
Биыл Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен 5 рет инвестициялық штаб отырысы өткізіліп, 31 хаттамалық тапсырма берілді. Хаттамалық тапсырмаларлың орындалу барысы, инвестициялық жобалардың ағымдағы жағдайы облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбектің төрағалығымен өткен инвестициялық штаб отырысында пысықталды.
Инвестициялық штабтың күн тәртібінде үш мәселе қаралды. Жиын барысында инвесторлар осы жылы іске асырылуы жоспарланған инвестициялық жобалардың ағымдағы жағдайы туралы баяндады. Одан бөлек, облыс әкімінің хаттамалық тапсырмаларының орындалу барысы пысықталды. Сонымен қатар биыл іске асырылатын инвестициялық жобалар және өткен жылы шетелдік инвесторлармен жүргізілген келіссөздердің нәтижелері туралы Арыс қаласы және Сарыағаш ауданы әкімдерінің есебі тыңдалды.
Облыс әкімінің орынбасары жауапты басшыларға жаңа жобаларды іске қосу жұмыстарын мерзімінде орындауды, инфрақұрылыммен қамту жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.
– Облыс аумағындағы барлық электр қосалқы станцияларына инвентаризация жүргізіп, бос қуат резервтерін анықтаңыздар. Барлық автоматтандырылған газ үлестіру станцияларының (АГРС) техникалық жай-күйіне толық ревизия жүргізіп, әрбір станцияның жобалық қуаты мен нақты тұтыну көлемі туралы ақпарат беріңіздер. Инфрақұрылым мәселесі толық шешілуі тиіс, – деді Қанат Қайыпбек.
Түркістан облысында биыл да бірқатар инвестжоба қолға алынған. Мәселен, «EURO SANDWICH PANEL» ЖШС Сауран ауданы Шаға ауылдық округінде сэндвич-панельдер өндіру және металл конструкциялар өндіру зауытын салуда. Шардара ауданында «Dos Big Company» ЖШС қонақ үй кешені мен фитнес орталығының құрылысын жүргізуде. Төлеби ауданында «Тауэнерго» ЖШС шағын ГЭС құрылысы жобасын қолға алды. Одан бөлек, «Jasyl qyat» ЖШС-ның шағын ГЭС құрылысы іске асырылуда. Түлкібас ауданында «Майлыкент Ферм» ЖШС тауарлы сүт фермасы жобасын жыл соңына дейін іске қосуды жоспарлап отыр.
Инвестициялық жобалардың сәтті жүзеге асуына әкімдік тарапынан қолдау көрсетіліп, атқырылып жатқан жұмыстар облыс әкімінің тікелей бақылауына алынған.
Түркістан шаһарында 600 жұмыс орнын қамтитын өндірістік парк бой көтеріп жатыр
Осы ретте атап өтерлігі, Түркістан қаласының «Бекзат» шағынауданында 20 гектар аумақта өндірістік парк құрылысы жүзеге асырылуда. Жоба аясында жалпы 26 өндірістік ғимарат салу жоспарланған. Құны 7,6 миллиард теңгені құрайтын жоба 3 кезеңмен іске асуда. Қазіргі таңда алғашқы 5 нысанның құрылысы толық аяқталып, инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген.
Өндірістік аймақта жол құрылысы жүргізіліп, жақын күндері асфальт төсеу басталады. Нысандарды осы жылы 15 мамырға дейін пайдалануға беру жоспарланған.
Өндірістік ғимараттарда жалпы құны 11,8 миллиард теңге болатын 4 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Олар заманауи өлшеу құрылғыларын, құрылыс панельдерін, битум материалдарын, сондай-ақ аккумуляторлар мен электронды схемаларды өндіруге бағытталған. Нәтижесінде 600 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Қазіргі уақытта инвесторлармен келісімдер жасалып, жобаларды өндірістік алаңдарға орналастыру жұмыстары жалғасып жатыр.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
