
Түркістан облысына Қытай Халық Республикасынан келген делегацияны Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қарсы алып, өңір әлеуетімен таныстырды. Шетелдік топ өңірдегі өндірістік және индустриялық аймақтарды аралап көрді.
Облыс әкімі іскерлік кездесу өткізіп, келіссөздер жүргізді. Кездесу барысында тараптар логистикалық парктердің мүмкіндіктерін зерттеу, Қазақстанның энергетика және тау-кен өндіру секторларын талдау, өңірде бірлескен қойма немесе сауда өкілдіктерін құру мәселелерін талқылады. Инвесторлар жобаларын таныстырып, ұсыныстарын білдірді.
Аймақ басшысы қонақтарды облыстың инвестициялық және туристік әлеуетімен таныстырып, екіжақты тиімді байланыс орнатуға дайын екенін айтты.
– Түркістан облысы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы ынтымақтастық қарқынды дамып, берік негізде қалыптасуда. Өткен жылдың соңында Хубэй провинциясына сапарым барысында өзіңізбен кездесіп, бірқатар жобаны іске асыру жайын талқылаған едік. Сіздің бүгінгі сапарыңыз Ухань қаласында басталған конструктивті диалогтың және өзара сенімге негізделген серіктестіктің нақты жалғасы деп білемін. Өңірдің кадрлық әлеуеті жоғары. Түркістан облысы арқылы өтетін «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізі әлемдік нарыққа шығудың жаңа мүмкіндіктерін ашады. Өңіріміздің тек Қазақстан ғана емес, бүкіл Орталық Азия үшін логистикалық торап ретінде қалыптасуға толық әлеуеті бар. Бұл ретте, авиациялық жүк тасымалын дамыту, әуежай аумағында техникалық қызмет көрсету орталықтарын орналастыру, тұрақты халықаралық жүк бағыттарын ашу, өңірде заманауи логистикалық парктер құру, жүк сақтау, сұрыптау, тарату және қайта өңдеу бағытындағы инфрақұрылымды қамтитын кешенді бірлесіп дамытуға дайынбыз. Бұдан бөлек, бірлескен индустриалды аймақты құру екіжақты инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға тиімді екенін атап өткен жөн. Бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға, іскерлік серіктестік құруға, ұзақ мерзімді және жемісті ынтымақтастық орнатуға әзірміз, – деген облыс басшысы әкімдік тарапынан барлық мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілетінін жеткізді.
Айта кетейік, қытайлық делегация Түркістан облысындағы екі күндік сапарында Түркістанда құрылысы жүріп жатқан мақта зауытында болды. Жоспарымен танысты. Одан кейін Сауран ауданының Ораңғай ауылындағы арнайы экономикалық аймағының жұмысымен танысты. Инвесторларға «Turan» арнайы экономикалық аймағының және өңірдегі инвестициялық алаңдардың қолдаулары туралы мағлұмат берілді. Кездесуден кейін делегация Түркістан қаласына экскурсия жасады.
Түркістан мен Қытай арасындағы туризмді арттыруға бағытталған меморандумға қол қойылды
Айтпақшы, орайы келгенде еске салайық, осы күндері Қытай Халық Республикасының Шанхай қаласында «ITB China 2025» халықаралық туризм көрмесі өтіп жатыр. Шараға Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов бастаған делегация арнайы жұмыс сапарымен барды. Іс-шарада облыстық туризм басқармасының басшысы Нұрдәулет Медеуов өңірдің бай тарихи-мәдени мұрасын, табиғи көрікті жерлері және заманауи туристік инфрақұрылымын кеңінен таныстырды.
Сапар аясында делегация Қытайдың бірқатар туристік компанияларымен және ірі туроператорларымен келіссөздер жүргізіп, өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту жолдарын талқылады. Нәтижесінде, алдағы уақытта Түркістан мен Қытай арасындағы туристік ағынды арттыруға бағытталған бірқатар келісімдерге қол қойылды.
Сондай-ақ, делегация өкілдері Қытайдың «Beijing Fine Tour İnternational Travel Service Co Ltd», «CYTS Xinjiang Culture and Tourism Development Co.,Ltd» басшылықтарымен Түркiстанда Қытай туристерiн арттыру бойынша келiссөз жүргізді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
