
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бірқатар инвестормен кездесіп, бірлесе жұмыс істеу жолдарын талқылады. Кездесу барысында өңірдің инвестициялық әлеуеті мен мүмкіндіктері таныстырылды.
– Түркістан облысы – Қазақстанның ең қарқынды дамып келе жатқан аймақтарының бірі. Облыстың халық саны 2,1 миллионнан асады. Әкімшілік орталығы – Түркістан қаласы. Ол – Қазақстанның рухани және мәдени астанасы. Бүгінде Түркістан қаласы халықаралық деңгейдегі ірі экономикалық және логистикалық хабқа айналуда. Шаһар Орталық Азия, Қытай және Таяу Шығыс арасындағы маңызды сауда жолдарының қиылысында орналасқан. Түркістанның көлік-логистикалық әлеуеті жоғары. Қазақстанның барлық ірі қалаларымен теміржол және автожол арқылы тікелей байланысқан. Халықаралық әуежайы жүк және жолаушылар тасымалын дамытуға мүмкіндік береді. Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық транзит дәлізі арқылы жылына 50 миллион тоннаға дейін жүк тасымалданады. Біз сіздермен ынтымақтастық орнатуға, ірі жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз, – деді Нұралхан Көшеров.
Келіссөздер барысында ауыл шаруашылығын дамыту, өнімді терең өңдеп, экспортқа шығару, туриситік нысан салу, индустриалды аймақтарды дамыту жолдары талқыланып, меморандумға қол қойылды.
Кездесудің өтуіне ҚХР-ның Сиань қаласындағы Қазақстан Республикасының Бас консулдығы үлес қосқанын айта кеткен абзал.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.