Түркістан облысының әкімі шетелдік инвесторлармен мұздатқыш шығаратын зауыт ашу бойынша келіссөздер жүргізді

Түркістан облысында шетелдік инвесторлар тарту арқылы кәсіпорындар ашу һәм жаңа жұмыс орындарын құру бағытындағы бірлескен жұмыстар жалғасу үстінде. Осы мақсатта облыс әкімі Нұралхан Көшеров шетелдік кәсіпкер Сун Чунмин және «Turan Shenhua» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы Нұрлан Рысбековпен кездесті.

Кездесу барысында екіжақты қарым-қатынасты нығайту мен өңірде инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері жан-жақты талқыланды. Бұған дейін Кентау қаласының арнайы экономикалық аймағында газ қазандықтарын шығаратын зауытты сәтті іске қосқан инвесторлар облыста мұздатқыш шығаратын зауыт ашуға қызығушылық танытып, нақты жобаларын ұсынды.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырып, ұсыныстарға ашық екенін жеткізді.

– Қазіргі уақытта Түркістан облысы еліміздің қарқынды дамып келе жатқан өңірлерінің бірі және үлкен инвестициялық әлеуетке ие. Біздің өңір – Орталық Азиядағы бизнесті кеңейтудің жаңа көкжиегі. Түркістан облысы арқылы өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі әлемдік нарыққа шығудың жаңа мүмкіндіктерін ашады. Облыста инвесторларға дайын инфрақұрылымы бар жер учаскелерін ұсынатын индустриалды аймақтар мен шағын өнеркәсіптік парктер бар. Сондай-ақ терең өңдеу өндірісін ұйымдастыру үшін инвесторларды салықтардан һәм кедендік төлемдерден босататын «Turan» арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді. Біз өз тарапымыздан шетелдік компаниялардың бизнесті дамыту жөніндегі бастамаларына толық қолдау көрсетуге дайынбыз және ынтымақтастығымыз ұзақ мерзімге жалғасады деп сенемін, – деді облыс басшысы.

Инвесторлар Үкімет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауға алғысын білдіріп, кезекті жобаны қолға алуға дайын екенін жеткізді. Алдағы уақытта өнім көлемін арттыруды, сондай-ақ мұздатқыштан бөлек, тұрмыстық техника түрлерін шығаруды жоспарлап отырғанын айтты.

Компания мұздатқыш шығару жобасын жүзеге асыруға 5,5 миллиард теңге инвестиция салуға дайын. «TURAN Shenhua» компаниясы жұмыстарды 2026 жылы бастауды көздеп отыр. Өндіріс орны толық іске қосылғанда 300-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылмақ. Жоба қуаттылығы жылына – 250 мың дана. Зауытты Кентау қаласында салу жоспарланып отыр.

Келіссөздер нәтижесінде тараптар өнеркәсіп және өндіріс салаларында ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екендерін білдіріп, бірлескен жобаларды жүзеге асыру бойынша жұмыс істеуге уағдаласты.

Еске салайық, Кентау қаласының арнайы экономикалық аймағында газ қазандықтарын шығаратын өндіріс орны іске қосылды. Жобаны іске асыруға «TURAN Shenhua» ЖШС 2,4 миллиард теңге инвестиция салып жатыр. Кәсіпорынның жалпы ауданы 2500 шаршы метрді құрайды.

Өндіріс орнында жылына 30 мың дана газ қазандықтары шығарылады. Бұл өнімдер нарықта үлкен сұранысқа ие. Жаңа зауыт қаланың 40 азаматын тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпорын өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып, экономиканы дамытуға үлес қосары сөзсіз.

Айта кетейік, Кентау қаласында арнайы экономикалық аймақ және индустриалды аймақ жұмыс істейді. Одан бөлек, «Қарнақ» шағын өнеркәсіп паркін ашуға 9,3 гектар жер бөлінді. АЭА-ның жер көлемі – 35 гектар. Инфрақұрылыммен қамтылған. Бұл аймақта 2 жоба жүзеге асырылған. Атап айтқанда, «KentauRedStar» ЖШС кірпіш шығару зауыты және «Темір бетон» ЖШС темір бетон бұйымдарын жасау кәсіпорыны толық іске қосылған. Биыл 5 жоба іске асырылады. Нәтижесінде, 150 жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Индустриалды аймақтың жалпы ауданы – 43 гектар. Онда 10 жоба жүзеге асырылады. Нәтижесінде, 309 жаңа жұмыс орнын ашу көзделуде. Бұл аймақтарға инвесторлар тарту һәм өндіріс орындарын ашу жұмыстары жалғасып жатыр.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

 

Ad Widget

Recommended For You