Созақ ауданында балаларға арналған нысандардың қарасы қалыңдап келеді

Бүгін Жартытөбе ауылдық округінде балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне және спортпен айналысуына мүмкіндік беретін үш жаңа нысан ашылды. Бабата елді мекенінде кіші футбол алаңы мен балалар ойын алаңшасы пайдалануға берілсе, Жартытөбе ауылында да кіші футбол алаңы ел игілігіне ұсынылды.

Ашылу рәсіміне арнайы қатысқан аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков жергілікті тұрғындарды жаңа нысандардың ашылуымен құттықтап, ауыл жастары үшін жасалып жатқан игі істердің маңыздылығын атап өтті.

– «Бұл нысандар – ауыл жастары үшін үлкен мүмкіндік. Балалардың спортпен шұғылданып, бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасайды. Мұндай спорттық және ойын алаңшалары барлық ауылдарда салынып жатыр. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады», – деген аудан басшысы округтегі басқа да ауқымды жұмыстардың барысымен бөлісіп, демеушілердің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан жобалар жөнінде де айтып өтті.

Іс-шара барысында бүлдіршіндерге балмұздақтар үлестірілді. Жаңа ашылған алаңдарда алғашқы ойындар өтіп, балалардың қуанышы еселене түсті.

Ауыл ақсақалдары мен тұрғындар атқарылып жатқан жұмыстарға ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын айтты. Жаңа нысандардың ауыл өмірін жандандырып, балалар мен жастардың уақытын пайдалы өткізуіне мүмкіндік беретінін атап өтті.

Осы ретте айта кететін жайт, округке қарасты Аққолтық елді мекеніндегі кіші футбол алаңының құрылысы да аяқталуға жақын. Жақын күндері ол да тұрғындардың пайдалануына беріледі.

Естеріңізде болса, осыдан бір апта алдын Қыземшек кентінде де балаларға арналған инфрақұрылымды дамыту мақсатында тағы екі жаңа ойын алаңшасы пайдалануға берілді. Бұл жолы заманауи алаңшалар Шұғыла көшесі мен екінші шағын ауданнан салынды.

Ашылу шарасына кент әкімі Марс Әбіл қатысып, тұрғындарды жаңа нысандардың ашылуымен құттықтады. Кент қариялары ізгі тілектерін арнап, алғыстарын жеткізді. Шара аясында балаларға балмұздақтар үлестіріліп, аниматорлар бүлдіршіндерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Айта кетейік биыл Қыземшек кентінде абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұған дейін 1-ші шағынаудандағы 23-үйдің алдында тағы бір балалар ойын алаңы салынған. Сонымен қатар Таңбалытас көшесіндегі кіші футбол алаңының құрылысы толық аяқталып, пайдалануға берілді.

Қоғамдық қауіпсіздікті арттыру мақсатында кент аумағына 7 бейнебақылау камерасы орнатылды. Көше бойларындағы жарық бағаналары безендіріліп, орталық саябақта жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мұнда 1 020 шаршы метр жерге аяқжол төселіп, қоршаулар жаңартылуда.

Жалпы алғанда, 2025 жылы Қыземшек кентінде 9 балалар және воркаут алаңы, сондай-ақ 2 кіші футбол алаңы салынуда.

Алдағы уақытта кенттегі мектепке апаратын жол бойына веложол мен жаяу жүргіншілер жолы төселеді. Сонымен қатар мектеп маңы мен Геологтар, Жастар, Жетіқоңыр көшелері қиылыстарына жалпы көлемі 612 шаршы метр болатын аяқжол салу жұмыстары жүргізіледі.

Жарықтандыру бағытында да бірқатар жобалар іске асырылуда. Атап айтқанда, атауы жоқ айналма жол (0,8 км), Сарыарқа көшесі (0,6 км), Шұғыла көшесі (0,5 км) мен Тайқоңыр елді мекенінің Ақжайық көшесіне (1,0 км) көше шамдарын орнату бойынша жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалып, құрылыс жұмыстары басталмақ.

Сондай-ақ Тайқоңыр елді мекенінде футбол алаңшасын салу және қоқыс контейнерлерін орнату жобалары жүзеге асырылуда. Бұдан бөлек, әкімдік ауласын абаттандыру мен көгалдандыру және көше атауларын жаңғырту жұмыстары да кезең-кезеңімен жүргізіліп келеді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You