
Түркістан облысы инвестициялық жобалар тартуда жаңа серпін алды. Қытайлық алпауыт компания өңірде тыңайтқыш өндіретін зауыт салуға ниетті. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Қытай Халық Республикасының ауыл шаруашылығы және тыңайтқыш өндірісі бойынша ең ірі компанияларының бірінің өкілдерімен кездесті.
Келіссөздер барысында инвестиция көлемі 800 миллион АҚШ долларынан асатын ірі өндіріс жобасы талқыланды. Логистика, инженерлік инфрақұрылым мәселелері пысықталды.
Атап өтерлігі, Түркістан облысы – ауыл шаруашылығында жетекші орын алатын стратегиялық өңір. Бұл жоба жүзеге асқан жағдайда, Түркістан облысында жылына 2 миллион тоннаға дейін тыңайтқыш өндіретін зауыт салынуы мүмкін. Аталған кәсіпорын Қазақстандағы ғана емес, Орталық Азиядағы аса ірі агроөндірістік нысандардың бірі болмақ.
Облыс басшысы Нұралхан Көшеров кездесуде шетелдік әріптестерге нақты басымдықтарды атап өтті. Жоба аясында өндірісте экологиялық қауіпсіз, энергия үнемдейтін, ең бастысы, су ресурстарын тиімді пайдаланатын технологиялар енгізудің маңыздылығын айтты.
– Түркістан облысы – ауыл шаруашылығы үшін табиғи-климаттық, ресурстық және инфрақұрылымдық тұрғыда ең қолайлы өңір. Біздің өңір елдегі жалғыз мақта егетін аймақ қана емес, сонымен бірге жеміс-жидек, бақша дақылдары, мал шаруашылығы, суармалы егіншілік бағытында да айрықша әлеуетке ие. Біз Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, шетелдік инвесторлармен тығыз жұмыс жүргізіп жатырмыз. Су үнемдеу технологияларын енгізу, тыңайтқыш өндірісін дамыту – біздің аграрлық саясатымыздың басымдықтарының бірі. Жаңа жобаның жүзеге асуына жан-жақты қолдау көрсетіледі, — деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.
Ауыл шаруашылығы өнімдерінің өнімділігін арттыруда тыңайтқыш қолдану шешуші рөл атқарады. Бұл зауыт іске қосылғанда шаруалар қолжетімді әрі сапалы тыңайтқышпен қамтылады, ішкі нарық қажеттілігі толық өтеліп, экспорттық әлеует қалыптасады, 2 000-нан астам тұрақты жұмыс орны ашылады. Қосалқы өндірістер, логистика, қойма, қызмет көрсету салалары да қоса-қабат дамиды деген сөз.
Инвестор демекші, бүгін Жетісай ауданында инвестиция тарту, жаңа жобаларды жүзеге асыру арқылы жұмыссыздық деңгейін төмендету бойынша Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасын жүзеге асыру аясында аудан әкімі Серік Мамытов түрік инвесторларымен кездесті.
«Горкем Тарым» компаниясының басшысы Горкемоглу Факуруллахпен кездесу барысында қос тарап өндірістік жылыжай мен көкөніс сақтау қоймасын салу, ауданда өндірілетін жеміс-жидектерді шет елдерге экспорттау, бау-бақша өсіру және мол өнім беретін көшеттерді тасымалдау секілді мәселелерді талқылады. Өз кезегінде Серік Үсенұлы негізгі табысын ауыл шаруашылығы саласы құрайтын ауданда қайта өңдеу кәсіпорындарын ашу мүмкіндігі мол екенін, шаруалар мақтамен қатар бақша өнімдерін де көптеп егетінін, шикізат тапшылығы сезілмейтінін айтып, аудан экономикасының артуына септігін тигізетін кез-келген инвестициялық жобаларға заң аясында қолдау көрсетуге, тиісті жұмыстардың ешбір кедергісіз жүргізілуіне ықпал етуге дайын екенін жеткізді.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының бастамасымен жыл сайын кәсіпкерлерге жасалатын мемлекеттік қамқорлықтар мен берілетін несиелердің суммаларының артуы нәтижесінде соңғы 5 жылда ауданға 90,2 миллиард теңгенің инвестициясы тартылса, 2030 жылы бұл көрсеткішті 419,6 миллиард теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Өткен жылдың өзінде жалпы құны 4,3 миллиард теңгені құрайтын 8 жоба іске асырылып, 262 жаңа жұмыс орны ашылған.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
