
Түркістан облысында жаңа өндіріс орындары ашылады. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен инвестициялық штабтың кезекті отырысында жаңа жобаларды іске асыру барысы талқыланып, түйіткілді мәселелерді шешу жолдары қаралды.
Аймақ басшысы өткен штаб отырысында берілген хаттамалық тапсырмалардың орындалу барысын бақылап, жауапты басшыларға бірқатар тапсырма жүктеді.
– Түркістан өңірінің экономикасын жаңа деңгейге көтеріп, дотациядан шығаруымыз керек. Алдымызда тұрған міндетті аса жауапкершілікпен атқару қажет. Біз әрбір жобаның сәтті жүзеге асуына қолдау көрсетеміз. Кедергілерді шешуге көмек көрсетіңіздер. Мақсатымыз бір – жаңа өндіріс орындарын іске қосу. Жаңа жоба – жаңа жұмыс орны, жаңа табыс көзі. Аталған жобалар іске асып, облысымыздың экономикасының дамуына драйвер болады деп сенемін, – деген Нұралхан Оралбайұлы әрбір жобаны жіті бақылап, жұмысты ширатуды тапсырды.
Жиын барысында облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков инвестициялық жобалардың қазіргі жай-күйін баяндап, қажетті инфрақұрылыммен қамту мәселелеріне тоқталды.
Сауран ауданындағы Шағын өнеркәсіптік аймағында орналасқан «TALIFA» ЖШС-ның кептірілген жемістерді өндіру жобасын іске қосу мақсатында өндірістік ғимараттың құрлысы жүргізілуде. Қазіргі уақытта 30 тоннаға жуық шикізат (кептірілген жүзім) Түркістан қаласына жеткізілген. Кәсіпорын 1 ай көлемінде жұмысын бастамақ. Түркістан қаласының «Turkistan» индустриалды аймағында «Мұнай Инвестмент Групп» ЖШС битум өндіретін зауыт пен битум қоймасын салу жұмыстарын қолға алды. Қазіргі уақытта қажетті 5 шақырым теміржол желісін жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Шардара ауданында орналасқан «Казкрахмал» ЖШС тарапынан жүгеріні терең өңдеу зауыты жобасы іске асырылып жатыр. Бүгінде жүгері дәнін егуге 400 гектар жер учаскесі қарастырылуда. Одан бөлек, тау-кен металлургия кешеніне арналған ауыр жабдықтар өндіретін зауытты, жиһаз фабрикасын, ет комбинатын, бу қазандықтарын құрастыратын зауытты қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселелері қозғалды.
Айта кетейік, Түркістан облысы экономикасының дамуына тың серпін беретін және 2025-2028 жылдары жүзеге асырылатын 110 инвестициялық жоба пулы қалыптастырылды. Биыл 322 миллиард теңгеге 57 инвестициялық жобаны іске қосып, 6908 жұмыс орнын құру жоспарланған.
Инвестиция демекші, бүгін Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров кезекті рет шетелдік инвесторларды қабылдады. Қытайдың Шанхай аймағынан келген делегация өкілдеріне Түркістан облысының өндірістік және инвестициялық әлеуеті таныстырылды.
– Тарихи Түркістанға қош келдіңіздер. Биыл Шанхай қаласында Түркістан облысының туристік әлеуетін таныстыратын ақпараттық кеңсе ашуға қолдау білдіргендеріңіз үшін алғысымызды айтамыз. Бұл – өңір туризмі үшін маңызды қадам. Сіздермен өндірістің сан саласында әріптестік орнатуға дайынбыз. Облыста индустриалды аймақтар, өндірістік парктер, арнайы экономикалық аймақ бар. Ауыл шаруашылығынан бөлек өндіріс, туризм және өзге де бағыттар бойынша бірлесе жұмыс істеуге ниеттіміз, – деді Нұралхан Көшеров.
Шанхайлық делегация өкілдері мен ірі кәсіпкерлері Түркістан өңіріне қызығушылық жоғары екенін айта келе, жобаларды талқылауға дайын екендерін жеткізді. Олар Түркістан облысының туристік орындары туралы Қытайда ақпараттық-насихаттық жұмыстарын жүргізбек. Сонымен бірге инвесторлар алманы терең өңдеп, Еуропаға экспорттау, ұн және наубайхана шаруашылығын дамытып, өз елдеріне экспорттау, түсті металдарды терең өңдеу, киім тоқу саласы бойынша да өндіріс орындарын ашып, бірлесе жұмыс істеуге мүмкіндіктері бар екендерін айтты.
Қос тарап аталған ұсыныстарды зерделеп, тиісті келіссөздерді жалғастыруға уағдаласты. Түркістан өңірінде инвестициялық ахуалды жақсарту және жаңа өндіріс орындарын ашу жұмыстары жалғаса береді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
