
Түркістан облысының әкімінің төрағалығымен Инвестициялық штабтың кезекті отырысы өтті. Жиында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жолдары мен мәселелері талқыланды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауаптыларға тиісті тапсырмалар берді.
– Біз үшін әрбір инвестициялық жоба маңызды. Осы мәжілісте өзекті мәселелерді айтып, шешу жолдарын ұсынған жөн. Облыс әкімдігі тарапынан тиісті қолдау көрсеіледі. Жобаларды уақтылы әрі сапалы атқару керек, – деді Нұралхан Көшеров.
Күн тәртібінде бірнеше ірі жобаның жүзеге асыру барысы қаралды. Бүгінде Сайрам ауданында ет комбинаты мен бордақылау алаңы салынуда. Ал Түркістанда қаптама материалдарын өндіретін зауыт салынады. Сонымен бірге Түркістан қаласында сэндвич-панельдер, әртүрлі шам түрлері, поролон, қасбеттік материалдар және өндірістік полиэтилен қаптамаларын өндіретін зауыт салу инвестициялық жобасы жүзеге асырылуда. Ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын зауыттың құрылысы, Арыс қаласындағы минералды су және басқа да алкогольсіз сусындар шығаратын цехты кеңейту барысы да талқыланды. Төлеби ауданындағы кіші гидроэлектр станциялары туралы да мағлұмат берілді.
Шардарадағы жүгері зауыты, Мақтааралдағы мақта тұқымын өндіретін және тамшылатып суару жүйелері мен полиэтилен құбырларын өндіретін зауыт салу инвестициялық жобасы және өзге де жобалар сарапталды.
Сонымен қатар бүгін Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров кезекті рет өңір тұрғындарын жеке қабылдап, өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Жауапты сала басшыларымен бірге мәселелерді зерделеп, оңтайлы шешу жолдарын қарастырды.
Жеке қабылдауға Түркістан қаласы мен Мақтаарал, Сарыағаш, Төлеби аудандарынан келген тұрғындар арыз-шағымдарын айтып, өңір басшысынан көмек сұрады. Мәселен, түркістандық тұрғын мемлекет тарапынан берілген үйді ауыстырып беруді сұраса, тағы бірі тұрғын үй ауласынан ойын алаңшасын алып тастауды талап етті. Азаматшаға ойын алаңшасы жергілікті тұрғындардың өтінішімен салынғаны айтылып, тыныштық бұзу бойынша Полиция департаменті тарапынан тиісті жұмыстар жүргізілетіні түсіндірілді. Облыс орталығының тұрғындары «Отырар» шағынауданын жарықтандыру мен көгалдандыру мәселелерін қозғап, тұрғын үйлерді басқарушы компанияның жұмысына шағым айтты. Өтініш иесіне тұрғын үй басқарушы компанияны өздері таңдауға немесе сервистік қызмет құруға құқықылы екені туралы ақпарат берілді. Төлеби ауданынан келген азамат Ленгір қаласындағы жолаушылар тасымалын субсидиялау бойынша ұсынысын жеткізді. Одан бөлек, тұрғын үй және коммуналдық түйіткілдер қозғалып, денсаулық және мәдениет саласына және сот шешіміне қатысты өтініш-талаптар айтылды.
Мәселелерді мұқият тыңдаған Нұралхан Көшеров ауыл-аймақты дамытуда тұрғындардың ұсынысы маңызды екенін атап өтіп, талаптар заң аясында шешімін табатынын жеткізді. Жауапты тұлғаларға тиісті тапсырма міндеттеп, әрбір тапсырманың орындалуы жіті бақылауда болатынын айтты.
Айта кетейік, облыс әкімінің және орынбасарлардың жеке қабылдауына жазу жұмыстарын Түркістан облысы әкімі аппаратының өтініштерді қарауды бақылау бөлімі жүргізеді. Қабылдауға «egov.kz» порталы, «е-otinish» бірыңғай базасы және «Ашық әкімдік» кеңсесіне келіп, жазбаша өтініш тастау арқылы жазылуға болады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
