
Түркістан облысының Қазығұрт ауданында орналасқан «Қазығұрт» индустриалды аймағында 4,9 миллиард теңгені құрайтын 8 жоба жүзеге асырылуда. Нәтижесінде, 249 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.
Бүгінде индустриалды аймақта жалпы құны 2,2 миллиард теңге болатын 4 жоба іске қосылып, 123 жаңа жұмыс орны ашылды. Одан бөлек, жаңа өндіріс орындарының құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков Қазығұрт ауданына жұмыс сапарымен барып, «Қазығұрт» индустриалды аймағын аралады. Жаңа жобалармен танысып, жұмысты пысықтады. Жауапты тұлғаларға тың жобаларды жүзеге асыру үшін инвесторлар тарту керек екенін айтып, жұмысты одан әрі жандандыруды тапсырды.
Қазіргі уақытта «Билол» ЖК тарапынан 3 гектар аумақта болат шарларын өндіретін зауыттың құрылысы жүргізіліп жатыр. Жобаның жылдық қуаттылығы – 5000-6000 тонна. Зауыттың құрылысы 80% аяқталып, құрал-жабдықтары орналастырылуда.
Сонымен қатар биылғы мамыр айында 2 жобаның құрылысы басталды. Нақтырақ айтқанда, «TIMUR.LES» ЖШС жиһаз, жұмсақ полиуретанды көбік және бағдарланған бөлшектер тақтасын шығаратын зауыт салуды қолға алды. Зауыт іске қосылғанда жылына 10 мың дана жиһаз өндіру жоспарлануда. Сондай-ақ, «AGRO irrigation» ЖШС су үнемдеуге арналған полиэтилен құбырларын шығаратын зауыт салмақ. Инвестиция құны 1,2 миллиард теңгені құрайтын жобаның жылдың қуаттылығы – 10 000 тонна. Қазіргі уақытта кәсіпорындар салуға қажетті жер телімдері рәсімделіп, инвесторлар зауыттардың құрылыс жұмыстарына кіріскен. «Сапа 2002» ЖШС 150 гектар жерге жаңбырлатып суғару жүйесін ендіру жұмыстарын жүргізуде.
Одан бөлек, «Көрік ШҚ» ЖШС 2018 жылдың қазан айынан бастап алкогольсіз табиғи шырынды сусындар шығаруда. Жоба қуаттылығы жылына – 1 мың тонна. 2019 жылдың қараша айында «CG Foods Central Asia» ЖШС тез әзірленетін тағамдар өндірісін іске қосқан. Өндіріс қуаттылығы жылына – 1100 тонна. Кәсіпорын өнімдерін Қазақстаннан бөлек, Ресей және Орта Азия елдеріне экспорттауда. Мұнда 100 адам жұмыспен қамтылған. Индустриалды аймақта «Асыл» ЖШС-нің автоматтандырылған ауыз су жүйесі және капсулалалар өндірісі іске қосылған. Сонымен қатар «Сәбит» шаруа қожалығы «Ағанай» су қоймасына 200 мың шабақ тастап, балық өсірумен айналысуда.
Айта өтер тағы бір ақпарат, бүгін Қазығұрт ауданында «Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау» күні қарсаңында барлық ауылдық округтерде «Бәріміз бірге – таза орта үшін» атты кең ауқымды сенбілік ұйымдастырылды. Табиғатты аялау мен қоршаған ортаны қорғау мақсатында өткен игі шараға мекеме қызметкерлері, ауыл тұрғындары және жастар өкілдері қатысты.
Сенбілік аясында елді мекендерде бірқатар тазалық және көріктендіру жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, көшелер мен мекемелердің аумағы, өзен жағалаулары қоқыстан тазартылды. Сонымен қатар ағаштарды әктеу, шөп өру, қураған бұтақтарды кесу, жас көшеттерді суару, ғимараттар мен кәсіпкерлік нысандардың қасбеттерін сырлау сынды жұмыстар атқарылды.
Аудан әкімі Азизхан Исмаилов сенбілік жұмыстары жүргізілген аумақтарды аралап, тазалықтың сақталуы мен жасыл желектердің күтіміне байланысты бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.
Еске салайық, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Түркістан облысында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі таңда өңірде жүзеге асыру жоспарланған 7263 іс-шараның 2614-і өткізілді. Жалпы, 458657 тұрғын белсенділік танытып, өз қалалары мен ауылдарын тазартуға үлес қосты. Бұл жұмыстарға 2980 арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде, 509 мың көшет отырғызылып, 9143 тонна қоқыс шығарылды. Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен апталық аппарат мәжілісінде баяндалды.
Аймақ басшысы тазалық, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарын тиісті деңгейде атқаруды тапсырып, бұл жұмыстар тікелей өз бақылауында екенін жеткізді.
Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың мәлімдеуінше, бүгінгі күнге дейін «TazaQazBot» ақпараттық жүйесіне 2320 өтінім түскен. Оның ішінде, 2 308-і орындалған болса, 12 өтінім орындалу барысында. Қоғамдық орындарда санитарлық талаптарын сақтамаған тұлғаларға жыл басынан бері 10 570 хаттама толтырылып, 262,5 миллион теңге айыппұл салынды. Оның 142,6 миллион теңгесі өндірілді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 21 %-ға өскен.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында аэровизуалды мониторинг нәтижелерін «109» өтініштерді өңдеу жүйесіне интеграциялап, байланыстыру жұмыстары қолға алынды. Елімізде алғаш рет енгізіліп отырған бастама жедел әрекет етуге мүмкіндік бермек. Осыған орай, жауаптыларға аудан, қала әкімдіктерін арнайы дронмен қамтамасыз етіп, бейнематериалдар мен фотодеректерді «109» жүйесіне жедел жүктеу арқылы ретке келтіру бойынша тапсырма берілді. Одан бөлек, жиын барысында кемшіліктер де айтылып, өзекті мәселелер ортаға салынды. Мәселен, елді мекендерден қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және тасымалдау мәселесі толықтай реттелмеген.
Мәжілісте қалдықтарды сұрыптап жинау жүйесін Түркістан қаласында пилоттық режимде енгізу ұсынылды. Ұсынылған модель бойынша қалдықтар 5 негізгі категорияға бөлінеді. Атап айтқанда, қағаз, шыны, металл, электронды қалдықтар мен пластиктер салуға арналған арнайы контейнерлер орнатылмақ.
Өңірді көркейту, қоршаған орта тазалығын сақтау бағытында облыс халқы мен мемлекеттік органдар бірлесе жұмыс істеуі қажет.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
