
Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров мал шаруашылығын дамыту бағытында жұмыс жүргізіп жатқан кәсіпкерлермен кездесті. Кездесуде аудан басшысы ауыл шаруашылығы саласының, әсіресе, мал бордақылау бағытындағы жобалардың маңыздылығына тоқталып, мемлекет тарапынан қолдаулар мен мүмкіндіктерді тиімді пайдалану қажеттігін айтты.
— Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығын қолдауға барлық жағдай жасалып отыр. Мал шаруашылығымен айналысатын шаруаларды бір орталыққа шоғырландырып, жер телімдерін бөліп бердік. Қазірдің өзінде нақты жобалар іске асып, ауданның экспорттық әлеуеті артып келеді. Бұл — бір жағынан өнім көлемінің артуына, екінші жағынан жаңа жұмыс орындарының құрылуына сеп болуда, — деді аудан әкімі Мақсат Таңғатаров.
Бүгінде ауданның 12 ауылдық округінен 231 гектар жер мал шаруашылығын дамытуға арналып белгіленген. Әр шаруаға 50 сотықтан жер бөлініп, онда малшы үйі салынып, кемінде 100-ден 500 басқа дейін ірі қара мал бордақыланатын болады. Сонымен қатар орталық мал сою бекеттерін құру да көзделуде.
Қазіргі таңда 196 мал бордақылау алаңы белгіленіп, оның ішінде 37 шаруа қожалығы құрылыс жұмыстарын бастап кеткен. Бұл жұмыстар нәтижесінде 600-ден астам жаңа жұмыс орны ашылып, аудан бойынша ет өнімінің көлемі 2 есеге артады деп күтілуде.
Кездесу барысында кәсіпкерлер өзара тәжірибе алмасып, салынып жатқан жобаларымен бөлісті. Атап айтқанда, «Мырзахан» шаруа қожалығы 10 мың бас ірі қара малға арналған бордақылау алаңының құрылысын бастап кеткен. Жоба 20 гектар аумақты қамтиды. Мұнда мал бордақылау алаңы ғана емес, сонымен қатар мал сою, ет өңдеу және сақтау кешені де салынбақ. «Әл-Береке» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі 10 мың бас ұсақ малға арналған бордақылау алаңының құрылысын жүргізуде.
Жобаларды бастаушы кәсіпкерлер өзара сұрақ-жауап форматында пікір алмасып, алдағы уақытта бірлесіп жұмыс істеуге дайын екендіктерін жеткізді. Аудан әкімдігі тарапынан бұл жобаларға тұрақты түрде әдістемелік және инфрақұрылымдық қолдау көрсетіліп келеді. Мал шаруашылығын жүйелі жүргізу арқылы Сауран ауданы алдағы жылдары аймақтық ет өндірісінің жетекші орталықтарының біріне айналмақ.
Сұлтанбек Қожанов ауылындағы ауыз су мәселесі аудан әкімінің бақылауында тұр
Сонымен қатар бүгін Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров жұмыс сапарымен Үшқайық ауылдық округіне барып, Сұлтанбек Қожанов елді мекеніндегі таза ауыз су жүйелерін жаңғырту жұмыстарының барысын тексерді. Сапар барысында мердігер мекеменің өкілдерімен кездесіп, жұмыс сапасына ерекше назар аударды.
Аудан басшысы су жүйесінің құрылысымен таныса келе, сапалы әрі уақтылы аяқталуын тапсырды. Сонымен қатар, елді мекен тұрғындарымен де тілдесіп, ауыз су мәселесіне қатысты ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
– Мемлекет басшысы халықтың өмір сапасын жақсартуға ерекше көңіл бөліп отыр. Ауыз су — әр отбасының басты қажеттілігі. Сондықтан бұл жұмыс күн тәртібінен түспейді. Біз әр ауылға таза ауыз суды жеткізуді басты міндет етіп отырмыз, — деді аудан әкімі Мақсат Таңғатаров.
Аталған жобаның аясында елді мекенді тәулігіне 24 сағат үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз ету көзделген. Қазіргі таңда күрделі құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Толықтай жұмыстар қыркүйек айында аяқталады деп жоспарлануда.
Жалпы, ауыз су құбырының ұзындығы 20,9 шақырымды құрайды. Жоба іске қосылған кезде 235 абонент сапалы ауыз суға қол жеткізетін болады. Сонымен қатар, ауылдағы 2 мектеп, 1 балабақша, мешіт және зертхана нысандары да орталықтандырылған таза сумен қамтамасыз етіледі.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
