Халықаралық инвестициялық форум: Кентау қаласының әкімі бірнеше ірі инвесторлармен кездесті

Түркістан облысында өңірге инвестиция тарту, экономиканы әртараптандыру және өндіріс секторын дамыту мақсатында халықаралық деңгейдегі ауқымды инвестициялық форум өтуде.

Іс-шараға әлемнің жетекші компания өкілдері, шетелдік инвесторлар және отандық кәсіпкерлер қатысып, өңірдің инвестициялық әлеуетіне қызығушылық танытуда. Форум барысында бірқатар жаңа жобалар бойынша меморандумдарға қол қойылып, стратегиялық әріптестік бағытында келіссөздер жүргізілуде.

Шара аясында Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов бірнеше ірі инвесторлармен кездесіп, қаланың инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырды. Әсіресе, Қытай Халық Республикасының Хайнань аймағында тіркелген «Hainan Eight Star International Investment Co., Ltd.» компаниясы Кентау қаласына инвестиция салуға қызығушылық білдірді.

Аталған компания Қытайдан АСЕАН, ТМД, ШЫҰ және Ғаламдық Оңтүстік елдеріне жоғары технологиялық өнім экспорттау, сондай-ақ осы елдерден Қытайға импорттық тауар жеткізу бағытымен айналысады. Бұған қоса, трансшекаралық сауда операцияларын қаржыландыру және бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша ауқымды жұмыстар атқарады.

Айта кетейік, Кентау қаласындағы индустриалды аймақ пен арнайы экономикалық аймақта инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар жасалған, инфрақұрылым толық дайындалған және бизнес жүргізуге кең мүмкіндіктер қарастырылған.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You