
Түркістан облысына қарасты аудан, қалаларда бірқатар әлеуметтік нысандар бой көтеру үстінде. Соның бірі – Кентау қаласының Қарнақ ауылындағы 300 орындық мәдениет үйі. Бүгін облыс әкімі Нұралхан Көшеров Кентау қаласына арнайы іссапармен барып, мәдениет үйінің құрылысымен танысты, мердігерлермен жүздесті.
Нысан 300 көрерменге шақталған. Жалпы алаңы 0,7 гектар аумақты құрайды. Бүгінде 2 қабаттан тұратын ғимараттың жарықтандыру жұмыстары қолға алынған. Құрылыс жұмыстарына «РСУ-1» ЖШС мердігер компаниясы жауапты. Биыл нысанның жұмысына 793 миллион теңге қаржы бөлінген. Қазіргі уақытта нысан қабаттарында монолит құю, бетондау жұмыстары аяқталған. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында қолға алынған нысанның құрылысы жыл соңында немесе 2026 жылы аяқталады деп күтіліп отыр.
Өңір басшысы жауапты тұлғаларға құрылыс жұмыстарын сапалы әрі уақытында аяқтауды тапсырды. Жобадағы кемшіліктерді түзеуді міндеттеді.
Аралау барысында облыс әкімі Қарнақ елді мекенінде құрылысы жүріп жатқан «Kaz Real Meat» мал бордақылау алаңына барып, жұмыс барысымен танысты. Бірінші кезеңде 1500 бас ірі қара етін өндіретін кәсіпорында 2-кезеңде қуаттылығын 5 мың басқа жеткізу көзделіп отыр. Мұнда 25 адамдық жұмыс орны құрылады. Жоба құны – 1 миллиард теңге. Бордақылау алаңы 31 гектар аумақта орналасқан. Өнім ішкі нарыққа бағытталады және шетелге экспортталады деп күтіліп отыр.
Аралау барысында облыс әкіміне Қарнақ ауылында ашылатын шағын өндірістік парктің жобасы да таныстырылды.
Тағы бір атап өтер мәселе. Түркістан облысында тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу өндірісі дамып келеді. Аймақ басшысы Нұралхан Көшеров Кентаудағы индустриалды аймақты аралап, мұндағы өндірістік жобалармен танысты. Кәсіпкерлермен тілдесіп, ұсыныстарын тыңдады. Сала мамандарына өндірісті дамыту бағытында тапсырмалар жүктеді. Бұл салаға басымдық беріліп, қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Қалада 43 гектар жерде индустриялық аймақ орналасқан. Бүгінгі таңға 7 жоба іске асырылған. Биыл үш жоба іске қосылмақ.
Өңір басшысы Кентау индустриалды аймағында орналасқан «АБН Альянс» ЖШС-нің полиэтиленді құбыр өндіретін кәсіпорнының жұмысымен танысты. Сондай-ақ мұнда құбыр өндірісінен бөлек кірпіш зауытының жұмысы қарқынды жүргізілуде. Цехта жалпы саны 80 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жоба құны 1,5 миллиард теңгені құрайды.
Биыл Кентау қаласында жалпы 16 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған екен. Жоба толық іске қосылса, 492 жаңа жұмыс орны құрылады. Атап айтқанда, өнеркәсіп саласы бойынша нақты 4 жоба құрылып, 310 тұрақты жұмыс көзі ашылады деп күтіліп отыр. Ондағы 2 жоба арнайы экономикалық аймақта орналасса, қалған 2 жоба индустриалды аймақта жүзеге асады. Мұндағы мақсат – тұрғындарды жұмыспен қамту, өңірдің өндіріс көлемін арттыра отырып, экономикалық дамыған аймаққа айналу. Сонымен бірге «TURAN SHENHUA» ЖШС-нің газ қазандықтары мен тұрмыстық техникаларын өндіру жобасы жоспарда бар. Кәсіпорын 120 адамды жұмыспен қамтымақ. Құрылыс жұмыстары биылғы қараша айында аяқталады, жобалық-сметалық құны 2,4 миллиард теңгені құрайды. Кентау индустриалды аймағында «АйдарСтройГрупп» ЖШС тарапынан металл бұйымдарының өндірісі қолға алынады. Мұнда 50 тұрақты жұмыс орны ашылады, құрылыс жұмыстары биыл аяқталып, қолданысқа беріледі деп күтілуде.
Жалпы өңірде метал құрылымдарының өндірісі даму үстінде. Оған дәлел, экономикалық аймақта тағы бір метал құрылымдарын өндіретін «Сапар Құрылыс-С»ЖК цехының құрылысы жүріп жатыр. Мұнда 60 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Жоба құны 400 миллион теңгені құрайды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
