
Түркістан облысы мен Қытайдың Шэньси және Хубэй провинциялары арасында бауырластық туралы келісімге қол қойылды.
Осы күні «Шэньси провинциясымен танысу» тақырыбындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық конференциясында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков жасалған келісімдер бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жаңа мүмкіндіктер ашатынын жеткізіп, инвестициялық әріптестік пен өңіраралық экономикалық ынтымақтастықты жандандыруға жаңа серпін беретінін айтты. Инвесторларға құнды ақпараттар беріп, тәжірибе алмасуға шақырды.
Форум В2В форматындағы кездесулерге жалғасты. Онда келіссөздер жүргізіліп, өңіраралық ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды.
Орайы келгенде айта өтейік, Мемлекет басшысы Орталық Азия елдерімен жан-жақты ынтымақтастыққа ниет танытқаны үшін Қытай Халық Республикасы Төрағасы Си Цзиньпинге алғыс айтты. Сондай-ақ Саммит жұмысына белсене атсалысып, өңірлік ынтымақтастыққа ұдайы қолдау көрсетіп келе жатқан бауырлас мемлекеттердің басшыларына ризашылығын жеткізді.
– Жиынға қатысып отырған Орталық Азия мемлекеттерінің өзара сенімі мен ортақ күш-жігерінің нәтижесінде тату көршілік қарым-қатынасқа, достық пен қолдауға арқа сүйеген ынтымақтастықтың бұрын-соңды болмаған үлгісі қалыптасты. Осы ретте аса көрнекті мемлекет қайраткері, Төраға Си Цзиньпин басқаратын Қытай елінің белсенді әрі тиімді рөлін атап өткеніміз дұрыс. Көршілес Қытай Қазақстанның мәңгі әрі стратегиялық серіктесіне, нағыз досына айналды. Сексен миллиондай халқы бар ауқымды нарыққа ие және табиғи ресурстарға бай біздің өңір халықаралық қатынастардың, сондай-ақ сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық ынтымақтастықтың маңызды субъектісі ретінде өз позициясын бірте-бірте нығайтып келеді. Осынау оң үдерісте Қытай Халық Республикасымен сан қырлы ықпалдастық негізгі рөл атқарады. Орталық Азия мен Қытай арасындағы байланыстар мәңгілік, кез келген жағдайға бейім әрі жан-жақты стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілгеніне баса назар аударғым келеді, – деді Президент.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
