
Аудан әкімі аппаратының басшысы Фазылбек Әуеннің төрағалығымен ауданға инвестор тарту мәселелері бойынша жиын өтті. Жиынға ауылдық округ әкімдері, кәсіпкерлер және тиісті сала мамандары қатысты.
Кездесу барысында ауданның инвестициялық әлеуетін арттыру, кәсіпкерлікті дамыту, сондай-ақ экономиканың басым бағыттары бойынша инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері қаралды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы, қайта өңдеу өнеркәсібі және шағын және орта бизнесті дамыту бағыттарында атқарылатын жұмыстар талқыланды.Жиында инвесторлар үшін қолайлы жағдай қалыптастыру, инфрақұрылымдық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану және мемлекеттік қолдау шараларын кеңінен қолданудың маңыздылығы айтылды.
Сонымен қатар, ауылдық округ әкімдеріне өз аумақтарындағы инвестициялық жобаларды нақтылап, әлеуетті инвесторлармен жүйелі жұмыс жүргізу жөнінде тапсырмалар берді. Аталған жиын аудан экономикасының тұрақты дамуына, жаңа жұмыс орындарын ашуға және инвестициялық белсенділікті арттыруға бағытталған.
Атап өту керек, Бәйдібек ауданында биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша экономиканың негізгі салаларында оң серпін байқалады. Әсіресе, аудандағы егін шаруашылығының әлеуеті өте жоғары: облыс бойынша егілген 282 мың гектар масақты дақылдардың 23 пайызы немесе 65 мың гектары дәл осы Бәйдібек ауданына тиесілі.
Биыл шаруаларды қолдау мақсатында 6 547 тонна жеңілдетілген жанар-жағармай бөлінді. 10,6 мың тонна минералды тыңайтқыш жеткізілді. 40 жоба жеңілдетілген несие арқылы қаржыландырылды.
Су үнемдеу – заман талабы. Аудан аумағындағы 105 мың гектар егістік жердің өнімділігін арттыру үшін су үнемдеу технологияларына басымдық берілуде. Су үнемдеу технологиясы енгізілген алқап биыл 2 459 гектарға жетті.
Тағы бір жақсы жаңалық, құрылысы жүріп жатқан «Бәйдібек ата» су қоймасынан тартылатын 21 шақырымдық канал 1261 гектар суармалы жердің жағдайын жақсартады. Сондай-ақ, 618 гектар жайылымдық жерді суармалы алқапқа айналдыру бағытында тиісті жұмыстар атқарылуда.
Ауданда жайылым мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. 2025 жылға жоспарланған 13 000 гектар жердің орнына қазірдің өзінде 14 508 гектар жайылым жер мемлекетке қайтарылып отыр.
Бәйдібек ауданы бүгінде тек аграрлық аймақ емес, өндірісі мен жаңартылған энергия көздері қатар дамыған, инвестициялық тартымдылығы жоғары өңірге айналып келеді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
