
Түркістан облысында мақта және тоқыма кластерін дамыту жолға қойылған. Осыған орай облыс әкімі Нұралхан Көшеров шетелдік ірі компанияның бас директорымен кездесіп, мата өндіру мен киім тігу саласында инвестициялық жобаны жүзеге асыру жайын жан-жақты талқылады.
Аймақ басшысы өңірде мақта-тоқыма кластерін дамытуға аса басымдық берілгенін айтып, бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.
– Түркістан облысында мақта-тоқыма кластерін құруды қолға алдық. Қазіргі таңда мақта өңдеудің толық циклін қамтитын ірі жобалар жүзеге асырылуда. Сіздер ұсынған жобаларды да зерделеп шықтық. Өңір экономикасына тиімді жобаларды қолдауға әрқашан дайынбыз. Құжаттандыру жұмыстарын сүйемелдейміз. Шарттарымыз да бар. Талаптарды белгілеп, жіті зерделеп, меморандум жасаймыз, – деді Нұралхан Оралбайұлы.
Жоба аясында жіп иіру желілерін, сондай-ақ, джинсы маталарын шығаратын, киім тігетін өндіріс желілерін іске қосу жоспарланған. Ол үшін Түркістан қаласындағы «TURAN» АЭА аумағынан 20 гектар жер қарастырылуда. Тоқыма өндірістік базасы үш кезең бойынша жүзеге асырылмақ. Атап айтқанда, бірінші кезеңде роторлық иіру өндірісінің, екінші кезеңде сақиналы иіру өндірісінің, үшінші кезеңде джинсы мата өндірісінің құрылысын жүзеге асыру көзделген.
Компания басшысы барлық өңірлер арасынан таңдауы Түркістанға түскенін айтып, жіп иіру және мата шығару бағытындағы жетістіктерімен бөлісті. Жоғары сұранысқа байланысты киім-кешек тігетін зауыт салуды да жоспарлап отырғанын айтты. Құрылыс жұмыстарын биыл бастауға дайын әрі келесі жылы 1-ші кезең бойынша жұмыстарды аяқтауға ниетті екенін жеткізді.
Жүз пайыз жергілікті шикізатты (мақта) пайдалана отырып, өнімді Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) шеңберінде экспортқа бағыттау, соның ішінде Орталық Азия, Ресей және Еуропа нарығына шығару көзделіп отыр.
Сонымен қатар Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Өзбекстаннан келген инвесторлармен де кездесті. «U-UMAX Group» компаниясының өкілдері Түркістан облысымен әріптестік және іскерлік байланыс орнатуға ниетті екендерін жеткізді. Өңір басшысы Түркістан облысында қолайлы инвестициялық климат қалыптасқанын жеткізді.
– Өзбекстан – көршілес мемлекет қана емес, бауырлас ел. Орталық Азиядағы экономикасы дамып келе жатқан қос мемлекет арасында байланыс өте жоғары деңгейде. Түркістан облысында кәсіпкерлікті, өндірісті, туризмді, ауыл шаруашылығын дамытуға басымдық берілген. Ұсыныстарды қарастыруға дайынбыз, – деді Нұралхан Көшеров.
Өзбекстандық кәсіпкерлер құрылыс, жол, теміржол және өзге де салалар бойынша жобаларды қарастыратындарын жеткізді. Әріптестікті, байланысты нығайту жолдары талқыланып, келіссөздер жүргізілді.
Айта кетейік, облыс көлемінде инфрақұрылым желілерімен қамтылған 19 индустриалды аймақ пен шағын өндірістік парк, 5 өндірістік субзонасы бар арнайы экономикалық аймақ бар. Бұл аймақтарда 52 кәсіпорын жұмыс істейді. Қазіргі уақытта қосымша 195,4 миллиард теңгеге 57 жобаға қажетті құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
