Отырар ауданының әкімі өңір экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз ететін мақта өңдеу зауытының құрылысымен танысты

Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлы ауданда іске асып жатқан ауқымды инвестициялық жобалардың бірі – мақта өңдеу зауытының құрылыс жұмыстарымен танысты. Кәсіпорын өкілдерімен кездесіп, өндіріс орнының алдағы жоспарларын тыңдады.

Қазіргі таңда зауыттың ішкі құрылысы қарқын алып, мақтаны тазалау және шитінен ажырату қондырғылары орнатылып жатыр. Нысан қазан айының соңына дейін толық аяқталып, пайдалануға беріледі деп межеленген.

Аудан басшысы зауыт іске қосылған кезде негізгі жұмыстарға жергілікті тұрғындарды тарту, оларды жаңа технологияларды меңгеруге бейімдеу мәселесін басты назарда ұстау қажеттігін атап өтті.

Айта кету керек, Отырар ауданында қолға алынған бұл жоба «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС бастамасымен және «Түркістан» ӘКК» АҚ бірлесе жүзеге асырылу үстінде. Бірегей жоба заманауи су үнемдеу технологияларын қолдана отырып, жоғары стандартты шикізат базасын қалыптастыруды, соңғы үлгідегі мақта өңдеу зауыттарын, тамшылатып суару таспаларын шығаратын өндіріс орнын және басқа да инфрақұрылымдық нысандарды қамтиды. Мұнда әкімшілік ғимараты, шаруашылық базасы, сорғы станциялары салынуда. Жалпы инвестициялық құны – 80 миллиард теңгені құрайды.

Жоба арқылы қуаттылығы жылына 160 мың тонналық 4 заманауи мақта өңдеу зауытын іске қосу, 6 мың тонна мақта тұқымын шығаратын өндірістік желісін құру көзделген. Оның ішінде биыл 2 зауыт іске қосылса, 2026 жылы тағы 2 зауытты іске қосу жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек бүгін аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы аудандағы мақта алқаптарын аралап, өнім жинау науқанына дайындық барысын көрді. “Алтын дала мақта” ЖШС- нің өкілдерімен кездесіп, жиын-терімді күзгі жауын-шашынға ұрындырмай жинау мәселесін талқылады.

Биыл аудан бойынша 34 мың гектарға мақта егілген. Бүгінде ақ алтын алқаптары толықтай пісіп-жетілген шағы. Кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, мақта жинайтын комбайндар сақадай сай. Қазан айында терім жұмыстары басталып, жиналған өнім жаңадан іске қосылатын зауыттарға жөнелтілетін болады.

Осылайша зауытта өндірілген шикізат Түркістан қаласындағы «Turan» арнайы экономикалық аймағында бой көтеріп жатқан жіп иіру, тоқыма, мата өңдеу, бояу және дайын өнім шығару фабрикаларына жеткізіледі.

Жобаның экономикалық тиімділігі орасан. Мақта-тоқыма кластерін дамытуға ықпал етіп қана қоймай, аудан бюджетіне кіріс әкеліп, салық түсімдерін арттырмақ.

Аудан басшысы Қайрат Жолдыбайұлы мақта терімін мерзімінде ұйымдастыруды тапсырып, науқан кезінде туындаған мәселелер бойынша барынша қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You