
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қытай Халық Республикасының Хэйлунцзян провинциясының вице-губернаторы Цисян Чжанды қабылдады. Кездесуде екі аймақ арасындағы экономикалық байланыстарды нығайту, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жолдары талқыланды. Өңір басшысы Түркістан облысының әлеуетін таныстырды.
– Қытай Халық Республикасы – Қазақстан Республикасының сауда-экономикалық саласындағы маңызды әріптестерінің бірі. Бұл ретте Мемлекет басшыларының өзара тұрақты байланыстары екі елдің берік достығы мен тығыз қарым-қатынасының жарқын үлгісі. Бүгінде Қазақстан экономикасына тартылған инвестиция бойынша Қытай Халық Республикасы ТОП-5 инвестор елдерінің қатарына кіреді. Түркістан облысының табиғи климаттық жағдайы қолайлы, ауыл шаруашылығымен жыл бойы айналысуға мүмкіндік береді. Жібек жолының бойында орналасқан аймақ. Өңірдің кадрлық әлеуеті жоғары және қажетті жұмыс күшін ұсына алады. Қазіргі уақытта біздің облыста қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасқан. Өңіріміздің негізгі инвестициялық алаңдары – 15 индустриалды аймақ және жалпы аумағы 4000 гектар алаңды құрайтын «Turan» арнайы экономикалық аймағы. Инвесторларға дайын өндіріс алаңдары ұсынылады. Сонымен қатар жаңа өндірістік жобаларды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін «Шағын өнеркәсіптік парктер» салынуда. Ауыл шаруашылығы – Түркістан облысы экономикасының негізгі драйвері. Осы салада және туризмге басымдық берілген. Мақта мен ет экспорты жолға қойылған. Түркістан облысы мен Хэйлунцзян провинциясы арасында сауда-экономикалық байланыстарды дамыту мен өңіраралық ынтымақтастықты нығайтуды ұсынамыз, – деді Нұралхан Көшеров.
Бір топ инвестор мен делегацияны бастап келген Цисян Чжан қонақжай пейілмен қарсы алған өңір басшысына алғысын білдірді. Аймақты дамытуға инвестиция тартуға, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға, өндіріс орындарын ашуға қолдау көрсететінін жеткізді.
Кездесу барысында Түркістан облысы мен Хэйлунцзян провинциясы арасында бауырластық қарым-қатынастарды орнату туралы меморандумға қол қойылды.
Хэйлунцзян – Қытайдың солтүстік-шығысындағы аймағы, 30 миллионнан астам халқы бар. Ауыл шаруашылығы мен өндірісі дамыған аймақ саналады. Енді осы аймақ пен Түркістан облысы арасында іскерлік байланыс нығаяды деген жоспар бар.
Кездесуден кейін шетелдік инвесторлар облыстағы өндірістік алаңдарды аралап, әлеуетімен танысты.
Айта кетейік, соңғы 15 жылда Қытайдан тартылған инвестициялардың жалпы көлемі 24 млрд. АҚШ долларына жетті. Ал Түркістан облысының көрші елмен өзара тауар айналымы 2023 жылдың қорытындысы бойынша 149 миллион АҚШ долларын құрады.
Хэйлунцзян провинциясының вице-губернаторы кәсіпорындарды аралады
Қытай Халық Республикасы Хэйлунцзян провинциясының вице-губернаторы Чжан Цисян Түркістан облысына арнайы іссапармен келгенін жоғарыда айттық. Шетелдік делегация өңірдің өндірістік әлеуеті және инвестициялық жобаларымен танысты.
Кәсіпорындарды аралауға облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков қатысты. «Түркістан әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ Басқарма төрағасы Данияр Бектұрғанов көкөніс сақтау қоймасы, шағын өндірістік парктің мүмкіндіктері мен бүгінгі жетістіктерін сөз етті.
Қонақтар жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелерін шығаратын «BNK Group» өндіріс цехын, мектеп және медицина мекемелеріне арналған жиһаз өндіретін «Aqniet Holding» компаниясы, тоңазытқыш жабдықтарын өндіретін «Jasyl Suyq Qazaqstan» зауытында болды. Естеріңізде болса, сәуірдің басында «Шағын өндірістік парк» аумағында «Jasyl Suyq Qazaqstan» кәсіпорнының ашылу салтанаты өткен. Бұл жаңа өндіріс орны қысқа мерзімде салынып, іске қосылды. Инвестиция құйып, заманауи технологияны әкелген – «UBC Group» холдингі.
Жобаның бірінші кезеңіне 5 миллион еуро көлемінде қаржы салынған, нәтижесінде 350-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Кәсіпорын айына 10 мың данаға дейін тоңазытқыш жабдығын шығарады. Алдағы уақытта екінші кезең іске қосылғанда, жұмыспен қамтылғандар саны 1000 адамға дейін ұлғаяды.
Зауыттың ресми ашылуында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен «UBC» компаниясының иесі Игорь Гуменный салтанатты түрде іске қосу түймесін басып, кәсіпорынның жұмысын бастағанын білдіретін символдық дабыл соғылды.
Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев жаңа өндіріс орнымен танысып, оның өңірдің экономикалық дамуына қосатын үлесін ерекше атап өтті. «Бұл зауыт – Түркістанның индустриялық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Аймаққа ірі инвестициялар тартылып, кәсіпкерлік пен өндірістің дамуына қолайлы жағдай жасалуда», – деді ол.
Жаңа кәсіпорын тек Қазақстан нарығына ғана емес, Орталық Азия және Кавказ елдеріне экспортқа өнім шығаруды жоспарлап отыр. Бұл Түркістанды өнеркәсіптік хабқа айналдыру жолындағы маңызды қадам болмақ. Бұдан бөлек қытайлық делегация жуырда іске қосылатын бейнебақылау камераларын жасайтын «Бір белдеу бір жол» кәсіпорнының өкілдерімен пікірлесті. Кездесу соңында әріптестікті нығайту бойынша ұсыныс-пікірлер ортаға салынды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.