Түркістан облысында Қытайдың іскерлік және сараптамалық ортасының өкілдерімен маңызды кездесу өтті

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек Қытайдың іскерлік және сараптамалық ортасының өкілдерімен маңызды кездесу өткізді. Делегацияны Қытайдың Дүниежүзілік сауда ұйымын зерттеу қоғамы кеңесінің мүшесі, «Huahe International» халықаралық бизнес-консалтингтік компаниясының негізін қалаушы әрі президенті Лю Чуаньу бастап келді. Кездесуге облыстық басқармалар басшылары, сондай-ақ өнеркәсіп, құрылыс, энергетика және сауда салаларында жұмыс істейтін ірі қытайлық компаниялардың өкілдері қатысты.

Тараптар Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестіктің маңызын атап өтіп, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, инвестициялық ынтымақтастықты нығайту және өзара тиімді жобаларды жүзеге асыру мәселелерін жан-жақты талқылады. Келіссөздер барысында ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, құрылыс материалдарын өндіру, тау-кен өнеркәсібі, өндірістік кооперацияны дамыту және жаңа кәсіпорындар ашу бағыттарында бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктері қарастырылды.

Облыс әкімінің орынбасары өңірдің инвестициялық әлеуетіне тоқталып, инвесторлар үшін жасалған қолайлы жағдайларды атап өтті. Бүгінде Түркістан облысында 21 индустриялық аймақ, шағын өнеркәсіптік парктер және салықтық әрі кедендік жеңілдіктер қарастырылған арнайы экономикалық аймақ табысты жұмыс істеп келеді. Сонымен қатар өңір ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру бойынша республикада жетекші орында және қайта өңдеу өнеркәсібін дамытуға зор мүмкіндікке ие.

– Түркістан облысы – жоғары экономикалық әлеуеті бар стратегиялық өңір. Біз инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетуге және бірлескен жобаларды тиімді іске асыруға дайынбыз, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Өз кезегінде Лю Чуаньу Түркістан өңірінің инвестициялық мүмкіндіктеріне жоғары баға беріп, қытайлық бизнес өкілдерінің Қазақстанмен, соның ішінде Түркістан облысымен ынтымақтастықты кеңейтуге қызығушылығы жоғары екенін жеткізді.

Айта кетейік, «Huahe International» компаниясы 2010 жылы құрылған және Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы инвестициялық әріптестікті дамытуға маманданған. Компания инвестициялық жобаларды сүйемелдеу, нарықтық талдау жүргізу және трансшекаралық ынтымақтастықты дамыту бағытында белсенді жұмыс атқарады.

“Бұл кездесу Түркістан облысының халықаралық экономикалық байланыстарын кеңейтіп, жаңа инвестициялық жобаларды тартуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды”, — дейді сарапшылар.

Инвестиция туралы сөз қозғалғанда Жетісай ауданында шағын және орта бизнесті дамыту бағытында жаңа өндіріс орны іске қосылғанын атап өткен орынды. Жетісай қаласында орналасқан «Жасурбек строй» шағын цехы темір сымнан тоқылған қоршаулар өндірумен айналысады. Кәсіпорын 2026 жылдың наурыз айында кәсіпкердің жеке инвестициясы есебінен ашылған. Өндірістік қуаттылығы тәулігіне 1500 погонометрді құрайды. Қазіргі таңда цехта 2 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Өндіріске қажетті шикізат Шымкент қаласынан жеткізіледі.

Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов жұмыс сапарымен аталған нысанда болып, өндіріс барысымен танысты. Кездесу барысында кәсіпкер Жасурбек Сабиров қазіргі таңда жергілікті тұрғындар мен құрылыс компанияларының тапсырыстары бойынша жұмыс істеп жатқанын жеткізді.

Сондай-ақ кәсіпкер алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайтып, кәсібін кеңейту мақсатында мемлекеттік бағдарламалар аясында жеңілдетілген несие алуға ниетті екенін атап өтті. Аудан әкімі өз кезегінде кәсіпкерге өңдеу өнеркәсібіндегі жобаларды мемлекеттік қолдау мен кәсіпкерлік қызметті реттеу саласындағы заңнамалар аясында қаржыландыру, өндіріске қажетті инфрақұрылымдарды дамыту және мемлекет тарапынан қарастырылған басқа да қолдаулар мен жеңілдіктерді түсіндіріп, пікір алмасты.

Айта кетейік, Жетісай ауданында шағын және орта бизнесті дамыту бойынша мемлекеттік бағдарламалар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңір экономикасының тұрақты дамуына оң әсерін тигізіп жатқанын айта өтейік.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You