Шымкент қаласының әкімі Республика күніне орай 100 метрлік ту тұғырына Мемлекеттік туды көтеру рәсіміне қатысты

Loading

Шымкентте Республика күніне орай биіктігі 100 метрлік ту тұғырына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтеру салтанатты рәсімі өтті. Тағылымды іс-шараға Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, қала тұрғындары, қоғам өкілдері мен жастар қатысты.

Мемлекеттік рәмізді биікке көтеру рәсімі ел егемендігі мен тәуелсіздігінің қадір-қасиетін айшықтаған маңызды патриоттық шараға айналды. Салтанатты сәтке жиналған қауым көк байрағымыздың тұғырға көтерілуін тамашалап, ұлттық рәмізге деген құрметін білдірді.

Мемлекеттік ту – Қазақстанның тәуелсіздігі мен егемендігінің, ел бірлігі мен тұтастығының айқын нышаны. Сонымен қатар ол халқымыздың тарихи мұрасын, ортақ құндылықтарын және болашақ алдындағы жауапкершілігін бейнелейді. Көк байрағымыздың биікте желбіреуі әрбір азаматтың туған жерге деген сүйіспеншілігі мен Отан алдындағы борышын терең сезінуіне үндейді.

Биыл Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияның қабылданғанына 36 жыл толып отыр. 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған тарихи құжат еліміздің тәуелсіздікке бастар жолындағы шешуші кезеңдердің бірі болды. Декларация Қазақстанның мемлекеттік дербестігін айқындап, ұлттық мемлекеттіліктің қалыптасуы мен нығаюына негіз қалады. Осы тарихи оқиғаға байланысты 25 қазан Республика күні ретінде қайта жаңғырып, ұлттық мереке мәртебесіне ие болды.

Бүгінде Республика күні – ел тарихына тағзым етіп, егемендіктің мәні мен маңызын терең түсінуге мүмкіндік беретін ерекше мереке. Ол азаматтарды ортақ мақсат пен құндылықтар төңірегіне топтастырып, қоғамдық келісім мен бірлікті нығайтудың маңызын айқындайды.

Сондай-ақ бұл күн әрбір қазақстандыққа елдің өркендеуі мен болашағы жолында жеке жауапкершіліктің маңызды екенін еске салады. Өйткені мемлекеттің дамуы мен жетістігі – барша азаматтың бірлескен еңбегінің нәтижесі. Шымкентте өткен салтанатты рәсім де өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік рухты қалыптастырып, мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттыруға бағытталған.

“ANYQ.KZ”-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You