
Сауран ауданында шағын кәсіпорындар саны артып келеді. 2024-2026 жылдар аралығында ауданның бірнеше ауыл округтерінде өндіріс аймақтары құрылуда. Бірінші кезеңде Қарашық, Иассы, Жүйнек, Шорнақ және Үшқайық ауыл округтерінен 55 гектар жер бөлініп, 5 өндіріс алаңы құрылды.
Осы алаңдарға 115 цех салу жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде 60 кәсіпкермен меморандум түзілген, 30 кәсіпкер құрылыс жұмыстарын бастап кетті. Жоба толық іске асқанда 30 миллиард теңге көлеміндегі инвестиция тартылып, 1 094 жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Түнеугүні облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков осы жұмыстармен танысу мақсатында Сауран ауданына арнайы іссапармен келген-ді. Сапар аясында аудан аумағында ауыл округтерде бой көтеріп жатқан өндіріс аймақтарының жұмысымен танысып, кәсіпкерлермен кездесті.
Сапар кезінде облыс әкімінің орынбасары Иассы және Қарашық өндіріс аймақтарындағы құрылыс жұмыстарын көрді. Ең бірінші кезекте Еңбекші Дихан ауылында орналасқан «Иассы» өндіріс алаңымен танысты. Мұнда 9 гектар жер учаскесі бөлініп, 24 жобаны іске асыру жоспарлануда. Қазірдің өзінде 16 кәсіпкермен меморандум түзілген, құрылыс жұмыстары басталды. Жобаның толық іске қосылуы арқылы 600-ден астам адам жұмыспен қамтылмақ. Өндіріс аймағының жалпы инвестициялық көлемі 6,3 миллиард теңгені құрайды.
Қарашық ауылында шағын өндіріс алаңын құру үшін 10 гектар жер бөлініп, 20 жобаны іске асыру жоспарлануда. Қазірдің өзінде 12 кәсіпкермен меморандум түзілген, құрылыс жұмыстары басталды. Жобаның толық іске қосылуы арқылы 170-ке жуық тұрғын жұмыспен қамтылмақ. Өндіріс аймағының жалпы құны — 4,5 миллиард теңге.
Сонымен қатар, облыс әкімінің орынбасары Жүйнек ауылдық округінде «ASIA BREND» жиһаз кәсіпорнын аралады. Онда 30 қызметкер тұрақты түрде еңбек етеді. Кәсіпорын жатын бөлмеге, қонақ бөлмеге, балаларға арналған жиһаз түрлерін, ас үй сөрелерін, шкафтар мен шифоньерлерді шығарады. Талғат Қозбеков «DIVALUX» жиһаз цехында да болды. Цех 2 гектар аумақта 120 адамды жұмыспен қамтып отыр. Қазақстанның әр өңірінен тапсырыс қабылдайтын кәсіпорын айына 500-ге жуық жиһаз түрін шығарады. Өндіріске қажетті шикізат Түркиядан жеткізіледі, ал мамандарды кәсіпорынның өзі оқытып, даярлайды. Кәсіпорын жиһаздың 40-қа жуық түрін әзірлейді.
Сапар барысында облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков аудан аумағында қолға алынған өндірістік аймақтардың құрылысын көріп, кәсіпкерлердің жұмысымен танысты. Ол жобалардың жүзеге асуы өңірдің экономикалық әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына кең жол ашатынын атап өтті.
Сауран ауданында кәсіпкерлік пен өндіріс саласын дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстар қарқын алып келе жатқанын аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Сұлтанғали Сартайұлы да мәлімдеді.
Оның сөзіне сенсек, жыл басынан бері аудандағы инвестиция көлемі 35,5 миллиард теңгені құрап, оның 61%-ы жеке қаражат есебінен тартылған. Ал өнеркәсіп өндірісі 13 миллиард теңгеге жетті.
Аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес, әр ауылдық округте жаңа өндірістік аймақтар құрылуда. Қазіргі таңда Қарашық, Иассы, Үшқайық, Шорнақ, Жүйнек ауылдарында аймақтар ашылды. Бұған қоса, Бабайқорған, Шорнақ және Иассы ауылдарында қосымша индустриалды аймақтар салынуда.Иассы ауылдық округінде 24 кәсіпкермен меморандум түзілсе, олардың 18-і құрылыс жұмыстарын бастап кетті. Қарашық ауылында 20 кәсіпкермен келісім жасалып, бүгінде 14 кәсіпкер өз нысандарын тұрғызып жатыр. Үшқайық ауылдық округінде жеке кәсіпкер ARTIKO ЖШС тарапынан 16 ангардың құрылысы жүріп жатыр.
Шетелдік серіктестіктермен де келісімдер жасалуда. Түркиялық кәсіпкерлердің қатысуымен бояу шығаратын, сүт өңдейтін, есік жасайтын зауыттар бой көтермек.
Сонымен қатар, Шорнақ ауылдық округінде 10 гектар аумақта құрылыс индустриясы аймағы құрылуда. Құрылыс материалдарын өндіруге ниетті кәсіпкерлер үшін мүмкіндіктер мол. Иассы ауылдық округінде «Дәморда» азық-түлік кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Жоба толық аяқталған соң, онда 18 инвестор өз кәсібін бастайды.
Мал бордақылау, балық шаруашылығы, жылыжай кешендері, құс өсіру және өзге де өндіріс бағыттарында кәсібін дамытқысы келетін кәсіпкерлерге Сауран ауданында кең өріс пен мол мүмкіндік бар.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
