Түркістан облысының әкімі этносаралық келісімді нығайту мәселелеріне арналған жиынға қатысты

Loading

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин этносаралық келісімді нығайту мәселелеріне арналған жиын өткізіп, мемлекеттік органдарға этносаралық қатынастар саласына қатысты тапсырма берді. Басқосуға Президент Әкімшілігі құрылымдық бөлімшелерінің басшылары, орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ Жамбыл және Түркістан облыстарының әкімдері қатысты.

Жиында өңірлердегі этносаралық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар туралы баяндалды. Сондай-ақ азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимыл, мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асыру, Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмыс тәсілдерін одан әрі жетілдіру мәселелері қаралды.

– Биылғы қарашада Мемлекет басшысы идеологиялық жұмыстың негізін айқындайтын «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттары» атты тұжырымдамалық құжатты бекітті. Этносаралық қатынас саласы құжаттағы басым бағыттың бірі ретінде қамтылған. Бұл аталған саланың мемлекет үшін қаншалықты маңызды екенін көрсетеді, – деді Мемлекеттік кеңесші.

Ерлан Қарин мемлекеттік органдарға этносаралық қатынастар саласындағы алдағы 2026 жылға арналған басым бағыттар жөнінде нақты тапсырма берді.

Айта кетейік, Қазақстан азаматтарының 95%-дан астамы этносаралық қатынасты тұрақты деп санайды.

Естеріңізде болса, биыл мамыр айының ортасында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Түркістан облысына жұмыс сапары аясында ішкі саясат мәселелері жөнінде жиын өткізген-ді. Басқосуға аймақ әкімі Нұралхан Көшеров, аудан әкімдері және облыстық басқарма басшылары қатысты.
Жиында Мемлекет басшысының бастамалары мен тапсырмаларын тиімді орындауға, этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуға, азаматтық қоғам институттарымен өзара қарым-қатынасқа, ақпараттық және жастар саясатына, сондай-ақ басқа да түйткілдерге қатысты өзекті мәселелер талқыланды.

Ерлан Қарин мемлекеттік органдардың қызметін ұйымдастыру ісіндегі басты қағидаттарға тоқталып, ішкі саясат саласында проактивті, яғни, проблемалардың алдын алу тәсілін қолдану қажеттігіне назар аударды.

Мемлекеттік кеңесші жиынды қорытындылай келе жауапты органдарға ішкі саясат саласын жетілдіруге қатысты бірқатар нақты тапсырма берді.
Сондай-ақ Ерлан Қарин Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барып, онда жүргізіліп жатқан ғылыми-зерттеу және реставрация жұмыстарымен танысты. Мемлекеттік кеңесші еліміздің ғана емес, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұралар тізіміне енген бірегей нысанды сақтап қалудың маңызын атап өтті.

Атап өтер жайт, Түркістан облысы әкімдігі, Мәдениет және ақпарат министрлігі қоғамдық келісім, азаматтық бірлік және этносаралық қатынастарды дамыту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырып келеді. Бүгінде елімізде жүзден астам этностың өкілдері бейбітшілік пен келісім жағдайында өмір сүріп жатыр. Оларды тең мүмкіндіктерге негізделген және тұрақты дамуға бағытталған Әділетті Қазақстанды құру жөніндегі ортақ мақсат біріктіреді. Этносаралық келісімді нығайтуға бағытталған мемлекеттік саясатты іске асырудың тиімді институционалдық жүйесі қалыптасты. Бұл жүйе орталық мемлекеттік органдардан бастап өңірлік Қазақстан халқы ассамблеяларына дейін барлық деңгейде жұмыс істейді. Этносаралық қатынастардың даму деңгейін зерделеу және практикалық ұсынымдар әзірлеу мақсатында өңірлерде тұрақты түрде әлеуметтік зерттеулер мен мониторингтік сапарлар жүргізіліп жатыр.

2025 жылы қоғам тарапынан этносаралық саясатқа деген сенім деңгейі жоғары екенін көрсететін дерек тіркелді. Азаматтардың 95 пайыздан астамы елдегі этносаралық ахуалды тұрақты әрі қолайлы деп бағалап отыр. 2022 жылғы сәуірден бастап кәсіби этномедиаторларды даярлау және медиация институтын дамыту мақсатында Этномедиация орталығы жұмыс істейді.

Этносаралық салада түсіндіру жұмыстарын күшейту үшін республикалық ақпараттық-түсіндіру тобы құрылды. Қазіргі уақытта елімізде 80 ақпараттық-түсіндіру тобы белсенді қызмет атқаруда. Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен 1000-нан астам этномәдени бірлестік пен 4000-ға жуық қоғамдық құрылым біріктірілген. Олардың қызметіне 50 мыңнан астам азамат тартылған. Қоғамдық өмірге халықты кеңінен жұмылдыруда «Ақсақалдар кеңесі» мен «Аналар кеңесі» маңызды рөл атқарып келеді. Отбасылық құндылықтарды нығайту және жастарды рухани-адамгершілік тұрғыдан тәрбиелеуге бағытталған «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт», «Адал азамат» және «Салауатты сана» жобалары табысты жүзеге асырылып жатыр.

2025 жылы алғаш рет Алматы, Жамбыл, Түркістан, Жетісу облыстарында аудандық деңгейдегі ассамблеялар құрылды.

«Ассамблея жастары» жастар қанаты 10 мыңнан астам жас өкілін біріктіріп, мәдениеттер арасындағы диалогты дамытуға бағытталған бастамаларды іске асырып жатыр. Жастар ұйымының «Жаңа толқын», «Школа лидеров АНК», «50 жас көшбасшы» сияқты жобалары табысты жүзеге асып келеді. Сонымен қатар, еліміздің жоғары оқу орындарында түрлі этнос өкілдерімен жұмыс жүргізетін Студенттік ассамблея жұмыс істейді. Ол этносаралық келісім мен азаматтық бірегейлікті нығайтуға, сондай-ақ волонтерлік қозғалыс пен этномедиация бағытын дамытуға өз үлесін қосып отыр. 

Республика бойынша 32 «Достық үйі» жұмыс істейді. 2025 жылы Қызылорда, Атырау, Абай облыстарында жаңа «Достық үйлерінің» құрылысы басталды.

«Жомарт жан» қайырымдылық орталығы, «Жеңіс — бірлікте» спорттық алаңы және «Елтану» жобасы белсенді түрде дамып келеді. Биыл «Жомарт жан» орталығының меценаттары 35 мың азаматқа 305 миллион теңге көлемінде көмек көрсетті.

Ғылым мен білімді дамыту мақсатында жоғары оқу орындарында Ассамблеяның 42 кафедрасы жұмыс істейді. 360 сарапшыны біріктіретін Ғылыми-сараптамалық кеңес пен Жас ғалымдар клубы зерттеу қызметін жандандырып жатыр.

Елімізде 11 тілде 50-ден астам газет пен журнал жарық көреді. Алғаш рет Қазақстанның 14 жоғары оқу орнында оқу бағдарламасына «Этносаяси сауаттылық» курсы енгізілді. Қазақстан халқы Ассамблеясының журналистер клубы 500-ге жуық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен медиа саласының мамандарын біріктіреді.

170-тен астам ансамбльді қамтитын Ассамблеяның шығармашылық ұжымдары қауымдастығы құрылды. Сонымен қатар, 4 этноконфессиялық театр жұмыс істейді және мәдени іс-шаралардың бірыңғай күнтізбесі жүзеге асырылды.

2023 жылы әдебиет, журналистика, мәдениет және өнер саласындағы жетістіктер үшін арнайы сыйлықтар тағайындалды. Сондай-ақ, жалпыұлттық бірлікті нығайтуға қосқан айрықша үлесі үшін «Ел бірлігі» орденімен марапаттау тәртібі бекітілді.

Қазақстанның этносаралық келісім тәжірибесі халықаралық аренада жоғары бағаланды. Қазақстан халқы Ассамблеясы жанында еліміздің бейбітшілік моделін шетелде ілгерілетуге бағытталған Халық дипломатиясы орталығы және Достық елшілер корпусы жұмыс істейді.

«Ассамблея жастары» ұйымы ЮНЕСКО мен Еуропа Кеңесінің халықаралық жастар құрылымдарына мүше болып, өз бастамаларын Париждегі ЮНЕСКО штаб-пәтерінде таныстырды.

Қазақстан қоғамдағы келісім мен бірлікке негізделген, өзара құрмет, көпмәдениеттілік және төзімділік қағидаттарына сүйенетін бірегей үлгі қалыптастырды. Бұл үлгі мемлекеттің тұрақтылығы мен тұрақты дамуының негізгі факторларының біріне айналды.

Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы биылғы маңызды оқиғалардың бірі болды. Мерейтой аясында 10 мыңнан астам әлеуметтік маңызы бар іс-шара ұйымдастырылып, олар миллионнан астам азаматты қамтыды. Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығын кең көлемде атап өту – дұрыс бағытта жүргізіліп жатқан саясаттың тағы бір дәлелі. Мерейтой аясында 3 миллионнан астам адам қатысқан 10 мыңнан аса әлеуметтік маңызы бар іс-шара өткізілді. Ол этносаралық келісім мен азаматтық бірегейлікті нығайтуға, сондай-ақ волонтерлік қозғалыс пен этномедиация бағытын дамытуға өз үлесін қосып отыр.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You