
Сайрам ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосатын жаңа инвестициялық жобалар іске асырылмақ.
Түркістан қаласында өткен халықаралық инвестициялық форум нәтижесінде Сайрам ауданының әкімі Мадияр Оразалиев Қытай инвесторы Zhongping An мырзамен кездесті. Шетелдік кәсіпкер өз жобасын таныстыру, жүзеге асыру мақсатында Сайрам ауданына арнайы келді. Инвестор аудандағы мал шаруашылығының қарқынды екенін ескере отырып, ішек-қарын қалдықтарын қайта өңдеу арқылы үй жануарларына арналған азық өндіретін зауыт салу жобасын ұсынды. Бұл жоба Арыс ауылдық округіндегі Агроиндустриалды аймақта жүзеге асырылмақ. Аталған жоба мал қалдықтарын тиімді өңдеуге, экологияны жақсартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Сайрам ауданының әкімі Мадияр Оразалиев бұл бастаманы толық қолдайтынын, жобаны жүзеге асыру үшін жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті. Сондай-ақ, аудан әкімі жауапты бөлім басшыларына шетелдік инвесторларға қажетті көмекті көрсету бойынша нақты тапсырмалар берді.
Расын айту керек, Түркістан қаласында өткен халықаралық инвестициялық форум Сайрам ауданы үшін жаңа мүмкіндіктердің есігін ашты. Форум аясында аудан мен Қытай Халық Республикасының инвесторлары стратегиялық маңызы жоғары екі меморандумға қол қойды.
Алғашқы келісім “KUZOV KARABULAK” және «DAYUN AVTO CENTRAL ASIA LIMITED» арасында жасалды. Бұл жоба ауыр жүк көліктеріне арналған тіркемелер (прицептер) өндіретін жаңа өндіріс алаңын құруды көздейді.
Өңір үшін ауқымы үлкен бұл бастама тек экономикалық инвестиция ғана емес, сонымен қатар жергілікті 500 азаматты жұмыспен қамтымақ. Жоба құны – 2,5 миллиард теңге.
Екінші меморандум «Qazaq Air Tecnology» ЖШС мен Қытайдың «Huankun Industrial Investment Limited» компаниясы арасында бекітілді. Жоба заманауи технологиялар негізінде сапалы кірпіш өндіретін өндірісті іске қосуды қамтиды. Құны – 1 миллиард теңге. Құрал-жабдықтар орнатылғаннан кейін зауыт ай сайын 2,5 миллион дана кірпіш шығаруға мүмкіндік береді. Бұл өндірісте 30-дан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.
Бұл қос келісім — Сайрам ауданының өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, өңірдің экономикалық дамуына тың серпін беретін маңызды қадам. Инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу және заманауи өндірістерді енгізу – ауданның болашақ дамуының берік тірегі болмақ.
Жалпы, форум бірнеше жыл ішінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму перспективаларын талқылауға арналған маңызды халықаралық алаң ретінде қалыптасты. Іс-шараға жетекші шетелдік сарапшылар, жоғары лауазымды тұлғалар, мемлекеттік органдардың өкілдері мен бизнес-қоғамдастық өкілдері қатысты. Форумның негізгі бағыттары – инвестиция тарту, туристік инфрақұрылымды дамыту, сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту және Түркістан облысының халықаралық аренадағы танымалдығын арттыру.
Форум аясында Сайрам ауданының ірі кәсіпорындары өз өнімдерін таныстырып, өңірдің экспорттық және өндірістік әлеуетін көрсетті. Іс-шараға “DALA FRUIT.KZ”, “Нұрым Групп” ЖШС, “АСЫЛ LTD” ЖШС, ЖК «Костенько», “Айкан” ЖШС, “Globus Plus” ЖШС, “Наурыз-5” ЖШС, ЖК “Уринбеков”, ЖК “Алиев”, “Алма” АӨК қатысып, өздерінің өнімдерін таныстырды.
Тағы бір атап өтерлігі, аудан әкімі Мадияр Оразалиев Қайнарбұлақ ауылдық округінде жүзеге асатын жоба бойынша да инвесторлармен кездесіп, жобаның мақсаты, құрылымы және оның өңірге беретін мүмкіндіктерін талқылады.
Құны 2,5 миллиард теңгеден асатын бұл бастама аясында заманауи көпфункционалды қойма кешені салу жоспарлануда. Кешен құрамында қойма алаңдары мен өндіріс цехтары, автосервис пен кафе, қонақ үй және 3 гектарлық тир-парк болады.
Инвестициялық бастама жүзеге асқанда 100-ден астам жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылады. Жобаның құрылысы келесі жылы басталады деп жоспарланып отыр.
Кездесу барысында аудан әкімі жобаны толық қолдайтынын, алдағы уақытта инвестормен бірігіп жұмыс істеуге және қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
