![]()
Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылында ұлттық құндылықтар мен рухани мұраны дәріптеуге арналған тағылымды кездесу өтті. «Кентау қалалық Руханият орталығы» КММ ұйымдастырған жүздесу Қазақстан Республикасының Мәдениет және қоғам қайраткері, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Оразкүл Асанғазықызымен «Ұлттық тәрбие – ұлт болашағының негізі» тақырыбында өрбіді.
Кездесудің негізгі мақсаты – ұлттық тәрбиенің қоғамдағы маңызын түсіндіру, жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру, салт-дәстүр мен рухани мұраны дәріптеу және ұлттық болмысты сақтаудың маңызын насихаттау.
Тағылымды жүздесуде ана тілінің мәртебесі, қазақ тілін құрметтеу және күнделікті өмірде қолдану, салт-дәстүрдің тәрбиелік мәні, отбасы құндылықтары, үлкенге құрмет, кішіге ізет, ұрпақ сабақтастығы мен ұлттық сана мәселелері кеңінен сөз болды.
Оразкүл Асанғазықызы өмірлік тәжірибесі мен қоғамдық қызметінде жинақтаған ойларымен бөлісіп, ұлт болашағының тілге, тәрбиеге, ұлттық санаға және отбасындағы өнегеге тікелей байланысты екенін атап өтті. Әсіресе, ана тілінің ұлт болмысын қалыптастырудағы орнына тоқталып, тілді сақтау – халықтың дүниетанымын, тарихын, мәдениеті мен рухани жадын сақтаумен сабақтас екенін жеткізді.
Сонымен қатар жастар тәрбиесі, балаға дұрыс бағыт-бағдар беру, дәстүрді кейінгі ұрпаққа жеткізу және ұлттық құндылықтарды қазіргі қоғам жағдайында дәріптеу мәселелері қозғалды.
Кездесу соңында қатысушылар көкейдегі сауалдарын қойып, тіл, тәрбие, ұлттық құндылықтар мен ұрпақ болашағы жөнінде пікір алмасты.
Мұндай мәдени-рухани кездесулер ұлттық мұраны насихаттап қана қоймай, аға буынның өнегесін кейінгі ұрпаққа жеткізуге, ұлттық сананы нығайтуға және рухани сабақтастықты жалғастыруға мүмкіндік береді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
