
Түркістан облысында Мемлекет басшысының инвестиция тарту бағытындағы тапсырмасына байланысты қарқынды жұмыс жүріп жатыр. Осыған орай Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов Қытай инвесторларымен кездесті.
Басқосуда аудан әкімінің орынбасары Лесбек Серікбаев ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, туризм саласындағы әлеуетін баяндады. Сонымен қоса, инвесторлар Түркістан облысында бірқатар маңызды жоспарлардың жүзеге асып жатқанын айтып, инвестициялық жобаларымен таныстырды.
Қазіргі таңда инвесторлар Түркістан облысында аквапарк пен бес жұлдызды қонақүй құрылысын жүргізуді қолға алуда. Вэйнань қаласының инвесторлары Түркістанға инвестиция салуға қызығушылық танытуда. Осыған орай Қытайдың «Вэйнань қаласының Қазақстандағы инвестициялық сауда қауымдастығы» құрылды. Бүгінгі таңда облыс аумағында бейнебақылау камераларын шығаратын зауыт салу жоспарланып отыр.
Жүздесуде пилоттық жоба ретінде бірқатар ұсыныстар айтылып, аудан әкімі инвесторларға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті.
Бұдан бөлек өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес аймаққа инвестиция тарту мақсатында Түлкібас ауданының әкімі Асқар Естібаев Қытай елінің Шаньси облысынан келген инвесторларды арнайы қабылдап, іскерлік байланыс орнатты.
Басқосуда аудан әкімі аймаққа инвестиция құюға ниетті қонақтарға ауданның ерекшеліктерін кеңінен түсіндіріп, туризм және тамақ өнеркәсібін дамытуға таптырмас өңір екенің тілге тиек етіп, ниет білдірген жағдайда индустриалды аймақтан жер қарастыру, оған қажетті инфрақұрылым (су, газ, электр) жүргізуге мемлекеттен қолдаулар болатындығын жеткізді.
Сонымен қоса кездесуде ауданның табиғатын қонақтарға етене түсіндіру мақсатында «Ақсу Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығының туристік әлеуеті таныстырылды. Жиыннан соң экотуризымды дамытуға қызығушылық білдірген кәсіпкерлердің ұсынысына сәйкес, аудан әкімі жауапты мамандармен «Ақсу-Жабағылы» қорығындағы Ақсу шатқалын көрді.
Ауыл шаруашылығы, өндіріс, туризм салаларының әлеуетімен танысқан инвесторлар алдағы уақытта нақты ұсыныспен келетіндіктерін жеткізді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.