Түркістан облысы: Сайрам ауданында заманауи мал бордақылау кешені мен ет комбинаты іске қосылды

Түркістан облысының Сайрам ауданына қарасты Ақсукент ауылында «KAZ ECO MEAT» ЖШС-нің 5 мың басқа арналған ірі мал бордақылау алаңы іске қосылды. Маңызды кешенге Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы барып, кәсіпорынның ашылу салтанатына қатысты. Мал сою бекетінің құрылыс жұмыстары жобалау сметалық құжатқа сай 100%-ға толық орындалған.

Дәлірек айтсақ, жоба құны 8 500 миллион теңгені құрайды. Мұнда жылына 5000 бас ірі қара мен 10000 тонна ет өңделеді деп жоспарланған. Өндірістік кооператив 13 гектар аумақта орналасқан. Жаңадан 100 жұмыс орны құрылыпты. Өндіріске қажетті құрал-жабдықтар және арнайы құрылғылар Беларусь, Қытай және Түркия елдерінен алынған. Қажетті сиыр малы жергілікті фермерлік шаруа қожалықтарынан және солтүстік өңірлерден жеткізіледі.

Аймақ басшысы ірі қара мал сою алаңына барып, ондағы ет пен қанды өңдеу цехының жұмыс жүйесімен танысты. Жауапты мамандарға жоба аясында сапалы жұмыс жүргізу мен экспортты ұлғайту керектігін ескертті.

Кәсіпорын жоғары техникалық құралдармен жабдықталған, малдан алынатын өнімдерді неғұрлым толық пайдаға асыру мақсатында мал бордақылау кешенінде ірі қараға автоматтандырылған жем беру жүйесі енгізілген. Кәсіпорында қанды жинауға арналған арнайы құрал-жабдықтар мен қондырғалар қолданылады. Яғни, қанды өңдеп, кәдеге жаратып, арнайы өнімдер шығарады. Сонымен бірге малдың сүйегі де өңделеді. Қалдықсыз өндіріс принципі бойынша жұмыс істейді. Ет комбинаты халықаралық талапқа сай және экспортқа негізделген.

Одан кейін облыс басшысы Сайрам ауданына қарасты Манкент елді мекеніндегі «NURYM GROUP» ЖШС тарапынан салынған құрама жем өңдеу зауытының жұмысын қадағалады. Аралау барысында зауыттың басшысы Сырым Ертаев аймақ басшысына шикізат сынамасын зерттеуге арналған лабораторияның жұмыс жүйесін таныстырды. Арнайы инновациялық технологияны қолдану арқылы бой көтерген нысанның құрылысы толық бақыланды.

Өңдеу зауытының жобалық құны 2 231,0 миллион теңгені құрады. Жоба аясында мұнда 12 адам жұмыспен қамтылған. Нысан сағатына 20 тонна жем өңдеуге қауқарлы екен. Құрама жем қоспасы арқылы мұнда малазықтық өнімдер өңделеді. Жалпы 7,25 гектар аумақты құрайтын алаң жеке кәсіпкердің қаржысы есебінен салынған.

Айта кетейік, осыған дейін Түркия мемлекетімен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде зауытқа арнайы қондырғылар жеткізілген болатын. Нысан биыл толық іске қосылып, тұрақты жұмыс жүргізіле бастады.

Сонымен қатар Сайрам ауданының Ақсукент ауыл округінде 80 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатқанын да атап өтейік. Соның 32 пәтері бүгін пайдалануға тапсырылды.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Сайрам ауданы, Ақсукент ауыл округіне арнайы барып, тұрғындардың қуанышын бөлісті. Тұрғын үй кезегінде тұрған баспанаға мұқтаж отбасыларға арендалық пәтер кілттерін табыстап, ізгі тілегін жеткізді.

– Бүгін біз маңызды әлеуметтік жобалардың бірі – арендалық тұрғын үйдің ашылу салтанатында бас қосып отырмыз. Бұл — ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру жолында қолға алынған нақты істердің нәтижесі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елімізде азаматтарды баспанамен қамту — стратегиялық басым бағыттардың бірі. Облыста тұрғын үйге деген сұраныс жоғары. Осы сұранысты кезең-кезеңмен шешу мақсатында мемлекет тарапынан нақты шаралар қабылданып келеді. 2018–2024 жылдар аралығында облыс көлемінде 7,7 мың отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілсе, соның ішінде Сайрам ауданында 159 отбасы қоныс тойын тойлады. Ал бүгін тағы 32 отбасы жаңа пәтерлерге қол жеткізді. Жаңа пәтерлер — тұрғындарымыздың өміріне жайлылық, тұрақтылық және жаңа үміт сыйласын! – деген Нұралхан Оралбайұлы жұртшылықпен бірге пәтерлерді аралап шықты.

Бұл тұрғын үйлер көпбалалы және толық емес отбасыларға, мүгедектігі бар азаматтар мен жетім балаларға үлестірілді.

Екі қабатты 6 тұрғын үй 1,1 гектар аумақта орналасқан. Оның ішінде, 20 пәтер – 1 бөлмелі, 40 пәтер – 2 бөлмелі және 20 пәтер – 3 бөлмелі. Нысан құрылысын «Тұрғын үй-моммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында 2024 жылы жеке инвестор қолға алып, биыл пайдалануға тапсырды.

Қазіргі таңда облыс көлемінде 69 мың азамат тұрғын үй кезегінде тіркелсе, соның 6 пайызы — (4 251 азамат) Сайрам ауданының тұрғындары. Аудандағы баспана мәселесін шешу мақсатында Ақсукент және Ақбастау ауылында екі қабатты 96 пәтерлі тұрғын үйді сатып алу жоспарланып отыр.

Түркістан облысында тұрғындарды баспанамен қамту бағытында ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде облыс орталығы мен аудандарда тұрғын үйлер салынып, баспана кезегінде тұрған азаматтарға пайдалануға берілу үстінде.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You