Түркістан облысының аудандары мен қалаларында шағын өндірістік парктер мен алаңдар ашылып, жаңа жұмыс орындары құрылып жатыр

Нақты мысалмен сөйлейік. Мәселен, Түркістан маңында отандық өндірісті дамыту және қайта өңдеуді қолдау мақсатында 100 гектар аумақта «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы іске асырылу үстінде. Жоба аясында 152 ғимарат салып, 6 040 жұмыс орнын құру жоспарланған. Жобаның І кезеңінде 40 ғимарат салынып, 32 жоба қосылды. 1 220 жұмыс орны ашылды. Нәтижесінде бюджеттің 1 теңгесіне 8,5 теңге жеке инвестиция тартылған. Бұл туралы түнеугүні Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров мәлімдеді.

– Өндірістік парк аумағында жиһаз, жаңбырлатып суғару, сусын, мұздатқыш және құрылыс заттарын шығаратын зауыттар ашылды. Отандық өндірісті дамыту есебінен 27 миллиард теңгеге импорттық тауарларды алмастыруға қол жеткіздік. Алдағы уақытта бейнекамера, медициналық жиhаз, тұрмыстық химиялық бұйымдармен елімізді қамтамасыз етуге және экспортқа шығаруға мүмкіндік болады. Шағын өндірістік алаңдарды дамыту үшін жергілікті кәсіпкерлер белсенді атсалысуда. Біздің әрбір аудан мен қалада, халық тығыз орналасқан ауыл округтерінде өндірістік алаңдар құрылып, кәсіпорындар мен зауыттар ашылады, – дейді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.

Сауран ауданында жеке инвестиция есебінен 55 гектар аумақта 5 шағын өндірістік алаң құрылды

Ақпараттандыру-түсіндірме жұмыстарын «Кәсіпкерлікті қолдау орталығы» арқылы ұйымдастырылды. Осы жұмыстар нәтижесінде Сауран ауданында жеке инвестиция есебінен 55 гектар аумақта 5 шағын өндірістік алаң құрылды. Мұнда 30 миллиард теңгеге 115 жобаны іске асырып, 1 124 жұмыс орнын құру жоспарланған. Бүгінгі таңда «Қарашық», «Иассы», «Шорнақ», «Үшқайық» және «Жүйнек» өндірістік алаңдарында 37 ғимараттың құрылысы жүргізілуде.

Түркістан облысында облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Осы орайда, биыл Сауран ауданында өндіріс саласы қарқынды дамып жатыр. Жыл басынан бері 124 өндірістік жоба құрылысты бастап, оның 35-і жыл соңына дейін толық аяқталды. Бұл көрсеткіш аудан экономикасының өсуіне, жаңа кәсіпорындардың ашылуына және тұрғындардың жұмыспен қамтылуына оң ықпал етіп отыр.

Өндірістік жобалардың басым бөлігі Шаға, Иассы, Қарашық, Жүйнек және Үшқайық ауылдық округтерінде жүзеге асуда. Бұл аймақтар өндіріс орналастыруға қолайлы инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген.

Аудан аумағындағы өндіріс бағыттары да айқын әрі сан салалы.

  • Құрылыс материалдары шығаратын – 36 цех;
  • Жиһаз өндірісі – 35 цех;
  • Азық-түлік өнімдерін өндіру – 25 цех;
  • Резеңке және пластмасса бұйымдарын өңдеу – 8 цех;
  • Тігін өндірісі – 5 цех;
  • Электротехникалық өндіріс – 5 цех;
  • Дәрі-дәрмек өндіретін – 1 өндіріс орны;
  • Ауылшаруашылық жабдықтарын жасайтын – 8 цех;
  • Қағаз өңдейтін 1 цех іске қосылатын болады.

Жалпы алғанда, өндірістік жобалардың қарқынды дамуы Сауран ауданының индустриалдық әлеуетін өсіріп, өңірдегі экономикалық белсенділікті арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға кең мүмкіндік беруде.

Сауран ауданында шағын кәсіпорындар саны артып келеді. 2024-2026 жылдар аралығында ауданның бірнеше ауыл округтерінде өндіріс аймақтары құрылуда. Бірінші кезеңде Қарашық, Иассы, Жүйнек, Шорнақ және Үшқайық ауыл округтерінен 55 гектар жер бөлініп, 5 өндіріс алаңы құрылды.

Осы алаңдарға 115 цех салу жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде 60 кәсіпкермен меморандум түзілген, 30 кәсіпкер құрылыс жұмыстарын бастап кетті. Жоба толық іске асқанда 30 миллиард теңге көлеміндегі инвестиция тартылып, 1 094 жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Түнеугүні облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков осы жұмыстармен танысу мақсатында Сауран ауданына арнайы іссапармен келген-ді. Сапар аясында аудан аумағында ауыл округтерде бой көтеріп жатқан өндіріс аймақтарының жұмысымен танысып, кәсіпкерлермен кездесті.

Сапар кезінде облыс әкімінің орынбасары Иассы және Қарашық өндіріс аймақтарындағы құрылыс жұмыстарын көрді. Ең бірінші кезекте Еңбекші Дихан ауылында орналасқан «Иассы» өндіріс алаңымен танысты. Мұнда 9 гектар жер учаскесі бөлініп, 24 жобаны іске асыру жоспарлануда. Қазірдің өзінде 16 кәсіпкермен меморандум түзілген, құрылыс жұмыстары басталды. Жобаның толық іске қосылуы арқылы 600-ден астам адам жұмыспен қамтылмақ. Өндіріс аймағының жалпы инвестициялық көлемі 6,3 миллиард теңгені құрайды.

Қарашық ауылында шағын өндіріс алаңын құру үшін 10 гектар жер бөлініп, 20 жобаны іске асыру жоспарлануда. Қазірдің өзінде 12 кәсіпкермен меморандум түзілген, құрылыс жұмыстары басталды. Жобаның толық іске қосылуы арқылы 170-ке жуық тұрғын жұмыспен қамтылмақ. Өндіріс аймағының жалпы құны — 4,5 миллиард теңге.

Сонымен қатар, облыс әкімінің орынбасары Жүйнек ауылдық округінде «ASIA BREND» жиһаз кәсіпорнын аралады. Онда 30 қызметкер тұрақты түрде еңбек етеді. Кәсіпорын жатын бөлмеге, қонақ бөлмеге, балаларға арналған жиһаз түрлерін, ас үй сөрелерін, шкафтар мен шифоньерлерді шығарады. Талғат Қозбеков «DIVALUX» жиһаз цехында да болды. Цех 2 гектар аумақта 120 адамды жұмыспен қамтып отыр. Қазақстанның әр өңірінен тапсырыс қабылдайтын кәсіпорын айына 500-ге жуық жиһаз түрін шығарады. Өндіріске қажетті шикізат Түркиядан жеткізіледі, ал мамандарды кәсіпорынның өзі оқытып, даярлайды. Кәсіпорын жиһаздың 40-қа жуық түрін әзірлейді.

Сапар барысында облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков аудан аумағында қолға алынған өндірістік аймақтардың құрылысын көріп, кәсіпкерлердің жұмысымен танысты. Ол жобалардың жүзеге асуы өңірдің экономикалық әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына кең жол ашатынын атап өтті.

Сауран ауданында кәсіпкерлік пен өндіріс саласын дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстар қарқын алып келе жатқанын аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Сұлтанғали Сартайұлы да мәлімдеді.

Оның сөзіне сенсек, жыл басынан бері аудандағы инвестиция көлемі 35,5 миллиард теңгені құрап, оның 61%-ы жеке қаражат есебінен тартылған. Ал өнеркәсіп өндірісі 13 миллиард теңгеге жетті.

Аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес, әр ауылдық округте жаңа өндірістік аймақтар құрылуда. Қазіргі таңда Қарашық, Иассы, Үшқайық, Шорнақ, Жүйнек ауылдарында аймақтар ашылды. Бұған қоса, Бабайқорған, Шорнақ және Иассы ауылдарында қосымша индустриалды аймақтар салынуда.Иассы ауылдық округінде 24 кәсіпкермен меморандум түзілсе, олардың 18-і құрылыс жұмыстарын бастап кетті. Қарашық ауылында 20 кәсіпкермен келісім жасалып, бүгінде 14 кәсіпкер өз нысандарын тұрғызып жатыр. Үшқайық ауылдық округінде жеке кәсіпкер «ARTIKO» ЖШС тарапынан 16 ангардың құрылысы жүріп жатыр.

Шетелдік серіктестіктермен де келісімдер жасалуда. Түркиялық кәсіпкерлердің қатысуымен бояу шығаратын, сүт өңдейтін, есік жасайтын зауыттар бой көтермек.

Сонымен қатар, Шорнақ ауылдық округінде 10 гектар аумақта құрылыс индустриясы аймағы құрылуда. Құрылыс материалдарын өндіруге ниетті кәсіпкерлер үшін мүмкіндіктер мол. Иассы ауылдық округінде «Дәморда» азық-түлік кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Жоба толық аяқталған соң, онда 18 инвестор өз кәсібін бастайды.

Мал бордақылау, балық шаруашылығы, жылыжай кешендері, құс өсіру және өзге де өндіріс бағыттарында кәсібін дамытқысы келетін кәсіпкерлерге Сауран ауданында кең өріс пен мол мүмкіндік бар.

Ордабасы ауданында аумағы 10,5 гектар болатын «Темірлан» өндірістік алаңында 5 ғимарат салынып жатыр

Ордабасы ауданында аумағы 10,5 гектар болатын «Темірлан» өндірістік алаңында 5 ғимарат салыну үстінде. Инвестиция көлемі – 10,4 миллиард теңге. 100 жұмыс орны құрылады. Жобаның мультипликативтік тиімділігін ескере отырып, барлық аудандарда осы тәжірибені ендіру жұмыстары басталып кетті.

Айталық, жуырда Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев іске қосылу алдында тұрған «Tangshan Huating Ceramics Co. LTD.» компаниясының ірі қара мал сүйектерін өңдеу зауытының құрылыс алаңында болып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.  Аталған жоба ауданға тартылған маңызды инвестициялық жоба болып табылады. Кәсіпорын Қажымұхан ауыл округі аумағынан бөлінген 10 гектар жер телімінде салынып жатыр. Жобаның жалпы инвестициялық көлемі 9 миллиард теңгені құрайды. Зауытты іске қосу кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Толық қуатына шыққан кезде кәсіпорында 80-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылып, өнім экспортқа бағытталады.

Жұмыс сапары Темірлан өндірістік паркінің құрылыс алаңында жалғасын тапты. Бұл жоба іске қосылғаннан кейін шағын және орта бизнеске арналған жаңа өндірістік алаңдар ашылып, өңірде кәсіпкерліктің дамуына тың серпін бермек. Аралау қорытындысында аудан әкімі барлық жобаларды белгіленген мерзімде сапалы аяқтауды және олардың халық игілігіне толық қызмет етуін қамтамасыз етуді жауапты сала басшыларына нақты тапсырды.

Мемлекет басшысының Жолдауындағы инвесторлар тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Ордабасы ауданында нақты қадамдар жасалуда. Осы орайда Шымкент агломерациясына жақын, көлік дәліздеріне қолайлы аудан орталығы Темірлан елді мекенінде жаңа өндірістік парктің алғашқы қазығы қыркүйектің соңында қағылды. Аудан әкімі Азат Оралбаев алғашқы қазықты қағып, жобаның сәтті жүзеге асуына тілек білдірді.

 Жоба жүзеге асқанда тұрғындарға жаңа жұмыс орындары ашылады, аудан экономикасын дамыта түседі, отандық және шетелдік инвесторлар үшін тартымды алаңға айналады. «Темірлан» өндірістік паркі Ордабасының өркендеуіне жасалған кезекті қадам болары сөзсіз.

Ордабасы ауданының ауыл шаруашылығы саласын дамытуда инвестициялық жобалар ерекше рөл атқарады. Инвестициялар ауыл шаруашылығы өнімдерін көбейту, жаңа өндіріс орындарын ашу және инфрақұрылымды жақсарту үшін маңызды болып табылады. 2025 жылдың қорытындысында ауыл шаруашылығына салынған негізгі капитал мен тамақ өнімдеріне инвестициялар көлемі 11,4 млрд теңгеге жетті, бұл жоспардың 87,6%-ын құрады.

Аудан көлемінде инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін арнайы жер телімдері бөлініп, қажетті келіссөздер жүргізілді. Мысалы, Бадам индустриалды аймағының шекарасына 8 гектар жер аударылып, Түркістан әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының теңгеріміне берілді. Бұл жерді пайдалану арқылы жаңа өндіріс орындары ашылып, ауыл тұрғындары жұмысқа орналастырылады.

Сонымен қатар, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 4 ауыл округінде 6 ауылшаруашылық кооперативі (АӨК) құрылып, жалпы 141,2 миллион теңгеге қаржыландырылды. Бұл жобалар ауыл тұрғындарын қолдауға және ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыруға бағытталған.

Жылыжай салу да инвестициялық жобалардың маңызды бөлігі болып табылады. Шұбарсу ауыл округінде 15 гектар жер арнайы жылыжай кешеніне бөлініп, 42 азаматтың 30-ы «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 2,5% несие алып, жылыжайларын іске қосты. Бұл жылыжайлардан алынған өнімдер нарыққа шығарылып, ауыл тұрғындарының табысын арттыруда.

Инвестициялық жобалар тек өнім көлемін арттыруға емес, сонымен қатар ауыл экономикасын диверсификациялауға, жаңа жұмыс орындарын құруға және өңірдің әлеуметтік дамуына ықпал етеді. Ордабасы ауданының бұл бағыттағы жұмыстары ауылшаруашылық секторын тұрақты дамытуға және экономикалық өсімге қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Ордабасы ауданының ауыл шаруашылығының маңызды салаларының бірі – мал шаруашылығы. Бұл сала аудан экономикасына ғана емес, ауылдық тұрғындардың әлеуметтік әл-ауқатына да тікелей әсер етеді. 2025 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша аудан мал шаруашылығында елеулі өсім көрсеткен.

Аудан мал басының саны бойынша Қазақстандағы үздік көрсеткіштердің бірін сақтап отыр. Ірі қара мал – 84,9 мың басты құрап, 104,5% деңгейінде артты. Қой мен ешкі – 476,2 мың басты құрап, 102,5%-ға өсті. Жылқы – 34,2 мың басты құрап, 107,6%, түйе – 870 басты құрап, 102,6%, құс – 391,2 мың басты құрап, 154,5% артты. Бұл көрсеткіштер мал шаруашылығы саласында жүргізіліп жатқан тиімді мемлекеттік қолдау және шаруашылықтардың белсенділігінің нәтижесі болып табылады.

Мал өнімдері өндірісі де артқан: 10 айдың қорытындысы бойынша ет өндірісі – 13,6 мың тонна, сиыр сүті – 21,0 мың тонна, тауық жұмыртқалары – 9,6 миллион дана. Бұл өсім аудандағы мал шаруашылығы өнімдерін ішкі нарыққа жеткізуге және экспорттық әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді.

Мал шаруашылығын дамытуда аудан шаруалары жаңа технологияларды белсенді қолдануда. Мал азығын өндіруді арттыру үшін 16,1 мың гектар мал азықтық дақылдар егілді, олардың жалпы өнім көлемі – 112,7 мың тонна. Сонымен қатар, суармалы жерлерді тиімді пайдалану, заманауи техника енгізу және мал азығын сақтау жүйелерін қолдану арқылы өнім сапасы мен көлемін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде.

Ауданда мал шаруашылығын қолдау бойынша мемлекет тарапынан субсидиялар мен жеңілдіктер қарастырылған. Бұл шаралар ірі және орта фермерлік шаруашылықтарды дамытып, ауыл тұрғындарын тұрақты табыс көзімен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, заманауи ветеринарлық қызметтер мен мал азығын сақтау технологиялары енгізіліп, малдың денсаулығы мен өнімділігі арттырылуда.

Ордабасы ауданының мал шаруашылығын дамытуға арналған кешенді шаралар – ауыл тұрғындарының әлеуметтік тұрақтылығын арттыруға, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі мен сапасын жақсартуға, сонымен қатар жергілікті экономиканы дамытуға бағытталған маңызды стратегиялық шешім болып отыр.

Ордабасы ауданы – ауыл шаруашылығы дамыған аймақ ретінде танымал. Аудандағы мал шаруашылығы саласы экономиканың маңызды бөлігін құрап, халықты азық-түлікпен қамтамасыз етумен қатар, инвестициялық тартымдылықты арттырады. 2025 жылдың 10 айының қорытындысына сәйкес, ірі қара мал басы 84,9 мың басты құрап, өткен жылмен салыстырғанда 4,5%-ға өсті. Қой мен ешкі саны 476,2 мың басты құрап, 2,5%-ға артқан. Жылқы саны – 34,2 мың, өсім – 7,6%, түйе – 870 басты құрап, 2,6%-ға өсті. Құстар саны айтарлықтай өсіп, 391,2 мың басты құрады, бұл 54,5% артық өнім алу мүмкіндігін қамтамасыз етті.

Мал өнімдерінің көлемі де өсіп келеді. 2025 жылдың 10 айында өндірілген ет көлемі 13,6 мың тоннаға жетті, сиыр сүті – 21,0 мың тонна, ал тауық жұмыртқалары 9,6 миллион дана өндірілді. Бұл көрсеткіштер ауыл тұрғындарының тұрақты тамақпен қамтамасыз етілуін, сондай-ақ мал шаруашылығын дамытуға жаңа инвестициялық мүмкіндіктерді көрсетеді.

Ауданның мал шаруашылығын дамыту бағытындағы негізгі шаралар – жайылымдық жерлерді ұлғайту, азықтық дақылдарды егу және мал азығын сақтау жүйелерін жетілдіру. 2025 жылы ауданда 3 503 гектар жайылымдық жер қайтарылып, жоспар толық орындалды. Бұл малдың қоректенуін қамтамасыз етіп қана қоймай, мал өнімділігін арттыруға септігін тигізеді. Сонымен қатар, 16 елді мекеннің шекараларын кеңейту нәтижесінде ауылдық жерлердің тиімді пайдаланылуы мен тұрғындардың әлеуметтік әл-ауқаты жақсарды.

Аудандағы инвестициялық жобалар мал шаруашылығын дамытуға бағытталған. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша ауыл тұрғындарына арнайы қаржыландыру беріліп, жаңа мал шаруашылығы кешендері мен азық-түлік өндірісі дамытылды. Мысалы, Шұбарсу ауыл округінде жылыжай кешені іске қосылып, тұрғындар жаңа өнімді нарыққа шығара бастады. Бұл ауылдағы мал азықтық дақылдардың көлемін ұлғайтуға, малдың сапалы қоректенуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Мал шаруашылығында жаңа технологияларды пайдалану да ерекше маңызды. Су үнемдеу жүйелерімен және заманауи техникамен жабдықталған фермалар мал өнімінің сапасын арттыруға септігін тигізеді. Сонымен қатар, аудан әкімдігі мал шаруашылығын субсидиялау және техника сатып алуға жеңілдіктер беру арқылы фермерлерді қолдауда.

Ордабасы ауданының мал шаруашылығын дамыту стратегиясы тек өнім көлемін арттыруға бағытталған емес, сонымен қатар ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға, тұрақты жұмыс орындарын құруға және өңірдің аграрлық әлеуетін нығайтуға бағытталған кешенді саясатты көрсетеді. 2025 жылғы жетістіктер мал шаруашылығының тұрақты дамуын қамтамасыз ететін сенімді негіз болып отыр, бұл ауданның экономикалық дамуы мен ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыруда маңызды рөл атқарады.

Облыс бойынша жалпы 21 шағын өндірістік алаң құрылды. Аумағы 259,3 гектарды құрайды. Негізгі бағыттар ретінде: құрылыс материалдары, жиһаз, пластик және резеңке, химия өнімдері өндірістері мен жеңіл өнеркәсіп айқындалды. Бүгінгі таңда 192 ғимараттың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Келесі жылы аяқтап, іске қосу көзделген. Нәтижесінде өңір экономикасына қосымша 87,3 миллиард теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр. 

Салада атқарған жұмыстар өз нәтижесін көрсетуде. Осы жылдың 10 айында өнеркәсіп өнім көлемі 1,3 триллион теңгені құрап, өсім деңгейі 113,4%-ды құрады. Өсім қарқыны бойынша Түркістан облысы республикада алғашқы бестікте тұр.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You