Түркістан облысы: Сауран ауданындағы Үшқайық ауылдық округінде жаңа өндіріс аймағы құрылып жатыр

Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров Үшқайық ауылдық округінде бой көтеріп жатқан жаңа өндіріс аймағына арнайы барып, құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Жоба аясында 18 гектар жер теліміне 37 өндірістік жоба орналастырылмақ. Олардың қатарында жиһаз өндіретін кәсіпорын өз құрылыс жұмыстарын бастады.

Аудан басшысы кәсіпкермен жүздесіп, өндірісті дамыту жолындағы кедергілер мен қажеттіліктерді талқылады. Әкімдік тарапынан инфрақұрылым тарту, құжаттарды рәсімдеу мен рұқсат беруді жеңілдету бойынша жан-жақты қолдау көрсетілетіні айтылды. «Су, жарық және жол секілді негізгі жүйелер кезең-кезеңімен тартылады» — деді аудан басшысы.

Бұл аймақтың ашылуы жүздеген жұмыс орнын құрады. Жергілікті өніммен ішкі нарықты қамтамасыз етеді. Халықтың табысын арттырып, ауданның салық базасын кеңейтеді.

«Шағын және орта бизнесті дамыту – біздің басты мақсатымыз. Үшқайықтағы өндірістік аймақ – ауданның индустриялық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам», – деді аудан әкімі Мақсат Таңғатаров.

С.Қожановта ауыз су құбырлары жаңартылып келеді

Тағы бір атап өтер жайт, Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров жұмыс сапарымен Үшқайық ауылдық округіне барды. Сапар аясында С.Қожанов елді мекенінің тұрғындарымен кездесу өткізіп, елді мекенді таза ауыз сумен қамту бағытында қолға алынған жобаның жүзеге асу барысын бақылап қайтты.

Елді мекенде тұрғындардың өмір сапасын арттыру мақсатында ауыз су жүйесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жобаның тапсырыс берушісі — Сауран ауданы әкімдігінің «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» ММ-сі. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Жалпы ұзындығы 20,9 шақырым болатын су құбыры толығымен жаңартылып, 235 абонентке таза ауыз су үздіксіз жеткізілетін болады. Сондай-ақ 2 мектеп, 1 балабақша, мешіт және зертхана секілді әлеуметтік нысандар да сапалы сумен қамтылады.

Аудан басшысы құрылыс нысанына барып, мердігер мекеменің өкілдерімен кездесіп, жұмыс сапасына қатысты нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар, жобаның мерзімінде және сапалы орындалуын қадағалауды жауапты сала басшыларына жүктеді.

Бұл жоба – халықтың өмір сүру деңгейін көтеруге, тұрмыстық жағдайды жақсартуға бағытталған маңызды қадам. Су — тіршіліктің көзі. Сондықтан аудан әкімдігі тарапынан ауыз сумен қамту мәселесі әрдайым басым бағыттардың бірі ретінде қарастырылып келеді.

Айта кетейік, С.Қожанов елді мекеніндегі бұл жоба Сауран ауданындағы халықтың әлеуметтік инфрақұрылымын жаңғырту бағытындағы жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі болып отыр.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You