ауданның бас жоспарына сәйкес, «Amanat» артиясының сайлауалды бағдарламасының аясында Қарашық мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар Бабайқорған ауылдық округінің орталығынан клуб әрі кітапхананың құрылысы басталды. Майдантал ауылдық округінің орталығынан да осындай нысанның құрылысын салу үшін сметалық құжат әзірленді.

Айта кетейік, қазіргі таңда Түркістан облысында 705 мәдениет және өнер мекемесі халыққа қызмет көрсетіп келеді. 2023 жылы 3 мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізілді. 6 клубқа күрделі жөндеу жұмыстары басталып, 3-еуі пайдалануға беріледі. Қалғаны келесі жылға өтпелі. Бұдан бөлек облыс бойынша жалпы 11 мәдениет нысаны салынып, 4 нысан жыл соңына дейін тапсырылады. Қалған жеті нысан 2025 жылға өтпелі. Сондай-ақ жергілікті бюджет есебінен Түркістан қаласында 1 мәдениет үйінің құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 2024 жылы 7 мәдени нысанының құрылыс жұмыстары басталып, оны 2025 жылы аяқтау жоспарланып отыр.

200 орындық оңалту орталығы ашылды

Түркістан облысында 100 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі жан тұрады. Бұл облыс халқының 5%-ын құрайды. Оның 40 мыңнан астамы әлеуметтік оңалту қызметіне мұқтаж. Бұл мәселе облыс басшылығының қолдауымен шешімін тауып келеді. Мәселен, Сауран ауданында 25 қазан – Республика күніне орай 200 орындық заманауи оңалту орталығы ашылды. Ашылу салтанатына облыс әкімі Дархан Сатыбалды, маслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері мен ардагерлер, сонымен қатар Сауран ауданы мен Кентау және Түркістан қаласының тұрғындары қатысты.

– Сіздерді Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Осындай маңызды мереке қарсаңында Түркістан облысында бірқатар әлеуметтік нысандар ел игілігіне пайдалануға тапсырылып жатыр. Ал бүгін жаңа «Самғау» оңалту орталығын ашқалы отырмыз. Мемлекет басшысы «Мүгедектігі бар азаматтарға жүйелі қолдау көрсету прогрессивті және әлеуметтік жауапты мемлекеттерге тән. Біз бұл бағыттағы жұмысымызды үнемі жетілдіріп отыруымыз керек» деген болатын. Өмірдің әрбір сынағы бізді шыңдай түседі. Әрбір адам – өз өмірінің батыры! Кедергіні емес, мүмкіндікті іздеген азамат мақсатына жетеді. Орталыққа келетін әрбәр жанға ем-дом болады деген сенімдемін, қабыл алыңыздар! – деді облыс әкімі.

Қонақтар да өз кезегінде «Самғау» оңалту орталығын «ізгілік пен мейірімділіктің ордасына», «қамқорлық пен жанашырлық орталығына», «жүректерге жылулық пен үміт сыйлайтын мекенге» теңеді. Бұл жер – тек физикалық түрде қалпына келтіруге ғана емес, рухани күш-жігер жинауға, жаңа мүмкіндіктерге жол ашуға бағытталғанын тілге тиек етті. Содан соң орталықтың лентасы қиылып, келушілер «Самғау» оңалту орталығының ғимаратымен танысты.

Оранғай ауылында орналасқан орталықта 18 жастан асқан мүгедектігі бар адамдарға арналған. Оңалту орталығының құрылысы 2021 жылы басталып, 2024 жылы аяқталады. Жобаның құны 2,5 миллиард теңгені құрайды. Ғимараттың жалпы ауданы 12,8 мың шаршы метрді құрайды. «Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына» сәйкес құрылысы жүргізілді. Қазіргі таңда жартылай стационарлық үлгіде «№6 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі («Самғау» оңалту орталығы) құрылды.

Орталық заманауи оңалту құралдарымен жабдықталған. Денені қалпына келтіру және стресс пен психосоматикалық ауруларды жеңуге арналған релаксацияның кешенді процедураларын ұсынады. Жартылай стационарлық оңалту орталығының қызметі арнаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж адамдарға 6 айға дейінгі мерзімге арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге бағытталған. Мұнда қолданыстағы стандартқа сәйкес кепілдік берілген арнаулы әлеуметтік қызметтердің 8 түрін көрсетеді.

Айта кетейік, жаңа орталық бір айдың ішінде бір мезгілде 200 адамға оңалту қызметін көрсетуді жоспарлап отыр. Бұл дегеніміз жыл сайын 2,5 мыңға жуық мүгедектігі азамат жыл бойына жоғары сапалы арнаулы әлеуметтік қызмет алу мүмкіндігіне ие болады. Жалпы 180-ге жуық штат бөлініп, оған іргелес жатқан 3 аудан, қаланың тұрғындары жұмыспен қамтылып отыр. Облыстың барлық аудан, қалаларында мүгедектігі бар адамдарға қызмет көрсету үшін «TEN QOGAM» орталықтары ашылған. «Amanat» партиясының «Халықпен бірге» сайлауалды бағдарламасына сәйкес 2021-2024 жылдар аралығында 1426 нысан бейімделді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin