![]()
Шымкент қаласы әкімдігінде азаматтарды қабылдау ұйымдастырылып, тұрғындардың әлеуметтік және тұрмыстық мәселелерге қатысты өтініштері қаралды. Қабылдау барысында қала тұрғындары баспана, жер қатынастары, білім беру, денсаулық сақтау, қалалық инфрақұрылымды дамыту және абаттандыру бағыттарындағы өзекті мәселелерді көтерді.
Әрбір өтініш иесінің жағдайы жеке қаралып, айтылған мәселелерге қатысты тиісті түсініктемелер берілді. Сонымен қатар, қосымша зерделеуді және бірнеше сала мамандарының қатысуын қажет ететін өтініштер назарға алынды. Мұндай мәселелер бойынша жауапты орындаушылар белгіленіп, оларды шешу жолдары мен алдағы атқарылатын жұмыстар айқындалды.
Қабылдау қорытындысы бойынша қала әкімі Ғабит Сыздықбеков басқарма басшылары мен аудан әкімдеріне тұрғындар көтерген мәселелерді үстірт қарастырмай, жан-жақты зерделеуді тапсырды. Әрбір өтініштің мазмұнына қарай заңнама аясында тиісті шаралар қабылдап, шешімін табу бағытында нақты ұсыныстар әзірлеу қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ жауапты мекемелердің жұмысын үйлестіруге, мәселелерді шешу барысын бақылауда ұстауға назар аударды.
Қала басшысы азаматтардың өтініштерін қарау кезінде белгіленген мерзімдердің қатаң сақталуы керектігін ескертті. Тұрғындарға тек ресми жауап берумен шектелмей, өтініштің қаралу барысы мен қабылданған шешім туралы толық әрі түсінікті ақпарат ұсыну маңызды. Осы ретте халықпен тұрақты кері байланыс орнатып, әрбір мәселенің орындалу нәтижесін бақылау міндеті қойылды.
Жалпы, бір күн ішінде қала әкімі, аудан әкімдері мен қалалық басқарма басшылары 150-ден астам азаматты қабылдады. Бұл жұмыс тұрғындардың ұсыныс-пікірлері мен талап-тілектерін тікелей тыңдауға, жергілікті деңгейде шешілуі тиіс мәселелерді анықтауға мүмкіндік береді.
“Азаматтарды жеке қабылдау – тұрғындар мен мемлекеттік органдар арасындағы байланысты нығайтудың маңызды тетіктерінің бірі. Сондықтан қалада өтініштермен жұмыс жүргізу жүйелі түрде жалғасады. Келіп түскен әрбір өтініш жеке қаралып, оның нәтижесі туралы өтініш иесіне уақтылы ақпарат беріледі”, — дейді шаһар басшысы Ғабит Сыздықбеков.
“ANYQ.KZ”-ақпарат.
