Түркістан облысы мен Қытай мемлекетінің Шаньдун провинциясы арасындағы ынтымақтастық кеңейіп келеді

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған делегация Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары аясында Шаньдун провинциясындағы бірқатар ірі ауыл шаруашылығы және азық-түлік өңдеу кәсіпорындарымен келіссөздер жүргізді. Сапар мақсаты – Президент тапсырмасына сәйкес шетелдік тікелей инвестицияларды тарту, ауыл шаруашылығы саласында бірлескен жобаларды іске асыру және облыстың экспорттық әлеуетін арттыру.

Делегация Циндао қаласында орналасқан «Wanlin Group» тобының құрамындағы компанияның өндіріс алаңында болды. Кәсіпорын мұздатылған сарымсақ, пияз, сәбіз секілді көкөніс түрлерін өндіруге маманданған және жылына 8000 тоннадан астам өнім шығарады. Халықаралық нарықта атақты KFC, Nestlé сияқты алпауыт брендтерге өнім жеткізіп, АҚШ-қа жыл сайын 50 млн доллар көлемінде экспорт жасайды.

Сондай-ақ өңір басшысы «Qingdao Jincheng Agricultural Technology» компаниясының өкілдерімен кездесті. Ауыл шаруашылығы қызметтерін көрсету және дәнді дақылдар саудасымен айналысатын бұл кәсіпорын жыл сайын 50 миллион келі астық өндіреді. Компания «компания + фермер» және «фьючерстер + тапсырыстар» модельдері арқылы шаруалардың табысын арттырып, тәуекелділікті төмендетуге жәрдемдеседі. Бастысы – экологиялық таза өнім өндірісіне басымдық берілген.

Сапар аясында «Qingdao Dequan Food Co., Ltd.» компаниясының қызметімен танысу да жоспарланған болатын. Компания жылына 20 мың тоннадан астам өнім өндіріп, әлемдік нарыққа шығарады. 2024 жылы компания «Жоғары технологиялық кәсіпорын» және «Мамандандырылған инновациялық ШОБ» мәртебелерін иеленді.

– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің экономикалық өрлеуі үшін шетелдік инвестицияларды тарту жөнінде нақты міндет қойған болатын. Қытай еліне жұмыс сапарымыз – сол тапсырманы іске асыру жолындағы маңызды қадам. Шаньдун провинциясының агроөнеркәсіптік әлеуеті зор, біз оны Түркістан облысының нақты жобаларымен ұштастыра отырып, өңір экономикасына серпін беретін ынтымақтастық құра аламыз, – деді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.

Қытайлық серіктестер Түркістан облысының инвестициялық тартымдылығын жоғары бағалап, өңірде өндіріс орындарын ашуға және бірлескен агроөндірістік жобаларды іске асыруға ниет білдірді. Аталған кәсіпорындармен алдын ала келісімдерге қол жеткізіліп, алдағы уақытта нақты жобалар бойынша жұмыстар жүргізіледі.

Бұл сапар – Түркістан облысының ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібіне шетелдік технология мен инвестиция тарту жолындағы маңызды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізге шетелдік инвестицияларды тарту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасады.

Сапар барысында инвесторлармен қонақүй, медициналық кешен құрылысы талқыланды. Қытай еліндегі осы жобаларды Түркістан өңірінде іске асыру мүмкіндіктері қарастырылуда. Делегация «Wanlin» тобының құрамындағы денсаулық сақтау орталығында болды. Бұл медициналық қызмет көрсету, күтім және оңалтуды біріктіретін көпфункционалды кешен. Шаньдун провинциясы мен Циндао қаласының негізгі әлеуметтік жобаларының бірі болып. Нысан 5 жұлдызды стандартына сәйкес салынған және 2000 стандартты төсек-орынмен қамтамасыз етілген.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елімізге тікелей инвестиция тарту және жаңа өндірістер ашу арқылы халықтың табысын арттыруды тапсырды. Бұл сапардың негізгі мақсаты – осы міндеттерді нақты жобалармен жүзеге асыру. Түркістан – тек тарихи және рухани орталық қана емес, сонымен қатар халықаралық деңгейдегі аграрлық, индустриялық және қаржылық серіктестікке ашық. Бүгінгі келіссөздер ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі мен инвестициялық серіктестік бағытында маңызды нәтижелерге жол ашады деп сенеміз, – деп атап өтті Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.

Қытай Халық Республикасына жасалған бұл жұмыс сапары Түркістан облысы үшін стратегиялық маңызға ие. Жүздеген миллиард юаньдармен өлшенетін инвестициялық әлеует, технология трансфері мен ауыл шаруашылығын терең өңдеу тәжірибесі – облыстың жаңа даму кезеңіне өтуіне мүмкіндік беретін нақты факторлар.

Қытайдың Шаньдун провинциясындағы Циндао қаласы – Азия-Тынық мұхиты аймағындағы ең ірі өнеркәсіптік, сауда-логистикалық және агроөнеркәсіптік орталықтардың бірі. Бұл қала Қытайдың ашық экономикалық аймақтарының алғашқы легінде дамыған, бүгінде халықаралық бизнес пен технологиялық инновациялардың жаңа хабына айналған.

Циндао – 10 миллионнан астам тұрғыны бар мегаполис. Қаланың ішкі жалпы өнімі 2024 жылы 1,6 триллион юаньнан асты (шамамен 220 миллиард АҚШ доллары), бұл оны Қытайдың экономикалық тұрғыдан ең қуатты қалаларының қатарына қосады. Қаланың экономикалық құрылымында өңдеу өнеркәсібі, жоғары технологиялар, логистика және агроөнеркәсіптік кешен шешуші рөл атқарады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You