
Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Салли Аксуорси Түркістан облысына жұмыс сапарымен келді. Мәртебелі мейманмен Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров кездесіп, әріптестік орнату бағытында келіссөз жүргізді. Елшіге Түркістан өңірінің туристік және инвестициялық әлеуеті таныстырылды.
– Түркі елдерінің рухани астанасы – Түркістан қаласына қош келдіңіз. Ұлыбритания – еліміздің индустрия, энергетика, қаржы, білім, жасыл технологиялар және инновациялар салаларындағы маңызды стратегиялық серіктесі. Ұлыбританиялық «Shell» компаниясы – Қазақстанның ірі мұнай-газ жобаларына қатысатын ірі халықаралық консорциумдардың мүшесі. Екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстар жылдан жылға артып келеді. 2024 жылдың қорытындысымен Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы тауар айналымы 886 миллион. АҚШ долларын құрады. Өңірдің табиғи-климаттық жағдайы қолайлы, ауыл шаруашылығымен жыл бойы айналысуға мүмкіндік береді. Өңірдің кадрлық әлеуеті жоғары және басқа өңірлермен салыстырғанда жұмыс күшін ұсына алады. Түркістан облысы арқылы өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі әлемдік нарыққа шығудың жаңа мүмкіндіктерін ашады. Біздің өңірдің негізгі инвестициялық алаңдары – индустриалды аймақтар және «Turan» арнайы экономикалық аймағы. Біздің басты мақсатымыз – ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу деңгейін арттыру, экспорттық әлеуетті кеңейту және жоғары деңгейдегі тауарларды өндіру индустриясын дамыту. Аталған салаларды дамыту үшін сіздерді бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға шақырамын. Облыс әкімдігі тарапынан инвесторлардың бастамаларына толық қолдау көрсетуге дайынбыз. Туризм саласы бойынша да сіздерден үйренеріміз көп. Арнайы жоспар әзірлеп, инфотур өткізуді ұсынамын, – деді Нұралхан Көшеров.
Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Салли Аксуорси қазақ тілінде пікір алмасып, әріптестікті нығайтуға дайын екенін жеткізді.
– Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесін және көрікті орындарды көрдім. Өте жақсы әсер сыйлады. Сауда және экономикалық байланыстарды жандандыру жөніндегі ұсыныстарды қарастырамыз. Сауда айналымын ұлғайтуға мүдделіміз. Инвесторларға жасалатын мүмкіндіктерді тиісті өкілдерге жеткіземіз, – деген елші Ұлыбританияға жұмыс істеуге баратын қазақстандықтардың құқығы мен қауіпсіздігін қорғау мәселесі де назарда тұрғанын жеткізді.
Еске салайық, Ұлыбритания – Қазақстандағы ірі инвесторлардың бірі, ел экономикасына салынған инвестиция көлемі 18 миллиард АҚШ долларынан асады. Қазақстанда британдық капиталдың қатысуымен 550-ге жуық компания жұмыс істейді.
Бір қызығы, 2025 жылдың мамыр айының өзінде Ұлыбританиядан Қазақстанға рекордтық көлемде қаржы аударылыпты — 3,6 миллиард теңге. Бұл Ұлыбританияға 2017 жылдан бері алғаш рет Қазақстанға ақша жіберетін он ірі елдің қатарына енуге мүмкіндік берді. Ол бірден жалпы рейтингте екінші орынға шықты. Бірінші орында дәстүрлі түрде Ресей (4,6 миллиард теңге), ал үшінші орында Өзбекстан (шамамен 2 миллиард теңге) тұр.
Жалпы халықаралық ақша аударымдары жүйесі арқылы өткен қаржының 19 пайызы Ұлыбританияның үлесіне тиесілі. Сарапшылар үшін бұл күтпеген оқиға болды — бұл ел соңғы жеті жылдан астам уақыт ішінде мұндай жоғары көрсеткішке жеткен емес.
Аударым саны да ерекше назар аудартады. Мамыр айында Ұлыбританиядан Қазақстанға 9,9 мың транзакция жасалды — бұл Ресейден кейінгі екінші көрсеткіш (16,5 мың транзакция). Үшінші орынды Германия иеленді — 4,7 мың аударым.
Сарапшылардың болжамынша, ақша аударымдары көлемінің артуы Ұлыбританияда жұмыс істейтін немесе уақытша тұрып жатқан қазақстандықтар санының өсуіне, сонымен қатар фриланс қызметтері мен IT саласының дамуына байланысты болуы мүмкін. Лондон — Еуропаның ең ірі қаржылық және технологиялық орталықтарының бірі, сондықтан қазақстандық мамандар жиі ағылшын компанияларына қашықтан қызмет көрсетеді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
