Қазақстан мен Түркия арасындағы логистика және агроөнеркәсіп салаларында ірі инвестициялық жобалар талқыланды

Қазақстан делегациясы Түркияның логистика саласындағы жетекші компанияларының бірі – «S Sistem Lojistik» басшылығымен ресми кездесу өткізді. «S Sistem Lojistik» компаниясы әуе, автокөлік, теміржол және теңіз арқылы жүк тасымалын қамтитын кешенді логистикалық шешімдерге маманданған.

Кездесу барысында тараптар Қазақстандағы ең ірі әуе тасымалдаушы – «SCAT» әуе компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылатын логистикалық орталық салу жобасын таныстырды. Аталған орталық көлік инфрақұрылымының маңызды буыны ғана емес, халықаралық жеткізу тізбектеріне тиімді түрде кіріге алатын стратегиялық хаб ретінде қарастырылуда.

Жобаның басты мақсаты – әртүрлі көлік түрлерін тоғыстыратын, ішкі және халықаралық жүк тасымалын жеделдетуге бағытталған мультимодальды көлік-логистикалық жүйе құру. Жобаны іске асыру нәтижесінде 200-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Сонымен қатар, кездесу барысында «S Sistem Lojistik» компаниясы агроөнеркәсіп секторына қызығушылық танытып, ірі қара мал бордақылау, ет өңдеу және дайын өнімді толық экспортқа бағыттайтын өндірістік циклді қамтитын мал шаруашылығы жобасын қарастырды. Жобаның жалпы инвестициялық көлемі 10 миллион АҚШ долларын құрайды.

Тараптар мұндай бастамалардың Қазақстан мен Түркия арасындағы экономикалық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге, өзара тиімді жобаларды жүзеге асыруға және инвестициялық әлеуетті арттыруға ықпал ететінін атап өтті.

 «ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin