
Бұл жөнінде Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров кәсіпкерлермен арнайы кездесу өткізіп, аудан көлемінде бой көтеріп жатқан өндірістік алаңдардың жобаларымен таныстырды. Жиын барысында әкімдік тарапынан кәсіпкерлерге ұсынылып жатқан қолдаулар мен артықшылықтар кеңінен түсіндірілді.
Қарашық, Иассы, Үшқайық, Шорнақ және Жүйнек ауылдық округтерінде шағын өндірістік алаңдардың құрылысы басталып, қазіргі таңда олардың инфрақұрылымы қалыптастырылып жатыр. Бұл алаңдарға арнайы жер телімдері бөлініп, кәсіпкерлерге рәсімдеу бойынша қажетті ұсыныстар берілді. Мұндай қадам әр саладағы кәсіп иелерін бір орталыққа шоғырландырып, өндіріс орындарының жұмысын жүйелі жолға қоюға, сондай-ақ өнімдерді бірлесе нарыққа шығаруға мүмкіндік береді.
Аудан әкімі өз сөзінде: «Кәсіпкерлікті дамыту – аудан экономикасының тірегі. Біз әрбір кәсіпкерге қолайлы жағдай жасап, өндірістік алаңдардан жер телімдерін бөліп берумен қатар, толыққанды инфрақұрылыммен қамтамасыз етеміз. Бұл қадам кәсіпкерліктің өркендеуіне, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және аудан экономикасының нығаюына ықпал етеді», – деді.
Кездесуде кәсіпкерлер тарапынан ұсыныстар тыңдалып, олардың шешімін табуға қатысты нақты тапсырмалар берілді. Алдағы уақытта Бабайқорған, Ескі Иқан, Жаңа Иқан және Майдантал ауылдық округтерінде де осындай өндірістік алаңдар салу жоспарланып отырғаны атап өтілді. Бұл өз кезегінде аудан көлемінде кәсіпкерлік аясын кеңейтіп, жаңа өндіріс орындарын ашуға жол ашпақ.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
