
Арыс қаласында инвесторларды тарту арқылы ауқымды жобаларды жүзеге асыру жолға қойылған. Ағымдағы жылы жалпы құны 29,5 миллиард теңгені құрайтын 26 инвестициялық жоба қолға алынып, 400-ден астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.
2024 жылы өнеркәсіп өнімдерін арттыру мақсатында жалпы құны 15 миллиард теңгені құрайтын 22 инвестициялық жоба іске асырылып, 593 жұмыс орны құрылған. Бұл жайында Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеді.
«Биыл шаһардың экономикалық әлеуетін арттырып, тұрғындарды жұмыспен қамтуға серпін беретін бірқатар ірі жобалар қолға алынды. Мәселен, ауыл шаруашылығы саласында «Түркістан Агро KZ» ЖШС-і 50 мың бас ірі қара малын бордақылау алаңы мен 3 мың гектар жерде жаңбырлатып суғару арқылы мал азығын дайындау жобасын іске асырып жатыр. Сондай-ақ, «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС-і 13 миллиард теңгеге тамшылатып суғару жүйесі арқылы 9 мың гектар жерге мақта өнімін өндіру жобасын қолға алды. Бұдан бөлек, «ALASH LOGISTIC» ЖШС-і жаңбырлатып суғару әдісімен 900 гектар жерге мал азығын өсіру жобасын іске асыруда», — деді қала әкімі.
Сондай-ақ, қаладағы жалпы өңірлік өнім көлемі биылғы жылдың 4 айында 13,9 миллиард теңгеге жеткен. Ал, өнеркәсіп өндірісінің көлемі өткен жылы 10,3 миллиард теңгеге жетсе, 2025 жылдың 4 айында 4,4 миллиард теңгені құрап отыр. Қаладағы инфрақұрылым саласында да бірқатар өзгерістер бар. Мәселен, өткен жылы қаладағы 2 жылу қазандағының ескіруіне байланысты көмірден газ жүйесіне көшіру мақсатында модульдік қазандықтың құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілген. Нәтижесінде бүгінде қаладағы барлық жылу қазандықтары табиғи газбен жылытылып отыр. Сонымен қатар, қала тұрғындарын сапалы электр жарығымен қамтамасыз ету мақсатында да бірқатар ірі жобалар қолға алынды. Атап айтқанда, Шағыр, Бақырша және Ақтас елді мекендерінде жалпы ұзындығы 20 шақырымды құрайтын ескірген электр желілері толық жаңартылды. Бұл жұмыстардың нәтижесінде 1206 адам тұрақты және сапалы электр қуатымен қамтамасыз етіліп отыр.
Бұдан бөлек Арыс қаласында «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында 600 орындық мектептің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Заман талабына сай бой көтеріп жатқан нысан жаңа оқу жылынан бастап оқушыларды қабылдауға әзір. Нысандағы атқарылып жатқан жұмыстармен Түркістан облысының БАҚ өкілдері шаһар аумағында өткен баспасөз-тур барысында танысты.
Жобаға сәйкес, білім ордасында екі спорт зал, кең көлемдегі акт залы, кітапхана, мәжіліс залдары, пәндік кабинеттер, зертханалар, шеберханалар мен коворкинг-аймақтар бар. Сонымен қатар, мектеп ауласында стандартқа сай футбол алаңы да салынуда. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары 80 пайызға орындалған.
Сондай-ақ, қалаға қарасты Ақдала ауылында үлкен спорт кешені бой көтеріп келеді. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында салынып жатқан бұл кешен Ақдаладағы алғашқы спорттық нысан саналады. Құрылыс жұмыстары былтыр басталған. Биыл толық аяқталып, ел игілігіне беріледі деп күтіліп отыр. Жалпы аумағы 371 шаршы метрден асатын кешеннің іші кең әрі жарық. Ішкі жабындысы сапалы материалдан жасалып, сыртқы қабырғалары жылу ұстайтын металл сайдингпен қапталуда. Онда медициналық пункт, киім ауыстыратын бөлмелер мен ішкі санитарлық тораптар қарастырылған. Спорт залы бір мезгілде 100-ден астам адамды қабылдай алады. Ауыл жастары енді волейбол, баскетбол, бокс, күрес, үстел теннисі мен гимнастика сынды спорт түрлерімен айналысуға мүмкіндік алмақ.
БАҚ өкілдері келесі кезекте Арыс қаласындағы «Барыс» шағын ауданындағы жеке инвестордың қолдауымен салынып жатқан көпқабатты тұрғын үй кешенімен танысты. Қазір онда 60 пәтерлі екі тұрғын үйдің құрылыс-монтаждау жұмыстары қызу жүріп жатыр. Жалпы ауданы 3348 шаршы метрді құрайтын бұл нысанды «Лидер-НС Строй» ЖШС салып жатыр. Кешеннің алғашқы үйі биыл пайдалануға берілмекші.
Айтпақшы, Арыста кеурек қазған шетелдіктер анықталғанын туралы да айта өтсек. Табиғи емдік-дәрілік кеурек өсімдігінің қазылған учаскелерін анықтау жөнінде арнайы жұмысшы топ рейдтік шаралар жүргізуде.
Құрамында Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, Табиғат қорғау прокуратурасы, облыстық полиция басқармасы, Арыс қалалық ауыл шаруашылығы, жер қатынастары бөлімінің мамандарынан құралған жұмысшы топ кезекті зерделеу жұмыстары нәтижесінде Монтайтас, Қожатоғай ауылдық округінің далалы алқапта кеурек қазуға кіріскен 3 шетел азаматы анықтады.
Белгілі болғандай, шекараны заңсыз кескен шетелдіктер далалы алқапта шатыр тігіп, қазан-ошақ әзірлеп, дәрілік өсімдікті рұқсатсыз жинауға тастүйін дайындық жүргізген.
Тексеру нәтижесінде, жайылымдық жер иесіне акт толтырылып, ал шетел азаматтары заң аясында тиісті шара қолдану үшін Арыс аудандық полициясына тапсырылды.
Айта кетейік, Арыс қалалық Жер қатынастары бөлімі ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылатын жайылымдық жерлерді заңсыз қазу немесе бүлдіру заң аясында жауапкершілікке әкелетінін ескертеді. Әкімдік тарапынан бұл бағытта рейдтік шаралар жұмыстары әлі де жалғаспақ.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
